Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қорғаныс бөгеттері мен гидротехникалық құрылыстар салу жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында Қостанай облысының Қарасу ауданында су бұру арнасының құрылысына Үкімет резервінен 1 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«2024 жылғы көктемгі су тасқыны салдарынан Қарасу ауданында бес көл: Тімтуір, Қойбағар, Алабота, Биесойған және Жаншора көлдері қосылып, жалпы ауданы 621 км2 болатын су басу аймағының қалыптасуына әкелді. Ұзындығы 38 шақырымды құрайтын электр желілерінің 234 тірегі су астында қалды, бұл ауданның ЭБЖ жалпы ұзындығының 15,5%-ын құрайды. Тіректер құлаған жағдайда 2 426 абонент (10 мыңға жуық тұрғын) және 114 ауыл шаруашылығы құрылымы электр қуатынсыз қалуы мүмкін», деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Су басу аймағында маңызды инфрақұрылымдық нысандар – облыстық және аудандық жолдар, байланыс желілері, егіс алқаптары мен жайылымдар орналасқан. Осыған байланысты Қостанай облысы әкімдігі су тасқыны қаупін азайту үшін ұзындығы 14,2 шақырым болатын су бұру арнасын салу жобасын әзірлеген.
Жобаның жалпы құны 1,9 млрд теңгені құрайды. Оның бір бөлігі облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып отыр. Ал Үкімет резервінен бөлінген қаржы құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтауға мүмкіндік береді.