• RUB:
    6.63
  • USD:
    520.39
  • EUR:
    609.58
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:05

«Amanat» партиясы 62 заңға бастамашылық етті

30 рет
көрсетілді

Мәжілістегі VIII шақыры­лымының III сессиясында атқарылған жұмыс бүгін «Amanat» партиясы фракциясының жиынында қорытындыланды. Депутаттар «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдар­ла­масының жүзеге асырылу барысын, сондай-ақ халық қалаулыларының сай­лау­шылармен кездесу мақ­сатындағы өңірлерге са­пары­на дайындық мәсе­ле­лерін талқылады.

Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов атап өткендей, өткен сессияда фракция мүшелері 62 заңға бастамашылық етті. VIII шақырылымда заң жобаларына барлығы 5 300-ден аса өзгертулер мен түзетулер енгізілді. Мәжіліс­тің жалпы отырыстарында 626 депутаттық сауал жолданды. Бұған қоса бюджетті әрбір бекіту кезінде депутаттар өңірлерде инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін 1,5 трлн теңгеге дейін түзетулер енгізілуіне қол жеткізді. Осылайша, нақты сайлауалды уәделер қаржымен қамтамасыз етіліп жатыр.

«Amanat» партиясы Әділетті Қазақстанды құру жолындағы реформаларды жүйелі жүзеге асырып келеді. Осы үшін біз Мемлекет басшысының бастамаларына заңнамалық қолдау көрсетіп жатырмыз. Оның барлығы экономика өсімін қамтамасыз етуге және отандастарымыздың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Жалпы, Мәжілісте қабылданған әрбір заң «Amanat» фракциясы депутат­тарының белсенді атсалысуымен әзірленді деуге болады», деді ол.

Мәжіліс спикері депутаттар заң шығару жұмысы барысында мемлекеттің халық алдындағы әлеу­­меттік міндеттемелерін орын­дауына, оның ішінде ауылдарды ауызсумен қамтамасыз ету, әлеу­меттік медициналық сақтандыру жүйесін реформалау, тұрғын үй қатынасын жетілдіру­ге баса назар аударғанын атап өтті. Бұған қоса жаңадан Бюджет, Су және Салық кодекстері қабылданды.

Е.Қошанов азаматтардың нақты мәселелерін шешуге бағыт­талған партиялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударды. Атап айтқанда, «Жер аманаты» комиссиясы 12,5 млн гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Қарыз қамытын киген 500 мыңнан аса адамға «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында көмек көрсетілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, бұл жоба жалпыұлттық сипатқа ие болды. 2 мыңға жуық әкім «Әкімдер мектебі» арнайы жобасы аясында оқудан өтті. Партияның осы және өзге де бастамалары қоғамда кең қолдау тапты. Партия төрағасы атап өткендей, депутаттар мұның бәрін азаматтарға белсенді түрде түсіндіруге тиіс.

Өз кезегінде, Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясы жетек­шісінің орынбасары Павел Казан­цев былтыр партияның сай­ла­уал­­ды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жол картасы пункт­­­­терінің үштен екісі орын­дал­ға­нын атап өтті. Мәселен, азамат­тық қызметшілердің жекелеген санат­­тарының жалақысы 20%-ға өсті, медианалық табыстан кедей­лік шегін анықтау үшін жаңа есептеу жүйесі енгізілді, Қарағанды облысында кеншілер мен металлургтер үшін жеңілдікпен берілетін ипотеканың арнайы бағдарламасы іске қосылды, Батыс Қазақстан облысындағы 70 шалғай елді мекенге интернет тартылды, т.б.

Мәжіліс спикері фракция депутаттарына шекара маңындағы аудандарды, саяжай кооперативтерін дамыту мәселелері бойынша заң жобаларын әзірлеу жұмысын жеделдетуді тапсырды. Олар келесі сессияда Мәжіліске енгізіледі.

Сонымен қатар ауылдық аумақ­тарды кешенді дамытуға, ауыл­дық жерлердегі білім беру, денсау­лық сақтау салаларын жаңғыр­туға және инклюзивті орта­ны қамтамасыз етуге бағыт­тал­ған «Baquatty audan» пилот­­тық жоба­сының тәжірибесін бірқатар аудан­­да тарату жоспарланып отыр. Сондай-ақ депутаттар жас­тар жұмыссыздығы мәселесін ше­шу бойынша жеке жоба әзір­леу­ге ниетті. Бұл – әсіресе Жұмыс­шы мамандықтары жылы өте өзекті.

Жиын соңында Мәжіліс спи­кері өңірлерге алдағы сапар кезінде депутаттарға жүкте­летін бірқатар міндетті айқындады. Сапар барысында депутаттар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездеседі. Сон­дай-ақ азаматтардың жеке мәсе­лелері бойынша қабылдаулар өт­кізеді. Шалғайдағы елді мекен­дерге ерекше назар аударылады. Халық қалаулылары жаңадан қабыл­данған заңдардың іс жүзін­де қалай жұмыс істейтінін және олар­дың жергілікті жерде тұр­ғын­дар сұранысына қан­ша­лықты жа­уап беретінін зерт­тейді. Сондай-ақ депутаттар жаңа­дан қабылданған заңдар туралы ай­тып, азаматтар көтерген маңыз­ды мәселелермен танысады. Бола­шақта депутаттар сапар барысында жи­налған барлық ақпаратты заң шы­ғару жұмысы кезінде пайдаланады.