• RUB:
    6.6
  • USD:
    518.37
  • EUR:
    609.97
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:50

Қанасқа қатынау жеңілдейді

10 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан облысының арнайы делегациясы Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автоно­мия­лық­ ауданына (ШҰАА) жұмыс сапарымен барды. Сапардың мақсаты – екі ел арасындағы ын­ты­­­мақ­тастықты нығайту, туризм саласын дамыту, сондай-ақ өндіріс пен өнеркәсіп өрісін кеңейту.

Делегация басшысы, облыс әкімі Нұ­рымбет Сақтағанов бірқатар салмақ­ты келіссөз жүргізді. ШҰАА партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен, ШҰАА Халық үкіметінің төрағасы Еркін Тұниязбен кездесуде екі өңір арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары атап өтілді.

«Біз өз тарапымыздан трансшекаралық «Қанас көлі (ҚХР) – Марқакөл – Катонқарағай ауылы» туристік бағытын бірлесіп жүзеге асыруды ұсынамыз. Бұл бағыт екі өңірдің табиғи көрікті жерлерін – Қытайдағы ең танымал жеті туристік орын­ның бірі Қанас көлін, Қазақ Алтайының інжу-маржаны Марқакөлді біріктірмек», деді Н.Сақтағанов.

Шығыстағы туристік аймақтарда электр қуатын тарту, заманауи жолдар төсеу, инфра­құрылымды толық жүргізу, қонақүйлер салу жөнінде белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Қытай азаматтарының өңірдің табиғаты мен этномәдени мұрасына деген қызығушылығын ескере отырып, көлік қатынасын қамтамасыз ету мақсатында Шығыс Қазақстан облысының «Үрімші – Өскемен» бағытындағы тікелей халықаралық әуе рейсін, келесі жылдан бастап «Қанас – Катонқарағай», «Қанас – Зайсан» бағыттарын ашу мәселесін қарастыруды ұсынды.

Облыс әкімі атап өткендей, туризмнен басқа да, өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға болатын көптеген сала көзделген, олар – өнеркәсіп, автомобиль, арнайы техника өндіру, ағаш өңдеу, су энергетикасы, ауыл шаруашылығы.

«Әуе қатынасын ашу, шекаралық өткізу бекетін іске қосу бастамаларын жүзеге асыру туризмді облыс экономикасының басым бағыты ретінде дамытуға серпін беріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен әріптестіктің рәмізіне айналар еді», деді Н.Сақтағанов.

Қытай тарапы өзара тиімді ынты­мақтастыққа дайын екендігін білдірді.

«Біз ұсыныстарыңызды қолдаймыз, бұл бас­тамалар өңіріміздің дамуына оң әсерін тигізеді. Екі тарап арасындағы қарым-қатынасты кеңейтіп, қажет болған жағдайда Шығыс Қазақстанда эконо­микалық, сауда ынтымақтастығы жөніндегі жұмыс тобының отырысын өткізуді ұсынамыз», деді ШҰАА партия комитетінің хатшысы Ма Синжуй.

Делегация Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында болып, Алтай қаласының аумағында орналасқан «Цзян Цзюнь Шань» халықаралық тау-шаңғы курортымен танысты. «Цзян Цзюнь Шань» – Қытайда қала инфрақұрылымымен толықтай біріктірілген жалғыз тау-шаңғы курорты. Курорттың жалпы аумағы 7,5 шаршы шақырымды құрайды. Мұнда 8 аспалы жол мен 11 лента іспеттес көтергіш жұмыс істейді. Олардың жалпы өткізу қабілеті сағатына 16 мың адамға дейін жетеді. Сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі спортшыларға арналған жаттығу аймақтары қарастырылған. Курорт нысандары Халықаралық шаңғы және сноуборд федерациясы (FIS) тарапынан сертификатталған. Бұл халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Қазірде курорт аумағында инфрақұрылым белсенді дамып келеді. Шаңғы залы, екі тау қызметін көрсету орталығы, қонақтарға арналған апартаменттер, жалпы ұзындығы 71 шақырым болатын жаңа трассалар мен өзге де нысандардың құрылысы жүріп жатыр.

Облыс басшысы аудан әкімдеріне өз өңірлерінің жер бедері мен туристік әлеуетін ескере отырып, осындай тау-шаңғы инфрақұрылымын дамыту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Бұдан бөлек, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына ШҚО спортшылары үшін осы курорт базасында жаттығу үдерісін ұйымдастыру мәселесін қарастыруды жүктеді.