• RUB:
    6.63
  • USD:
    520.39
  • EUR:
    609.58
Басты сайтқа өту
Өндіріс Кеше

Мемлекет кәсіпорынның шығынын өтеп береді

20 рет
көрсетілді

Кәсіпорын шығындарын өтеу – отандық өндірісті дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бір тетігі. Бұл бағытта елімізде нақты қолдау тетіктері іске асып жатыр. Соның бірі – QazIndustry Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы жүзеге асырып жатқан мемлекеттік ынталандыру шаралары. Аталған бағдарлама кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруына, жаңа технологияларды енгізуіне, технологиялық жабдық сатып алуына және өнімдерін ішкі нарықта ілгерілетуіне қажет шығындарының бір бөлігін өтеуге мүмкіндік береді, деп жазады Egemen.kz.

Солардың бірі – ламинатталған ағаш-жаңқа плитасын өндіретін отандық Lam.Tech компаниясы. Бұл кәсіпорын QazIndustry қолдауының шынайы тиімділігін өз тәжірибесінде дәлелдеп отыр. 2024 жылы компания өндірістік әлеуетін арттыру үшін ыстық ламинацияға арналған жоғары технологиялы пресс сатып алды. Жалпы инвестиция көлемі 384 мың АҚШ долларына жетті. Мемлекеттік ынталандыру аясында Lam.Tech бұл жабдыққа жұмсалған шығындарының 60 миллион теңге көлеміндегі бөлігін өтеп алды.

Компания бұл қаражатты қайтадан өндірісті жаңғыртуға бағыттап, нарықтағы позициясын одан әрі күшейтуге кірісті. Заманауи жабдықты орнату Lam.Tech-ке нақты нәтижелерге қол жеткізуге жол ашты. Біріншіден, кәсіпорын текстурасы бар ламинатталған плиталарды шығара бастады. Бұл жаңа өнім түріне сұраныс жоғары болып, нарықта үлкен қызығушылық тудырды. Екіншіден, 20-дан астам жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар үшін тұрақты табыс көзі пайда болды. Үшіншіден, өндірістік қуат тәулігіне 3 мың шаршы метрге дейін артты.

Осының барлығы ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті еселей түсті. Ай сайын 350 мың шаршы метрге дейін өнім шығара алатын кәсіпорында бүгінде 165 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

«Жабдыққа бағытталған стратегиялық инвестициялар мен мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында біз саладағы орнымызды нығайтып, тұрақты өсімді қамтамасыз еттік», дейді өндіріс жөніндегі директордың орынбасары Александр Ин.

Lam.Tech компаниясы алдағы уақытта да өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа технологиялар енгізу арқылы өнім түрлерін көбейтуді көздеп отыр. Басшылықтың пайымдауынша, мемлекеттік қолдау – тұрақты дамуға бастайтын сенімді жол. Өйткені шығындардың бір бөлігін өтеу арқылы инвестициялық жүктеме азайып, жаңа өндіріс желілерін іске қосу уақыты қысқара түседі.

Айта кетейік, QazIndustry тарапынан технологиялық процестерді жетілдіру, өндірісті жаңғырту және өнімді ілгерілету бағытындағы шығындардың 40–50 пайызына дейін (60 миллион теңгеден аспайтын көлемде) өтеу қарастырылған. Бұл – кәсіпорындардың әлеуетін арттырып, отандық өнімдердің сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қолдау тетігі.

Соңғы жаңалықтар