Байзақ ауданына қарасты Мырзатай ауылында 120 орындық клуб салтанатты жағдайда ашылды. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев ауыл халқының қуанышымен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ресми дерекке сенсек, Байзақ ауданында бүгінде 40-қа жуық мәдениет ошағы бар. Алдағы уақытта Ақжар, Ақшолақ және Базарбай ауылдарында да мәдениет нысандары салынады деп жоспарланған.
«Бірлігі мен ынтымағы жарасқан Мырзатай ауылынан елімізге танымал, қайталанбас өнер иелері шыққан. Сол өнер жолын жаңа ауылдық клубта тәлім алып жатқан жас ұрпақ лайықты жалғастырады деп сенемін. Мемлекет тарапынан да, жергілікті билік тарапынан да мәдениет саласына қолдау толастамайды», деді өңір басшысы құттықтау сөзінде.
Жаңа клубтың құрылысы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, оны «Ник Тараз» ЖШС салған. Жоба құны – 256 млн теңге. Нысанда 6 қызметкер жұмыс істейді. Мұнда ән, би, мәнерлеп оқу үйірмелерімен қатар, «Асыл әжелер» тобы да жұмысын бастады.
Бұған дейін мырзатайлықтар мәдени-танымдық іс-шараларды ауыл әкімдігіне жапсарлас ескі ғимаратта өткізіп келген. Енді тұрғындар заман талабына сай жаңа клубтың ашылғанына дән риза.
«Ауылымызда халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Көшелеріміз жарықтандырылып, жол жөнделді. Медициналық пункт салынып, пайдалануға берілді. Енді, міне, мәдениет үйі де бой көтеріп отыр. Бұған дейін ауылда жеке мәдениет ошағы болмаған еді. Бұл – тұрғындар үшін үлкен қуаныш», дейді ауыл тұрғыны Оразбай Дәлібаев.
Жамбыл облысы,
Байзақ ауданы,
Мырзатай ауылы.