Елімізде ауызсу мәселесі өзекті. Кейінгі жылдары бұл үлкен мінберлерден де айтылып, нәтижесінде, салалық министрлік пен арнайы университет те ашылды. Түптеп келгенде, әр түйткілдің түйіні – ғылымда. Осы орайда отандық ғалымдар таза сумен қамту жағдайын жақсартуға қандай қадамдар жасап жүр?
Мұндай сұраққа Сәтбаев университетінің ғалымдары ғылыми зерттеу нәтижесімен, яғни нақты әрекетпен жауап беру үшін суды улы заттардан тазартуға арналған сорбент әзірлеп жатыр. Ғалымдардың зерттеу нәтижелері елімізде тұщы су қоры тапшылығын жоюда, күннен-күнге қордаланған экологиялық ахуалды жақсартуда, қалдық суды тазалау мен ауызсу қауіпсіздігін арттыруда шешуші рөл атқаруы әбден мүмкін.
Сонымен, бұл қай сорбент? Жалпы, сорбент дегеніміздің өзі – оқырманға түсінікті тілмен айтқанда, елекке ұқсас материал, ағзадан түрлі уыттарды шығаруға көмектесетін зат. Осындай дүниені әзірлеу үшін ғалымдар бірнеше жыл зерттеу жүргізген.
Жобаның ғылыми кеңесшісі, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Сана Қабдрахманова: «Екі жарым жыл бойы біз ағын суға мониторинг жүргіздік, жергілікті бентонит сазы негізінде полимер-композиттік материалдар жасап, оларды сынақтан өткіздік. Зерттеу нәтижесінде алынған материалдардың судағы улы қоспаларды бөліп алу үшін жоғары сорбциялық әлеуетке ие екені расталды. Осы тақырыпты таңдауымызға негізінен еліміздегі жаңа бентониттерді зерттеу арқылы, оның физика-химиялық және сорбциялық қабілетін анықтап, биополимерлермен қосып, түсті металлургия саласы дамыған аймақтағы қалдық судан ауыр металл иондарын бөліп алу әлеуетін зерттеуге қызыққанымыз себеп болды», деді.
Жоба аясында Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының ағынды суына зерттеу жүргізілген. Жұмыстар Сәтбаев университеті мен «Композиттік материалдар ғылыми орталығы» ЖШС-ның базаларында жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде, полимер-сазды композиттерді алудың оңтайлы шарттарын анықтауға және олардың тиімділігін зертханалық жағдайда тексеруге мүмкіндік туды. Осылайша, ғалымдар термиялық және қышқылдық әдіспен белсендірілген отандық бентонит сазын күміс нанобөлшектері, иондық емес полимер және биополимер, атап айтқанда, микрокристалды целлюлозамен үйлестіре арқылы жаңа композиттік материал шығаруды көздеп отыр. Алынған материал суды залалсыздандыру арқылы тазарта отырып улы қоспалар мен микроорганизмдерді жоюға қабілетті.
«Біз ірі өнеркәсіп орталықтарындағы қалдық суды тазалауға және шалғай ауылдық аймақтарды таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін қолжетімді және экологиялық таза өнім алу арқылы жалпы тұщы су мәселесін шешуге ұмтыламыз. Қазірдің өзінде біздің материалдар өндірістік қалдық судағы ауыр металл иондарының 70 пайызын бөліп алуға тиімді болып отыр», деді жоба жетекшісі, PhD Мадияр Бейсебеков.
2023–2025 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобасы бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурс негізінде жүргізілген зерттеу өндіріске енгізуге сұранып-ақ тұр. Осы жағын сұрағанымызда Сана Қабдрахманова: «Бұл бастамамыз мемлекеттік бастамаларды, атап айтқанда, «Ауызсу» бағдарламасы (2001–2030) және 2025 жылға дейінгі Су ресурстарын басқару жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асыруды қолдайды. 2025 жылдың соңына қарай зерттеуімізді аяқтап, келесі кезекте коммерцияландыру конкурсына қатысып, бағымызды сынап көруді мақсат етіп отырмыз. Қазіргі кезде әртүрлі әлеуеті бар сорбенттер жасап, оның сорбциялық қасиетін зерттеп жатырмыз. Сорбенттер дайын болса, су тазалау мекемелері, қалдық су тазарту ұйымдарында қолдануға болады», деп жауап берді.