• RUB:
    6.64
  • USD:
    518.97
  • EUR:
    607.3
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 19:00

Алматыдағы бірқатар нысан мемлекет меншігіне қайтарылады

20 рет
көрсетілді

Алматы қаласының мемлекеттік активтер басқармасы қала аумағындағы бірнеше әлеуметтік нысанды мемлекеттік меншікке қайтару бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы басқарма басшысының орынбасары Жантөре Айтжанов мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Оның айтуынша, 2002 жылдан бастап 11 жеке меншік және арнаулы орта білім беру мекемесіне – «Ақ ниет», «Элко», «Лидер», «Арай», «Магистр», «Сенім», «Кәсіпкерлер мектебі», «Көгілдір желкен», «Теремок», «Айгерім» және Алматы менеджмент және сервис колледжіне 10 балабақша мен бір комбинаттың ғимараты жалға берілген.

2020 жылдың мамырында қала әкімдігі аталған нысандарды жеке ұйымдардан біртіндеп қайтару туралы шешім қабылдаған болатын. Ал 2023 жылғы маусымда «Арай» мен «Сенім» мекемелеріне ғимараттарды босату туралы ресми хабарлама жіберіліп, шілде айында жалға алу шарттары тоқтатылған. Дегенмен екі ұйым да нысандарды босатудан бас тартқан.

«Алматы қаласының Мемлекеттік активтер басқармасы Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз беріп, сот талапты қанағаттандырды. Соттың шешіміне қарамастан, «Арай» мен «Сенім» мекемесінің қызметкерлері бұл нысандарда әлі отыр. Алматыдағы Әділет департаментіне оларды мәжбүрлеп шығару материалы тапсырылды. «Арай» мекемесі ғимаратты 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін босатуды кейінге шегеруін сұрағанымен, 3 шілдеде өткен сот оған келіскен жоқ. Құқықтық рәсім аясында 2025 жылғы 14 пен 15 шілдеде Алматы қаласының Әділет департаменті жаңағы мекемелерді нысаннан шығара бастамақ», деді Жантөре Айтжанов.

Айта кетейік, бұған дейін де Алматыда құны 2,6 миллиард теңге болатын Баспалар үйі мемлекеттік меншікке қайтарылған болатын.