• RUB:
    6.6
  • USD:
    519.51
  • EUR:
    611.83
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 08:40

Алена Узева: Қазақ тілі – болмысымның ажырамас бөлігі

40 рет
көрсетілді

6–8 шілдеде Алматыдағы Олимпиадалық даярлық орталығында алғаш рет «Alatau 2025» халықаралық турнирі өтпек. Бұл спортты, саламатты өмір салтын және ұлттар арасындағы достықты дәріптейтін бірден бір іс-шара. Турнирге елімізден және шетелдерден жүздеген әуесқой мен Master санатындағы спортшылар қатысады. Осы жарыс қатысушыларының бірі белгілі спорт комментаторы, жеңіл атлетика жанашыры және қазақ тілінің насихатшысы Алена Узевамен сұхбаттасқан едік.

– Алена, көпшілік сізді жеңіл атлет ретінде ғана емес, қазақ тілінде еркін сөйлейтін тележүргізуші деп те жақсы таниды. Спортты таңдауға не себеп болды?

– Спортқа деген махаббатым бала кезімнен оянды. Ауыл баласы болған соң, табиғатпен етене жақын өмір сүрдік, жүгіріп, секіріп өстік. Бірақ жеңіл атлетикаға кәсіби түрде бет бұ­руым үш жыл бұрын басталды. Осы аз ғана уақыт ішінде еліміздің түкпір-түкпі­ріндегі жарыстарға қатыстым. Әсі­ресе «Masters Kazakhstan» федерациясы ұйым­дастыратын турнирлер өмірімде ерекше орын алады. Тіпті Берлин марафо­нына да қатысу бақыты бұйырды. Бұл тек спорт емес, шынайы ерік-жігердің, мақсаткерліктің мектебі дер едім.

– Сіз Қарағанды облысындағы Ағадыр кентінің тумасысыз. Қазақ тілін жетік меңгеруіңіз де көпшілікті таңғалдырады. Мемлекеттік тілді мең­геру спорттағы жолыңызға қалай әсер етті?

– Иә, мен қазақ мектебінде оқыдым. Қазақ тілі – жанымның, болмы­сымның ажырамас бөлігі. Қазір Алма­тыда тұра­мын. Әртүрлі спорттық іс-шара­ларды, марафондарды қазақ тілінде жүргізу мен үшін үлкен мәрте­бе әрі жауапкершілік. Қазақ тілі арқылы көрерменмен, спортшылармен тереңі­рек байланыс орната аламын. Бұл – ұлттық болмыс пен заманауи спортты ұштастырудың тамаша үлгісі.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– Қазіргі таңда Naiza ММА-про­моушен жобасында жүргізуші болып еңбек етемін. Сонымен қатар жеңіл атлетика бойынша түрлі марафондарды тікелей эфирде қазақ және орыс тілдерінде жүргіземін. Бұл мен үшін тек жұмыс емес, үлкен миссия. Себебі спорт – адамдарды біріктіретін күш. Әр эфирде халықтар арасындағы достықты, өзара түсіністікті дәріптеймін. Бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясының да басты мақсаттарының бірі.

– Спортта шекара, ұлтқа бөліну болмайды. Сіздің де осы саладан тап­қан құрбыларыңыз көп екенін білеміз.

– Дұрыс айтасыз, әр жарыс – өз алдына бір тарих. Жаңа адамдармен танысу, түрлі ұлттардың мәдениетін сезіну – нағыз шабыт көзі. Бізде спорт әрдайым достықтың, ынтымақтастықтың рәмізі. Міне, осы тұрғыдан алғанда, «Alatau 2025» халықаралық турнирі бірегей алаң. Мұнда тек спортшылар ғана емес, әртүрлі этностардың өкілдері де бір мақсатпен бірлік пен даму жолында бірігеді. Бұл – Ассамблеяның ұстанымдарын спорт алаңында жүзеге асырудың нақты көрінісі.

– «Alatau 2025» турниріне қатыса-тын спортшылар мен жанкүйерлерге қандай тілегіңіз бар?

– Бұл жай турнир емес, спорт арқылы жүректерді біріктіретін үлкен мереке. Сондықтан барлық қатысушыға сәттілік тілеймін. Өз мүмкіндіктеріңізді толық ашып, әр сәттен ләззат алуға тырысыңыздар. Ал көрермендерге айтарым: 6–8 шілде күндері Алматыдағы Олимпиадалық даярлық орталығына келіңіздер. Қатысушыларды қолдап, спорт рухын бірге сезінейік. Бұл біздің бірлігіміздің, мәдениетіміздің және спортқа деген махаббатымыздың жарқын көрінісі.

– Әңгімеңізге алғыс білдіреміз. Спорттағы және қоғамдық жұмы­сыңызға тек сәттілік тілейміз!

 

Әңгімелескен –

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»