• RUB:
    6.64
  • USD:
    518.97
  • EUR:
    607.3
Басты сайтқа өту
Тұлға Кеше

Қасиеті мен еңбегі ұрпаққа өнеге

10 рет
көрсетілді

«Сламбек Тілеуқабылұлы­ның жүрегі...» деп басталған суық хабарды ақырына дейін тыңдап үлгермей, біреу тө­бем­нен су құйып жібергендей күй кештім. Жалған дүние-ай! Өзінің шығармашылық деп аталатын ауқымы кең орбитасында халқымыздың рухани, мәдени байлығын арттыруға аянбай тер төгіп, өлшеусіз еңбек сіңір­ген өр тұлғаны өлді деуге қалай қиясың?

 

Әуе кеңістігін дыбыстан да жылдам ұшақпен тілгілейтін әлем­дік әріптестерімнің арасында «Ең қиын да күрделі тапсырманы уақыт ұттырмай алды­мен орындауға міндеттіміз, «мүм­кін емесіне» сәл кейінірек оралармыз» дейтін өте өжет шешім болар еді. Үлкен шығармашылық иесі Сламбек Тәуекелмен өзара іскерлік сәттер сағатында оның мінез-құлқынан осынау әскери ұшқыштарға ғана тән ерекше қасиетті сан рет байқап, тәнті болған едім.

Қоғам дамуының жауапты кезеңінде, өтпелі үдерісі шағында адал адамның еңбегі әрдайым жоғары бағаланады. Сол себепті де, қазақ киносының шежіре-тарихына, өнері мен мәдениетіне айрықша үлес қосқан тау тұлға­лы азаматтың, шынайы кино ше­берінің еңбегі ұрпаққа өнеге, ұлт руханиятына баға жетпес мұра болып қалатынына кәмілмін.

Мына қым-қуыт тіршілікте кеш танысқанымызбен көп түсі­ніскен жаны жайсаң айрықша парасат иесінің – әйгілі өнер қайраткерінің ойлы жүзі, кесек тұлғасы жүрегімде өшпестей мәңгі сақталады.

Алла алдынан жарылқасын, жүзі пейіште шалқысын!

 

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ,

тұңғыш қазақ ғарышкері, Қазақстанның Халық қаһарманы,

Кеңес Одағының батыры, КСРО-ның еңбегі сіңген сынақшы-ұшқышы,

авиация генерал-майоры