Жұрт оны «арызқой», «бәлеқор» деп жақтырмайды. Бірақ ол өзі жөніндегі бұл теңеулерге пысқырмайды да... Оның білмейтіні жер астында. Ой елегінен өткізбейтіні, байқамайтыны жоқ. Үнемі қайнап жүреді. Қайратты, бойындағы қуаты ерен. Шешен.
Өзгелердің ол кісі туралы «Бас сұқпайтын жері, араласпайтын ісі кем, ұдайы білгішсініп, бұра тартып, жоқ жерден дау көтеріп, шу шығарып жүреді» деген сыңайдағы жағымсыз пікірлерін жиі еститіндіктен, дәлірегі жұрт сөзіне ілесіп мен де оны онша ұната қоймайтынмын. Жүре келе менікі «Көп айтса көнді, жұрт айтса болдының...» нақ өзі екенін білдім...
Бірде «бәлеқормен» көшеде бетпе-бет кездесіп қалдым – жылы амандастық. Іштей жақтырмайтынымды сездіріп нем бар?.. Жегжатпыз. Менен жасы едәуір үлкен. Бір-бірімізге өкпе-ренішіміз жоқ. Жүзіміз ашық. Сәлеміміз түзу.
– Іс басында жүрген азаматтарды, олардың іс-әрекетін үнемі сын тезіне салып жүресіз... Кемшіліктерді көзіңізден таса етпейсіз, тұрғындардың жан қалауын жақсы білесіз... Біліміңіз жоғары. Неге осы басшылық қызметтердің біріне ұмтылмайсыз, – дедім оны әдейі көтермелей әрі не дер екен деп.
Мені өзін жоғары бағалайды деп ойласа керек, ақтарыла сөйледі.
– Обалы не керек, жоғарыдағылар басшылық қызметке талай шақырды. Бармадым, – деді ол.
– Ойбай-ау, неге?
– Неге дерің бар ма? Жалпы, мен екі адамның басын қосып жұмыс істете алмаймын. Ұйымдастыру қабілетім жоқ. Басқасы түгіл шағын бір ұжымды басқаруға берсе, әп-сәтте таратып жіберетін адаммын. Сондықтан, «Көтере алмайтын шоқпарды беліме қыстырғым келмейді». Халықтың наласына қалғым жоқ. Бұл бірінші себеп. Тағы бір үлкен себеп бар, оны айтпай-ақ қояйын. Жалпы, мен табиғатымнан «оппозиционер» болып жаралғанмын. Кемшілікті көру, құлағанды тұрғызу, қисайғанды түзетуде, ол туралы бетке айтуда алдыма жан салмаймын. Мұны мен жеке басым емес, көп үшін жасаймын. Бұлай етпесем бойыма ас жұқпайды, өмірге босқа келгендей сезінемін. Абай: «Бойда қайрат, ойда көз, Болмаған соң, айтпа сөз», дейді. Ал бойында қайраты, ойында көзі бар адамға қажет кезінде үнсіз қалу, ел ісінде көткеншектеу жараса ма?..
– Дегенмен, басшылық қызметке бару, ойбай-ау, бұл үлкен мүмкіндік қой...
– Сен қандай мүмкіндікті айтып тұрсың?.. Басшылық лауазымды жеке басқа пайдалану, қарпып қалу, көрпені өзіңе молынан тарту мүмкіндігін бе, әлде елге қызмет ету мүмкіндігін бе?
– Енді...
– Міне, мәселе жауапты қызметке барғанда әлгі екі мүмкіндіктің қайсысына басымдық беретініңде... Жауапты қызметте сенде елге адал қызмет ету мүмкіндігі бола ма, болмай ма? Болмайды. Мәселе осында, інім. Міне, басшылық қызметке қызықпайтынымның бағана сенен жасырып қалған бір себебі осы.
Менің ол кісіге деген бұрынғы көзқарасым жақсы жағына өзгере бастағандай болды.
– Жұрт сіздің сыртыңыздан «арызқой», «бәлеқор» деп жазғырып жатады...
– Жұрттың сөзінде нең бар? Әлгі теңеулерді сыртымнан ғана емес, бетіме де айтатындар көп. Оған етім үйреніп кеткен. Адамның жақсылығын көрмейтін, игілікті істерге ұйтқы болғанды қарадай қаралайтын топ жұрт па?.. Жоқ.
– Дегенмен, көптің пікірі...
– Сен қай көпті айтып тұрсың?.. Мен сынасам, мінесем, шағым-арыз жазсам осы әлгі сен айтып тұрған көптің қамы. Ешкімнің «креслосына» қызықпаймын, әлдекімді қызметінен аударып тастауды, өзімді көрсетіп, ұпай жинап, бедел арттырып, біреуді қорқытып-үркітіп бас пайдамды қамдауды мақсат етпеймін. Менікі іс басында жүрген азаматтарды ширықтыру, ел ісіне көңіл бөлдіру, ауа жайылып бара жатқанға, «тәйт» деу. Көп жігіт қазір маған алғыстан басқа ештеңе айтпайды. Менің «тәйт» деуімнің арқасында талайлар мейілінше таза жүріп, таза тұруға тырысып, бүгінде абыроймен қызметтерін жалғастырып жүр.
– Кейде артық кетіп, тырнақ астынан кір іздеп, кез келген нәрсеге, тіпті өте дұрыс істердің өзін сынап-мінеп жатасыз ғой, мұныңызды қандай да бір есеппен жасамайсыз ба?
– Тәңірдің жаратқанына, Құранға, Мұхаммед пайғамбарымыздың амалдары мен өсиеттерінен басқаның барлығына сын көзбен қараймын. Бұл менің өмірлік ұстанымым. Дұрыс болып көрініп тұрған дүниенің өзінен кейде ши шығып қалады. Бүгінгі бұрысың ертең дұрыс, бүгінгі дұрысың ертең бұрыс болып жататын бұл өмірде барлығы сыналуға тиіс. Бәріне бас шұлғып, мақұлдай берсек, өміріміз жұтаңданады.
– Сайлау науқанында, есеп беру жиындары алдында сый-сыяпатын арқалап өздеріне болысуыңызды сұрап келетіндер көп шығар...
– Ой-хой, ондайлар көп қой... Табалдырықты тоздырып жібереді, бірінен соң бірі келіп. Ешқайсысын маңыма жолатпаймын. Жолатсаң біттің...
– Неге, араларындағы мықтыларды қолдауға болады емес пе?
– Біреудің дүниесін өткізіп алсаң, азаматтық позицияңнан айырылдым дей бер. Сөзіңнің де, өзіңнің де құның құлдырайды. Арзымайтын қоқыр-соқырға бола өзімді шуаш сасыған майтабанның астына тастар ақымақ емеспін. Мықтылар дейсің... Мықтылар ілуде біреу ғана туады. Сенің айтып тұрған мықтыларың жай ғана мықты болып көрінетіндер ғана.
– Сізді «арызқой», «бәлеқор» дейтіндерге не айтар едіңіз?
– Оларға күлемін де қоямын, басқа не деймін... Көше түнде самаладай жарық, барлық жерге асфальт жол төселген, айнала толы көкөріс, керемет мектеп, мәдениет үйі тұр қызметін көрсетіп, мал ұрлығы азайған, полиция бала өз тірлігіне мығым, әкім мен әкімдіктегілер ел қызметінде. Мұның барлығы әуелі Тәңірдің, сосын біз сияқты «арызқой», «бәлеқорлардың» арқасы екенін мына жамағат әзір түсіне қоймайды. Ата-бабасы көрмеген игіліктердің ортасында шалқып жүріп мен сияқтыларды «арызқой», «бәлеқор» дейтіндерді жұрт, халық деп айтпау керек, оларды кейбіреулер деу керек. Халық, жұрт ұғымы басқа, айналайын. Әлгі кейбіреулердің пікірсымақтарын жалпы қоғамдық ой деп қабылдай беретін болдық қой.
Мен ағама риза болып қалдым. Шынында бұл кісі тұратын мекен жарқырап тұр, тап-тұйнақтай. Тұрғындары тұлғалы көрінеді. Ертесіне көрші ауылдың ортасын кесіп өттім. Тозып кетіпті, айтып жеткізе алмайсың. Неге десем, бұл ауылда «арызқой», «бәлеқор» жоқ екен.