Тарихи туындылардан тұратын топтамамды 2004 жылдан бері «Рух-Сарай» деген жалпы атпен жариялай бастаған едім. Өстіп, жас оқырманға дерек пен көркемсөзді көркем тілмен үйлестіре әңгімелеу арқылы рухани сіңімді азық ұсынуға ниеттенгенмін. Ізденістерімді жүргізуге қазақтың мыңдаған жылдық тарихынан ХХ ғасырды таңдадым. Өйткені осы жүзжылдықта қазақ ұлтының ғұмырындағы күллі тағдырлы бетбұрыстардың бәрі жасалды.
Осылай халқымызға мемлекеттілігін қалпына келтірудің соны бағытын нұсқаған 1905 жылдан бастап, «зұлымдық империясының» көбесін сөгіп, империя тұншықтырған барлық одақтас республикалардың еңсе көтеруіне түрткі болған 1986 жылғы көтеріліске дейінгі, яғни халқымыздың саяси ояну жолындағы алғашқы қадамдарынан тәуелсіздікке жеткенге дейінгі шежіресін көркемдік тұрғыда бағдарлап зерттеуге кіріскенмін. Сөйтіп, ғасырға ұласқан ұзақ жолдың тарихи тағылымды тұстарынан сомдалып, ғимараттың сүйегін құрап тұтастыратын туындылар тізбегі нобайланды. Сол тізбек жас азаматтарға рухани нәр берерлік танымды шығармалар шоғырын құрады. Бастапқыда бұл рухи-ғимаратым әлденеше сериямен өріледі деп жобалаған едім. Оны ұлттық рухты ұлықтайтын рухани үй сынды бейнеде көргенмін. Рухани үйдің іргетасы, еңсе көтерер негізі туған топырақ болмақ. Сол себепті де «Рух-Сарай» әлемінің іргетасы іспетті алғашқы туындылар шоғырын біріктіретін желі жәй ғана «Топырақ» деп аталды. Бұл сериядан қазақтың мемлекеттілігін қалпына келтіруді тұңғыш рет озық өркениеттік саяси ой деңгейінде пайымдай бастаған кез – ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси тыныс-тіршілік көріністерін бейнелейтін этюдтер орын алады деп жоспарладым.
Ал іргетас үстіне қабырға өрілетіні белгілі, мен оны құрайтын туындыларды «Кереге» деп аталатын серияға топтастырмақ едім. Оған уақыт жағынан ХХ ғасырдың алғашқы үштен бірінде орын алған бетбұрысты өзгерістер жайындағы этюдтер кіреді. Олар жекелеген ұлт қайраткерлерінің ғұмыры мен қызметін арқау ету арқылы бейнеленеді. Керегеге уық бекітіледі, уық шаңырақты көтеріп тұрады. Топтамада бұл қызметті «Уық» сериясы атқарады. Осы сериямен тоталитаризм кезеңінен қазіргі тәуелсіздік баспалдақтарына дейінгі аралықты жалғастыратын шежіре түзіледі. Ал ғимараттың шатыры, шаңырағы – тәуелсіздік белесіндегі рухани күмбез тәрізді серия «Тәж» деген атаумен бедерленеді. Оған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ізденістерді, тәуелсіз ел азаматтарының көзқарасын, ұстанымын көрсететін, оның қалыптасуына арқау болатын этюдтер кіреді. Бұл алдыңғы үш топтаманың қорытындысы іспетті болуы керек. Өстіп, тәуелсіздік азаматы көзқарасының тұғырын қалауға септесуге тиіс «Рух-Сарай» төрт серияға жүйеленген, тұтастай бір ғасырды қамтитын этюдтер дестесі, рухи-ғимарат ретінде бой түзейді деп шешкен едім.
Алайда «Рух-Сарай» жобаланған тұрпатта толық жарық көрмеді. «Топырақ» сериясының бес этюді, «Кереге» сериясының екі этюді төрт кітап болып шығып, алғашқы орыс революциясы жылдарындағы қазақ саяси ойы және оны дамытушы тұлғалар, ұлт-азаттық қозғалысы жайында сыр шертілді. Топтаманың 5-томында «Тәж» сериясымен әр жанрды қамтитын этюдтер шыққан. Өкінішке қарай, тап осы 2012 жылы жарық көрген 5 томнан соң «Рух-Сарайдың» кезекті кітаптары шығарылмай қалды. Нақты себебін, мемлекеттік тапсырыспен бастырудың неге күрт тыйылғанын баспагерім маған ашып айтқан жоқ, өзімнің бұлдырлау тұспалымды есепке алмағанда, осы жәйттің шындығы маған күні бүгінге дейін беймәлім. Мен, әйтеуір, бұл күтпеген кедергіге алаңдамауым керек деп түйдім де, үлкен жобама біршама түзету енгіздім. Топтамамда жарық көрген туындылар тізбегінің бір бөлігін жалғастырып, бүгінде Алаш қозғалысы ретінде кең танымал қазақ ұлт-азаттық қозғалысы тарихына арнайы тоқталуымды, яғни көркемделген Алаш дастанын толықтырып жазуымды қажетсіндім. Осылай он дәптерден тұратын «Алашия» рисәләсі дүниеге келіп, 2018 жылы жеке баспадан үш том болып жарыққа шықты...
Сонымен, «Рух-Сараймен» басталған осынау деректі-көркем, тарихи-танымды туындыма қазақ азаттық қозғалысының тууын, даму барысын және қол жеткізген нәтижесін арқау еттім. Кең көлемді дастан, эпопея тұрпатты «Алашия» атты шығармамда еліміздің елдігі жойылған, империя отары ахуалындағы жай-күйін, халықты жер-судан, ұлттық рухани санадан айыру саясаты дәуірлеген кезеңдегі саяси-әлеуметтік тыныс-тіршілігін, ХХ жүзжылдық бастала туған жалпыреволюциялық қозғалыс толқынында өзге ұлттармен қатар бастан кешкен ояну үдерісін жаңғыртуға тырыстым. Сөйтіп, Алаш қозғалысының бодандықта өмір сүріп жатқан түрк-мұсылман халықтары қозғалысымен бірге өрістеуі барысында, ХІХ ғасырда жоғалтқан мемлекеттілігінің 1917 жылы қайта жаңғыруын көрсетуді, оны жас оқырманға танымды боларлықтай етіп суреттеуді мақсат еттім. Дамуы 1905 жылдан 1917 жылға дейінгі мерзімді – отарлық кезеңнің ақырғы мүшелін қамтитын, империядағы жалпыреволюциялық қозғалыспен, жалпымұсылман қозғалысымен астасқан Алаш қозғалысы сынды осы ерен де ерек құбылысты не себептен бүгінгі дербестігіміздің, мемлекеттік тəуелсіздігіміздің іргетасына балайтынымды жас оқырманыма бейнелеп түсіндіргім келді.
«Алашияны» неліктен рисәлә деген айдар-жанрмен ерекшелегенімді айта кетейін. Рисəлə тұңғыш рет орта ғасырда араб тілінде, өз заманындағы қолданылу ретіне сай – жолдау деген мағынамен өмірге келген де, біртіндеп араб, парсы, түрк қарасөзінің өзіндік жанрының аталымына айналған еді. Осы атаудың түпкі мағынасы ұнағандықтан, өзімнің ойыма алған мақсатыма қызмет етеді деген сеніммен мен оны жанр ретінде жаңғыртуға ниеттендім де, топтамаға рисəлə деген айдар тақтым. Ал рисəлəні құрайтын туындыларды ешқандай əдеби жанрға жіктемей, əр шығарманы бір дәптер, өзінше бір этюд, рисəлəнің бір бөлігі деп санағанды жөн көрдім. Бұлардың қай-қайсысы да қазіргі жаһандандыру үдерісі дәуірінде ұмыттырыла бастаған уақыт тұңғиығынан бүгінгі замандасқа арнайы жолданған жолдау, болашақ өмірге қажет ескертпе іспетті қызмет көрсетеді деп санадым.
ХХ ғасырдың басында ұшқындаған жалпыресейлік революциялық қозғалыспен, империяда тұтанған жалпымұсылмандық қозғалыспен астаса дамыған Алаш ұлт-азаттық қозғалысының тууын жəне оның Алашорда шаңырақ көтергенге дейінгі өрістеуін, тиісінше, қазақ қоғамдық-саяси ойының дамуын көрсететін жеке-жеке бөлімдерге жіктелген тарихи-танымды он дәптерден тұратын «Алашия» рисəлəсі қалың оқырманды ең әуелі 1 360 бетке созылған көлемімен шошыта ма деп ойлаймын. Қалың оқырман түгіл, санаулы әм саналы әдебиет сыншылары да тап сондықтан бұл туындыға беттемей ме деп қорқамын. Қазіргі заман үшін байырғы заманның зілмауыр фолиантындай көрінетін мұндай қалың кітапты оқимын деп уақыт өткізгеннен гөрі, оның азаматтарымызды тарихпен тәрбиелеу тұрғысынан бүгінгі күн үшін өте маңыздылығына, өткен жолымыз бен сол жолдағы жан-тәнімен халыққа қызмет еткен тұлғаларымызды іс-әрекет үстінде танып-білуге жәрдемдесетін танымдылық сипатына үңілгеннен гөрі, бұларға еш мән берместен, «әдебиетімізде елең етерліктей шығарма әлі күнгі жазылмады» дей салу әлдеқайда оңай, әрі мұндай тұжырым, көпшілік оқырман бейтаныс болғандықтан, ешкімнің тарапынан дау да, күдік те туғызбайды. Жоқ дегенге сот та жоқ.
Қалай болғанда да, біз бәрібір «Алашия» түптің түбінде оқырманға оқулық секілді танылады деген үмітімізді үзбейміз. Өйткені оның бүгінгі жас ұрпаққа ата-бабасы ғұмырынан құнды мәлімет беріп, өзін-өзі тануына жәрдемдесетін танытқыш анықтамалық рәуішті құнды туынды екенін білеміз.
Рисәләнің алғашқы дәптерінде 1905 жылы маусымдық Қоянды жəрмеңкесінде патша үкіметі басшысының атына петиция әзірлеу кезіндегі оқиғалармен, оқыған жастармен, танымал тұлғалармен, қазақ даласына отарлық дəуірдің қалай орныққанының тікелей куəгері, бертінде аймақта қарсылық қозғалысына қатысқаны үшін айдалған, бәрібір каторгадан қашып келген Еркіндік қартпен, оның әскермен шайқаста опат болған көтерілісші серігінің баласы жас Өтеміспен, империя орталығы жағынан келген шетін көзқарасты Жасаймен танысамыз. Бұл іс жүзінде біз бүгінде Алаш қозғалысы деп атап жүрген құбылыстың – ұлт азаттығын көксеген жаңа тұрпатты күрестің бастапқы ірі белесі еді. Екінші дәптерде олардың сол дәуірдегі түрк зиялыларымен бірге Нижний Новгородтағы мұсылмандар съезіне қатысуы суреттелген. Ал үшінші дәптерде оларды Қарқаралы өңіріндегі басқарудың жаңа үлгісін аңсаған өзгерістерге, Нілді кенішіндегі жұмысшылар толқуына, Оралдағы тұңғыш қазақ саяси партиясы жиналысына қатысушылар қатарынан көреміз. Сонымен, бұл үш дәптерде қазақ даласының жаңа саяси күрес жолына түсуі, жалпы түркі әлемімен мұраттастығын айқындап, күрес жолдарын белгілеуі, елдікті жаңғыртудағы болашақ саяси құрылым жобаларын түзуі сөз болады.
Бұлардан кейінгі төрт дәптер қазақ қайраткерлерінің парламент жұмысына қатысуына арналған. Халық өкілдерінің империядағы заң шығарушы мекемеге артқан үміті, Бірінші Мемлекеттік дума мінберінен қазақ мәселесінің көтерілуі, ұлт үшін өзекті мәселелердің Екінші Думада қаралуы, Үшінші Думада қазақ қайраткерлері жүргізген парламенттік күрестің тоқырауы туралы әңгімеленеді.
Сегізінші, тоғызыншы, оныншы дәптерлердегі этюдтарға ел мүддесін көздеген зиялылардың Он алтыншы жыл көтерілісіне орай империяның биік орындарындағы, Төртінші Думадағы күрестері, патшаның тақтан түсуіне байланысты туған жаңа саяси мүмкіндіктерді пайдалану мақсатындағы іс-әрекеттер, жалпықазақ құрылтайлары, ұлттық қозғалыстың квинтэссенциясы секілденген жұлдызды сәт – байырғы Қазақ Ордасының заманауи өркениетке сай жаңғыруы іспетті Алаш Ордасының дүниеге келуі арқау болған.
«Алашия» рисәләсінде Ресей патшалығының отарына айналған түрк халықтарының орыс мүддесіне қызмет етіп жүрген озық өкілдері өз ел-жұрттарының мұң-мұқтажын ойлап, мұсылман қозғалысын дамытуға елеулі үлес қосқаны көрсетіледі. Әсіресе империяның орыс емес халықтарын басқару ісіне, Мемлекеттік Думаға отар халықтардан өкілдер сайлаудың заңнамада қарастырылуына белсене атсалысқан генерал Ғұбайдолла Жәңгірханұлы Шыңғысхан, түрк халықтарын ағарту саласындағы жұмыстарға айрықша әсер еткен әйгілі жәдидші Ысмайыл Гаспринский, Алаш қозғалысының әр кезеңінде танылған Әлихан Бөкейхан, Бақытжан Қаратаев, Серәлі Лапин, Жақып Ақбаев, Әлимардан Топчибашев, Әбдірәшит Ибрагимов, Шаһмардан Қосшығұлов, Сәлімгерей Жантөрин, Құтлұмұхамед Тевкелев, Шаһайдар Сыртланов, Тимофей Седельников, Ахмет Бірімжанов, Ильяс Бораганский, Рашид Ибрагимов, Мұстафа Шоқай, Жаһанша Досмұхамедов, Ғаяз Исхаков, Халел Досмұхамедов, Зәки Валидов, Ахмед Цаликов, Көлбай Тоғысовтар нақты іс-әрекет үстінде бейнеленген. Сондай-ақ оқырман рисәлә мәтінінен Ресей империясының ІІ Николай патша, премьер-министр Петр Столыпин, Төртінші Дума төрағасы Михаил Родзянко, Мемлекеттік дума мүшесі, «Еңбекшілдер» фракциясының төрағасы Александр Керенский секілді мемлекет және қоғам қайраткерлерін де, Ресей Республикасын төңкеріс жасап құлатқан, жер-жерде кеңес билігін орнықтыруға кіріскен большевизм көсемдері Владимир Ленин, Иосиф Сталин бейнелерін де кездестіреді. Жалпы «Алашия» ұлттық қозғалыс барысында көрінген көптеген тарихи тұлға хақында оқырманға ұмытылмас мағлұматтар береді.
Қорыта айтқанда, «Алашия» рисəлəсі алғашқы орыс революциясы кезіндегі петиция науқанынан серпінді түрде басталған қазақтың азаттық жолындағы жаңа тұрпатты қозғалысын бейнелейтін дəуірнама болып сомдалды және солай танылады деген үмітімізді үзбейміз. Еліміздің заманауи өркениет палитрасына өзіндік өрнегімен қосылуына апарар жолдың алғашқы баспалдағын бейнелеген тарихи дастан қазіргі таңдағы біздің қыз-жігіттеріміздің патриоттық сезімін арттырып, отаншыл, мемлекетшіл азамат ретінде қалыптасуларына да септесеріне шүбәсіз сенеміз.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы