«Домбыра күні» десе, дүркіреп, күркіреп, күй күмбірлеткен «Байжігіт» оркестрі ойға оралады. Ол күні тіпті «Байжігіт» қазақ ұлт аспаптар оркестрі ортада жүреді. Мереке-мейрамдардың сәні ғана емес, бүгінгі жастарға күй құдіретін ұғындырып келе жатқан да солар. «Шығыс күйін» жоқтап, мәселесіне тоқтап жүрген де оркестрдің бас дирижері Шалқар Ырысхан. Атаулы дата қарсаңындағы қарбаласқа қарамастан, Шығыстың белгілі күйшісі Шалқар Ырысханмен аз-маз әңгімелескенбіз.
– Домбырадағы күйдің ең көнесі – Алтай-Тарбағатай. Одан кейінгісі Арқа, Жетісу деп кете береді. Қазір күйдің 12 мектебі бар. Бір өкініштісі, Шығыстың күйшілік өнері терең зерттелмеген, – деп бастаған әңгімесін Шалқар Ырысхан.
Шығыс күйі десе, күйіп-пісіп жүретін де осы – «Байжігіттің» бас дирижері. Сол үшін де ғой, өңірдегі домбыра өнерінің жай-күйін сұрағыштап отырғанымыз. Сұрақтарға тосылған жоқ, ә дегенде әріден бастаған әңгімесін айта жөнелген.
– «Домбыра күні» қарсаңында бірқатар мәселенің де басын шығарайын. Әйтпесе, реті келе бермейді. Жалпы, Шығыс күй өнері қай ғасырдан бастау алып жатқанын білмейміз. Оқығанымыз, тоқығанымыз, Кетбұғаның күйшілік өнері Шығыстан басталады. Көптеген күйдің авторлары ұмыт болғандықтан, халық күйіне айналып кеткен. Бізден шыққан күйлердің көбі көне, қысқа әрі әуезді. Жергілікті жер атауымен, адам тіршілігімен, аң-құсымен байланысты. Мысалы, «Бұлғын сусары» күйі екі аңның ойнақтауын сипаттайды. «Аңшының зары» да сол, – дей бергенінде, дәл осы күйдің шығу тарихына тоқталуын өтіндік.
Шығыс күйлерінің тарихы кітапқа қатталғанымен, әлі де толықтыру керек көрінеді. Онымен түбегейлі айналысатын ғалымдар жоқтың қасы деседі. Бұл туындылардың көнелігін, оның мектебін зерттеп, дәлелдеген Мұрат Әбуғазы болса, бірқатарын сақтап қалуға үлес қосқан ғалым Талиға Бекқожина. Ол сыбызғышы Шанақ Ауғанбаев сынды біртуар Алтай күйшілерінің күйлерін жазып алып, бүгінгі ұрпаққа жеткізген екен.
– Тарихы жазылған бірқатар күй бар. «Аңшының зары» туралы айтар болсам, ағайынды екеу аңға шығыпты. Оның бірі аңды үркітіп, екіншісі айлаға басып, аң терісін жамылып алған. Сол кезде жауын жауып, ықтап кеткен інісі тері жамылған ағасын аң екен деп атып тастапты. Сол қаралы хабарды жеңгесіне жеткізе алмай дал болады. Осы оқиғаны күймен баяндаған біздің бабаларымыз неткен текті еді. Сол секілді, Кетбұғаның «Ақсақ құлан» күйі де елге белгілі. Жошыханның ұлы аң аулап жүріп, мерт болады. Сонда хан кім баламның қазасын хабарласа, соның аузына қорғасын құямын дегенін білесіздер. Қаралы хабарды Кетбұға домбырамен жеткізіп, домбыраға қорғасын құйылған. Ханның көрегендігін, тереңдігін де байқауға болады мұнда. Ол туралы Әмен Қайдаров түсірген мультфильм бар. Сол секілді күйді анимациялық жанрда да насихаттауымыз керек, – дейді Шалқар Ырысхан.
Күйшілердің көбі ендігі кезекте Шығыс күйінің шығу тарихын, мән-мағынасын зерттеу керегін айтады. Айтқандай, Кетбұғадан кейін, ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Байжігіт бабаны ғана біледі ел. Ал сол екі ортадағы күйшілер беймәлім. Ашығын айтсақ, «Шығыстың күйі» енді-енді оркестрде орындалып, жекелеген күйшілер насихаттап жатыр. Сол Қайрақбайдың, Байжігіттің күйлері ел ішіне енді-енді таралып жатыр. Мағынасына үңілсек, жергілікті халықтың мәдениетіне, тұрмыс-тіршілігіне, жер-суына қарай күй туындап отырған.
– Шығыстың күйшілік орындау мектебі – «Алтай-Тарбағатай» деп аталады. Мысалы, Моңғолия жақтың күй өнері бізге ұқсас, сабақтасып жатқандай. Қытайдың Алтай, Тарбағатай, Іле күйшілері өзінше ерекше. Абай облысының Шұбартау өңірінің туындылары Шығыстың күй өнеріне жатады. Сыбызғы, жетіген Шығыста кезінде көп насихатталған. Ертеде үш ішекті домбыра да бар еді. Қазір оқу орындарында үш ішекті домбыра кафедрасы ашылып жатыр. Қарап отырсақ, күйдің ауқымы кең. Бірақ насихат аз, – деп қынжылады Ш.Ырысхан.
Байқасақ, күмбірлеген домбырада көмеймен айтылатын көне сарын да бар. Ол бір ерекшелік десек, екіншіден, Шығыс күйлері кез келген ұлттық аспапта орындала береді.
Қазіргі таңда Өскеменде күй өнері «Сырлы саз» жобасымен балабақшада да сіңіріліп жатыр. Өйткені ұлттық құндылықты бала сезінбесе, Батыстан батпандап кіріп жатқан музыканы сіңіріп алуымыз әбден мүмкін. Ара-тұра әңгімеге араласып отырған күйшілердің пікірінше, күй орындалмас бұрын қысқаша тарихы айтылуға тиіс екен. Ойын-сауықтың мәнісі де сол деседі.
– Ылғи айтатыным, «елдің тарихы өзгергенімен, күйдің тарихы өзгермейді». Бір қуанатыным, оқуын аяқтап жатқан жастар «Шығыс күйлерін» дипломдық жұмыс ретінде алып жатыр. Тың тақырып, зерттелмеген. Тағы бір ұсыныс, Шығыс күйлерін өңдеп-жөндеп дайындап беруіміз керек. Мәселен, Малғаждар Әубәкіров «Аңшы зарын» өңдеді. Қазір қалай, әне? Ұлттық өнерді насихаттау үшін мәжбүрлеу де керек. Себебі кейбір зиялы қауым өкілдері күй құдіретін ұғына алмайды. Бұрын аристократтық өнер еді. Қазір қандай да шара басталмас бұрын есіктің алдына күйшілерді тізіп қояды. Шындығында, домбыраның, күйдің орны – төр. Сондықтан да ғой, «Шығыстың күйі жетім қыздың күйін кешіп жүр» дейтінім. Ғасырлармен жасап келе жатқан домбыраны, бір күнмен ғана шектемеуіміз керек. Күнде насихатталуы керек. Ал «Домбыра күні» деп белгіленгені өте дұрыс, – дейді Шалқар Ырысхан.
Иә, тарихы тереңде жатқан Шығыс өңірінен шығып келе жатқан дәулескер күйшілер аз емес. Атап айтсақ, Естай Матабаев, Ерасыл Ринатов, Арна Батиханов сынды өнерпаздар елдің руханиятын өрге сүйреп жүр.
Шығыс Қазақстан облысы