Алматыда Халықаралық Витилиго күніне орай «Витилиго және тері саулығы» орталығында ашық есік күні өтті, деп жазады Egemen.kz.
Орталық мамандары пациенттерге - осы аурудан зардап шегетін азаматтарға, өзге де келушілерге бұл аурудың ерекшелігі және қоғамда бұл дертке шалдыққан адамдарды қалыпты қабылдау, ең бастысы витилиго жұқпалы дерт еместігі туралы түсіндіріп, кеңестер берді. Биыл шара төртінші рет ұйымдастырылып отыр.
«Витилиго бұл аутоиммунды сипаттағы созылмалы, қайталанатын тері ауруы. Денеге ақ немес түссіз дақ түрінде шығады. Әлі толық зерттелмеген. Әлем халқының 1-2% осы дертке шалдыққан десек болады. Витилиго өлімге әкелмейді және ешқандай зиян келтірмейді, алайда кейде науқас адамның және оның отбасының әлеуметтік өміріне кері әсер етуі, ауыр психологиялық зардаптарға әкеліп соқтыруы ықтимал. Біз сол үшін пациенттермен бұл тұрғыда жұмыс істеп, жиі түсіндіруге тырысамыз», - дейді «Витилиго және тері денсаулығы» орталығының директоры Анар Әбдірахманова.
Айта кетейік, жыл сайын 25 маусымда Дүниежүзілік витилиго күні атап өтіледі. Ол күннің міндеті - бұл ауру туралы жұртшылықтың хабардарлығын арттыру, пациенттерге ауру себебінен туындаған алалаушылықты жеңуге көмектесу, витилигоны емдеудің заманауи әдістеріне қол жеткізу. Әлемде бұл аурудан шамамен 100 миллион адам зардап шегеді.