Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровқа 2026 жылы Италияда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына дайындалу үшін қаржылай қолдау көрсетті. Бұл көмек Халықаралық олимпиадалық комитеттің (ХОК) Олимпиадалық ынтымақтастық бағдарламасы аясында берілетін құрлықтық грант арқылы жүзеге асты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Грант бір олимпиадалық маусымды қамтиды және халықаралық жарыстарда бәсекеге қабілетті спортшыларды қолдауға бағытталған. Қаржыландыру тек жаттығу процесі мен жарыстарға қатысу шығындарын өтеуге жұмсалады және мемлекеттік бюджет есебінен өтелмейтін шығындарды жабуға арналған.
Михаил Шайдоровпен қатар, қолдау садақ ату, бадминтон және байдарка мен каноеде есу спорт түрлеріне де көрсетілген. Бұл спортшылар 2025 жылдан 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен қаржыландырылып, аймақтық, құрлықтық және әлемдік жарыстарға дайындалады.
Айта кетейік, бұған дейін осындай грант фристайл-акробатика бойынша ұлттық құраманы қолдауға бағытталған болатын. Оның нәтижесінде қазақстандық спортшылар 2025 жылғы Қысқы Азия ойындарында тарихи алтын медальға қол жеткізді.