Еліміздегі бас газет бетінде саясат пен экономикадан бастап рухани дүниелер де молынан кездеседі. Басылымның тұрақты оқырманы ретінде маған «Жәдігер» айдары аясында берілетін мақалалар қызықты.
Қазір ұмытыла бастаған талай жәдігерді ұлттық мұра ретінде дәріптеп жүрген басылым тілшісі Бекен Қайратұлының жазғанын іздеп жүріп оқимын. Көне қалалар көмбесі, есімі елге белгілі талай тұлға тұтынған мүліктер, белгілі туындылардың бізге беймәлім тарихы туралы мақалаларын сақтап қоямын. Соңғы беттегі «Ғалам ғажаптары» айдарымен берілетін шағын ғана дүниелерде адамның таным аясын кеңейте түсетін дерек молынан кездеседі.
Осыдан 3 жыл бұрын газетте заманында балаларын білімге баулып, қазақ қоғамына айтарлықтай ықпал еткен Мұңайтпас Лапин әулеті жатқан қорымның қараусыз қалғаны туралы мақала жарияланды. Сыр топырағында тұңғыш рет еуропалық үлгіде білім беретін «Хан мектебін» ашқан Мұңайтпас пен оның әулеті тартқан азап-мехнаттың шет-шегі жоқ. Олар мәңгілік мекен тапқан қорымның қараусыз қалып, жан-жағын ит тұмсығы батпайтын шеңгел басып бара жатқаны да жанымызға бататын еді. «Құмда қалған қайраткер» атты сол мақала ел азаматтарының жұмылып, аудан, ауыл әкімдіктерінің көмегімен қорымға апаратын жолды тегістеп, қайраткердің басына белгітас орнатып, аты өшуге айналған тұлғаны қайтадан халыққа таныстыруына түрткі болды.
Ел ішіндегі талай жәдігерді жұртқа таныстырған бас басылымның қоғамның рухани дамуына қосып келе жатқан үлесі үлкен екенін айта аламыз.
Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,
зейнеткер
Қызылорда облысы,
Сырдария ауданы