Батыс Қазақстан облысында кейінгі екі жылда 65 ауылға таза ауызсу жеткізіліп, жалпы сомасы 12,0 млрд теңгеге 60 жоба жүзеге асқан. Осы жұмыстың нәтижесінде 9 мың тұрғын таза ауызсу тұтынатын болды.
Жәнібек ауданы Орал қаласынан 500 шақырым шалғай жатыр. Биыл 3 маусымда Қамысты ауылындағы ауызсу мұнарасы құлап қалған еді. Округте аяқ астынан ауызсу беру тоқтап, төтенше жағдай жарияланды. Аудан басшылығы тез уақытта мәселені қолға алып, жаңа су мұнарасын орнатып, 29 маусымда тұрғындарға ауызсу берілді.
Қамысты ауылдық округінің әкімі Оралбек Кенхановтың айтуынша, уақытша қиындық туған кезде ауыл тұрғындары сабырлық сақтап, түсіністік танытты. Аудан әкімі Тимур Шиниязов, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Рустам Аманғалиев ауыл тұрғындарымен кездесіп, жағдайды бақылауға алды.
– Жәнібек ауданында 9 ауылдық округ, 18 елді мекен бар. Онда тұрып жатқан 13 960 адамды сапалы ауызсумен қамту – басты мақсатымыздың бірі. Бүгінде халықтың 98,5%-ы таза су тұтынып отыр, – дейді Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов.
Ауданда Жәнібек, Ұзынкөл, Еңбекші ауылдары ауызсуды Орда топтық су құбырынан алса, Талов елді мекеніне құбыр жер үсті су қоймасынан тартылған. Тау, Борсы, Майтүбек, Қамысты, Тегісшіл, Жақсыбай, Ақоба, Жасқайрат ауылдары таза суды жер астынан скважина арқылы алып отыр. Өнеге, Жұмаев, Көлтабан, Құрсай ауылдарына тіршілік нәрі блок модульді кешен арқылы жетеді. Жігер мен Ақадыр ауылы тұрғындары ауызсуды құдықтан алады.
– Биыл Тау, Борсы, Жасқайрат ауылдарындағы ауызсу құбырын жаңғырттық. Бұған мемлекеттік бюджеттен 929 млн теңге бөлінді. Қазір Жақсыбай мен Ақоба ауылдарындағы ауызсу құбырын жаңғырту жұмысы басталды. Өнеге, Жұмаев, Көлтабан, Құрсай елді мекендердегі блок модульді кешендерін де биыл жөндеуді жоспарлап қойдық, – дейді М.Бисенов.
Ауданда тұрғындардың жеке бау-бақшасын суаруға қажетті судың жайы да ойластырылған. Айталық, Жасқайрат ауылында шаруашылыққа пайдаланатын су құбырының құрылысы жүргізілмек. Жоба құжаттары дайын. Бұл ауызсу қорын үнемдеуге өте қажет.
Өңірдегі ең үлкен Ақжайық ауданы тұрғындарының 98 пайызы да таза ауызсу тұтынады. Мұндағы 45 елді мекеннің 38-іне су құбыр арқылы жеткізілсе, 7 елді мекенде кешенді блок модуль орнатылған.
– Былтыр ауданның Қабыл, Тінәлі ауылдарына су құбырын тарттық. Үштөбе, Тоған ауылдарында кешенді блок-модуль орнатылып, тұрғындар таза ауызсу жүйесіне қол жеткізді. Қабыршақты ауылына да жерасты су көзінен құбыр тартылып, нысан толық іске қосылды, – дейді Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин.
Қазір аудан орталығы Чапаев ауылында су құбырын қайта жаңарту жұмысы жүріп жатыр. Құрылыстың сапасын жергілікті билік қатаң қадағалап отыр. Біраз уақыт бұрын мердігер жұмысынан кінәрат байқалып, жергілікті компания қосымша жұмысқа тартылған еді. Әзірге жобаның 80%-ы атқарылған.
Аудан басшысының айтуынша, іске қосылғанына 15 жылдан асқан Қарауылтөбе, Тайпақ, Үштөбе, Жамбыл, Шабдаржап, Алғабас, Алмалы ауыл округтеріндегі су құбырларын жаңарту жоспарланып отыр. Бүгінде Қарауылтөбе ауылының су құбырын қайта құру құжаты жасалған, қазір сараптамадан өтіп жатыр.
Таза ауызсу – халық денсаулығы мен өмір сапасының кепілі. Осыны жақсы түсінетін өңір басшылығы кейінгі жылдары ауылдық жерлерді сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге ерекше назар аударып келеді. Кейінгі екі жылда Батыс Қазақстан облысында 65 ауылға таза ауызсу жеткізіліп, жалпы сомасы 12,0 млрд теңгеге 60 жоба жүзеге асқан. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 9 мың тұрғын таза ауызсуға қол жеткізген. Бүгінде облыста тұратын ауыл халқының 97%-ы сапалы ауызсумен қамтылған, облыстағы 307 ауыл таза су тұтынып отыр.
– 2020–2022 жылдары облыста 55 әлеуметтік нысанның құрылысы басталып, бірақ түрлі себеппен жұмысы тоқтап қалған екен. Бұған қаржыландырудың уақытша кідіруі, құрылыс материалдарының жетіспеушілігі, мердігерлердің жауапсыздығы секілді түйткілдер себеп болған. Олардың барлығын қатаң бақылауға алдық. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде, бүгінде жоғарыда аталған 55 нысан, оның ішінде 16 су құбыры халықтың игілігіне берілді, – дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Қысқасы, Ақжайық өңірінің ауыл тұрғындары мемлекеттің тұрақты қолдауы, жүйелі жүргізілген жұмыстардың арқасында ауызсудан тарықпай отыр.
Батыс Қазақстан облысы