• RUB:
    6.6
  • USD:
    518.37
  • EUR:
    609.97
Басты сайтқа өту
Аймақтар Кеше

Павлодарда жылу желілері жөнделіп жатыр

40 рет
көрсетілді

Келер қысқа дайындық жұмыстары Павлодар облысында қарқын ала бастады. Павлодар және Екібастұз қалаларындағы тозығы жеткен жылу желілерін жөндеуге Үкімет резервінен 3,8 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл туралы тиісті Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп жазады Egemen.kz.

Ең алдымен – Екібастұз

Қыс сайын қалың қар мен аязға төтеп беретін жылу жүйелері үшін техникалық дайындық – басты басымдық. Соңғы жылдары жиі сынға ұшыраған Екібастұздағы желілерді жөндеу бірінші кезекке қойылған. Бөлінген қаражаттың негізгі бөлігі – 3 млрд теңге шамасында – дәл осы қалада жүзеге асырылатын екі жобаға бағытталады. Атап айтқанда, орталық жылу тарату пунктінен елді мекендерге дейінгі 1,4 шақырымдық ТМ-I және ТМ-III магистральдары жөнделмек.

Жалпы, былтыр Екібастұзда 9 шақырым жылу желісі жөнделіп, ЖЭО-дағы қазандықтар жаңартылды. Тазартылған су құбыры тартылып, апат қаупін азайтуға бағытталған жұмыстар қолға алынды.

 

Павлодардағы бастамалар

Облыс орталығында да нақты жобалар іске асып жатыр. Павлов – Шевченко – Катаев көшелеріндегі тұрғын шағын аудандарды жылумен қамту үшін Камзин көшесінің бойында ТМ-13 магистралі салынуда. Бұл жобаға 802 млн теңге бөлінді.

Сондай-ақ, 2024 жылдың желтоқсанында қабылданған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Павлодар қаласының ЖЭО маңындағы 1-НО-52 учаскесінде жаңа ТМ-20а магистралін салу жоспарланып отыр. 9,8 млрд теңгелік бұл нысан қала аумағының 30%-ын жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Тозған желіні тоқтатып үлгеру керек

Мамандардың айтуынша, соңғы деректерге сәйкес өңірдегі жылу желілерінің тозуы 79,7%-ға дейін төмендеген. Бірақ бұл көрсеткіш қауіп сейілді деген сөз емес. Алдағы маусымда үздіксіз жылу беруді қамтамасыз ету үшін жоспарланған жөндеу жұмыстарын мерзімінен кешіктірмей аяқтау маңызды болып отыр.

Жалпы шығын көлемі 5,8 млрд теңгені құрайды. Оның 3,8 миллиарды – республикалық, 2 миллиарды – облыстық бюджет есебінен. Бұл – аймақтық инфрақұрылымды жаңартуда орталық пен жергілікті билік арасындағы бірлескен әрекеттің көрінісі.