• RUB:
    6.64
  • USD:
    518.97
  • EUR:
    607.3
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:37

Бірлікті арттыратын ортақ бастамалар

10 рет
көрсетілді

7 шілдеде Циндао қала­сын­да ШЫҰ-ға мүше мем­ле­кеттердің мәдениет министр­лерінің 22 кеңесі өтті.

Кеңес барысында Қазақстан Республикасының  Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз сөй­­леп, кездесудің жоғары дең­гей­де ұйымдастырылғаны үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар ШЫҰ-ның мәдени диалогті дамытуға және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған халықаралық алаңға айналғанын да атап өтті.

«Мәдениет – бұл тек игі дәстүр емес, болашақты жалғайтын рухани көпір. Біз ортақ бастамаларды неғұрлым белсенді дамытсақ, ШЫҰ мемлекеттерінің рухани бірлігі соғұрлым нығая түседі», деді А.Балаева.

Министр атап өткен маңызды мәдени бастамалардың қатарында ШЫҰ Жастар фестивалі, ШЫҰ Жас көшбасшылар форумы сынды бірқатар жоба бар. Сонымен қатар «ШЫҰ елдерінің рухани киелі орындары» жобасы мен 2024 жылы Алматы қаласында ШЫҰ-ға мүше елдердің музыкалық ұжымдары қатысқан «ШЫҰ Жібек жолы» атты алғашқы халықаралық музыкалық фестиваль ұйымдастырылды.

Алдағы перспективалар бо­йынша министр креативті индустрияны қолдау, туризмді дамыту және мәдениетаралық байланысты кеңейту бағытында ынтымақтастықты жандандыруды ұсынды. Атап айтсақ, ШЫҰ елдерінде өткізілетін, ұлттық қолөнер шеберлері, кілем тоқу, қыш шеберлері мен ою-өрнек өнерінің ұсталары қатысатын көшпелі Қолөнер және сәндік-қолданбалы өнер жәрмеңкесін ұйымдастыруды ұсынды.

Сонымен қатар Аида Балаева «ШЫҰ мәдени мұрасының цифрлық платформасын» құру бастамасын көтерді. Бұл платформа ШЫҰ-ға мүше елдердің виртуалды музейлерін, өнер туындыларын, мәдени нысандар каталогтарын және сала шеберлерінің бейнесабақтарын қамтиды.

Министр Қазақстан бұл бас­тамаларды іске асыруға, сараптамалық және ұйым­дас­ты­рушылық қолдау көрсетуге да­йын екенін жеткізді. Тұжырым­да­ма әзірлеп, алғашқы іс-шараны 2026 жылы Алматы немесе Ұлы даланың рухани астанасы – Түркістан қаласында өткізу тура­лы сөз қозғады.

Кеңес аясында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мәде­ниет министрлері мен Қытай Коммунистік партиясы Орта­лық комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, ҚКП Орта­лық комитеті Саяси бюро­сының мүшесі Ли Шулэйдің ұжымдық кездесуі өтті.

Іс-шара барысында Аида Балаева Қытай Халық Респуб­ли­ка­сының Мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен екіжақты кездесу өткіз­ді. Кездесуде Қазақ­стан мен Қытай арасындағы мә­дени ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Тараптар ынтымақтастықтың жемісті жалғасып келе жатқанын атап өтіп, одан әрі дамуына мүд­делі екенін білдірді.

Сондай-ақ министр Аида Балаева ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаевпен екіжақты кездесу өткізді.

Бұдан бөлек, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өнер және жас­тар әні фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Іс-шараның мақсаты – Шығыс пен Батыс арасындағы мәдени байланыстарды дамыту, ұлттық дәстүрлерді наси­хат­тау және ШЫҰ-ға мүше елдердің достығын нығайту. Аталған фестивальге Қазақстан атынан мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаттары Садраддин Болат пен Рухия Байдүкенова қатысып, өнер көрсетті. Фестивальдің ашылу салтанаты жастар ән кеші форматында өтіп, ШЫҰ елдері мәдениеттерінің әралуандығын көрсетуге арналды.