Tasqyn ақпараттық жүйесі биыл 14 наурыз бен 18 сәуір аралығында Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, яғни 10 облыс бойынша су тасқыны жағдайын болжап, модельдеді. Бұл ретте жүйе Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы нақты су басқан 16 елді мекеннің 9-ына алдын ала болжам жасады, деп жазады Egemen.kz.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимовтың айтуынша болжамдардың дәлдігін арттыру және Tasqyn жүйесін қамтуды кеңейту үшін уәкілетті мемлекеттік органдар оны одан әрі дамыту үшін ұсыныстар әзірледі.
«Цифрлық жер бедерінің анықтығын арттыру, гидрологиялық модельді жетілдіру және бейімдеу, жүйені жаңғыртуға бағытталған іс-шаралар енгізілген Жол картасының жобасы әзірленді. Tasqyn ақпараттық жүйесін жетілдіру жұмысы тұрақты негізде жүргізіліп жатыр және алдағы уақытта да жалғасын табады», деді А.Абдраимов.
Сала министрлігінің мәліметінше Tasqyn жүйесі тасқын суды модельдеу кезінде өзендердегі болжамды су шығыны мен деңгейін, қоймалардан су жіберу көлемін, жер бедерінің цифрлық модельдерін және батиметриялық түсірілім деректерін пайдаланады. Су ресурстары және ирригация министрлігі су тасқыны кезінде күн сайын ақпараттық жүйеге деректерді енгізу және жаңарту арқылы су қоймаларының жай-күйіне мониторинг жүргізді. Сондай-ақ ведомство шекара маңындағы елдермен өзара іс-қимыл жасап, ТЖМ мен оның аумақтық бөлімшелерін төтенше жағдайлардың туындау қаупі туралы уақтылы хабардар етіп отырды.