Семейдегі тарихи-өлкетану музейінде талай тұлғалар өз қолымен өткізген мұралар сақтаулы тұр. Оның ішінде ХХ ғасырдың басындағы қазақ мәдениетінің қос қарлығашы, семинарист Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтар да бар.
Абай еліндегі өлкетану музейінің құнды жәдігерлерінің бірі – ХІХ ғасырға тиесілі ат әбзелдерінің жиынтығы. Мұны 1912 жылы музей қорына сыйға тапсырған Нұрғали Құлжанов (Инвентарлы нөмірі – 449, этн 94).
Біріншісі – жүген. Өзегі былғарыдан түйілген. Тысы қызыл күрең барқытпен қапталып, түрлі-түсті жібекпен кестеленген. Ұштары күміс пластиналармен әшекейленген, бетін ұсақ көгілдір ақықпен (бирюза) көмкерген.
Екіншісі – құйысқан. Оның да беті қызыл күрең барқытпен қапталып, түрлі-түсті жіптермен әдіптелген. Екіге айқасқан тұсы күміспен күптеліп, сырты ұсақ ақықпен көмкерілген. Құйысқанның ұзындығы – 69 см.
Үшіншісі – құйысқан үзбесі. Бұл әбзелдің орта тұсы доғал, күмістен жасалған үлкен пластина. Оның беті ұсақ ақықпен көмкерілген. Пластинаның екі жағына төрт баудан сегіз бау жіберілген. Баудың ұштары күміспен шашақталған. Үзбенің ұзындығы – 16,3 см.
Төртіншісі – өмілдірік. Ол да былғарыдан жасалған, беті барқытпен тысталып, түрлі түсті жіппен кестеленген. Шашақ түптері күміс пластиналармен қапталған, сондай-ақ ол да айналдыра ақықпен әшекейленген. Өмілдіріктің өлшемі – 62 см.
Абай облысы