• RUB:
    6.66
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.91
Басты сайтқа өту
Байқау Бүгін, 07:55

Қажы­баев – «Үздік актер»

20 рет
көрсетілді

Қытайдың Чунцин қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) елдері халықаралық кинофестивалінің сал­­та­­натты жабылу рәсімі өтті. Биылғы фестивальға қа­ты­­су­шы­ мемлекеттер екі толықметражды фильмнен ұсынып, негіз­гі «Алтын камелия» байқау бағдарламасына қатысты.

«Үздік актер» аталымы қа­зақ актері Бақыт Қажы­баевқа «Набат операциясы» филь­мін­дегі басты рөлі үшін берілді.

Актердің айтуынша, бұл – тек өзінің ғана емес, фильмге жан-тәнімен еңбек сіңірген бүкіл шығармашылық топтың жеңісі. Ол шынайы оқиғаға негізделген бұл хикаяны жүзеге асырудың маңызын атап өтіп, көрерменге алғыс білдірді.

Айта кетейік, «Набат опе­ра­циясы» фильмі 1992 жылы елімізде болған шы­найы оқи­ғаға негізделген. Авто­бус­тағы 30 адамды кепілге алған лаң­кестерге қарсы құқық қор­ғау органдарының арнайы операциясы адам шығынынсыз аяқталады.

Фильм Ш.Айманов атын­­да­ғы «Қазақфильм» киносту­дия­сында Мәдениет және ақпа­рат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген.

Байқауға ұсынылған екін­ші қазақ туындысы – режиссер Дархан Төлегеновтің «Ағайын­­дылар» драмасы. Бұл фильм бұған дейін 15-тен астам ха­лықаралық мара­патқа ие бол­­ған, оның ішінде «Oldenburg» ха­лық­аралық кино­фестивалін­де «Spirit of Cinema Award» үлдесі бар.

Биыл қазақ киносы фести­валь­дың фокус-секциясына ұсы­нылып, «Ағайындылар» фильмі арнайы бағдарлама аясында­ көрсетілді. Байқау ­бағ­дар­ла­масын ШЫҰ елдері­нің таны­мал кинематограф­тары, тоғыз адамнан құралған халықаралық қазылар алқасы бағалады.

Фестиваль аясында кино­нарық ұйымдастырылды. Қазақ­станның ұлттық стендінде Ұлттық киноны қолдау орта­лығы мен Ш.Айманов атын­дағы «Қазақфильм» кино­сту­диясының негізгі киножобалары ұсынылды. Онда 25-тен астам көркем, деректі және ани­мациялық фильмнің трей­лер­лері көрсетілді.

Чунциндегі ШЫҰ халық­ара­лық кинофестивалі гума­ни­тарлық байланысты нығай­туға, тәжірибе алмасуға, ұлт­тық киноөндірісті дамытуға арналған маңызды мәдени алаңға айналды.