• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.29
  • EUR:
    613.28
Басты сайтқа өту
Аймақтар Кеше

Тараздағы жылу магистралі жаңарту жұмыстары депутаттардың бақылауында

30 рет
көрсетілді

«АМАNАТ» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Гүлдара Нұрым Тараз қаласындағы М-1 қалалық жылу магистралін қайта жаңарту жобасының жүзеге асырылу барысын тексерді, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Қазір Таразда жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы 4602 метр құбыр ауыстырылды, биыл жыл соңына дейін тағы 1 536 метрі жаңартылады. Мұқаш Ескендіров бұл тек бір ғана магистралді жөндеу емес, сондай-ақ инфрақұрылымды жаңғыртудың жүйелі қадамы екенін айтты. «AMANAT» партиясы мұндай жұмыстарға басты басымдықтардың бірі ретінде қарайды.

«Адамдардың өмір сүру сапасын арттыру үшін ең алдымен үйлерде жылу, ыстық су және кәріз жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі қажет. Таразда жылу желілері мәселесі ондаған жыл бойы шешілмей келген. Енді бұған көз жұма қарауға болмайды. Тұрғындар қысқы суықта жылудан тарықпайтынына сеніп өмір сүруі керек», деді М.Ескендіров.

Жобаның жалпы құны 10 миллиард теңгеден асады. Тапсырыс беруші – қала әкімдігі, мердігер – «Сарыағаш-Аман» компаниясы. Техникалық және авторлық қадағалауды кәсіби мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады. Жоба аяқталғаннан кейін Тараз қаласындағы жылу желілерінің тозуы 67 пайыздан 51 пайызға дейін төмендемек.

Гүлдара Нұрымның айтуынша, Жамбыл облысы «АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасы, сондай-ақ депутаттар әзірлеген «Жылу энергетикасы туралы» заңның нақты жүзеге асырылуының үлгісін көрсетіп отыр. Заңда сенімділік, қауіпсіздік және жылыту маусымына дайындық бойынша қатаң талаптар белгіленген.

«Халық егер партия уәде берсе, оны орындайтынына көз жеткізуі керек. Біз құр сөзбен шектелмейміз, әр аймақта тұрғын үй мен коммунал саласында, медицинада, газдандыруда нақты нәтижеге жұмыс істейміз. Таразда біз осының нақты мысалын көріп отырмыз. Қаржы бөлінді, мердігер жұмыс істеп жатыр, құбырлар ауыстырылуда, тұрғындар нақты өзгерісті көріп отыр», деді Г.Нұрым.

Облыста барлығы 9 жылу энергия кешені және 593 автономды қазандық жұмыс істейді. Таразда 1025 көпқабатты тұрғын үйдің 921-і жазғы уақытта ыстық сумен қамтылған. Қалған 104 үйге жөндеу жұмыстары аяқталған соң ыстық су беріледі. Жалпы облыста 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық кестеге сай жүргізілуде.

«АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында Жамбыл облысы бойынша 2027 жылға дейін 26,8 шақырым жылу желісін, 1,2 мың шақырым электр желісін жөндеу және қайта жаңарту жоспарланған.