Жарқайың ауданында тағылымы мол жақсы іс қолға алынып отыр. Мектеп оқушылары жазғы демалыстарында туған өлкенің тарихи жерлерін аралап, таным көкжиегін кеңейтеді.
Мектеп жанындағы жазғы лагерьде дем алып, құр атқа мінгендей тыныққан мектеп оқушылары бос уақытын босқа өткізбей, әр белесі, әр төбесі екшелген ел тарихына тұнып тұрған өлкені аралайды. Ілкі заманда орын алған оқиғалар, осы елдің айтулы перзенттерінің ғибратты ғұмыры жас ұрпақты туған жердің топырағын сүйе білуге, қадірлей білуге тәрбиелейді. Ал ондай жерлер Жарқайыңның жалпақ даласында аз емес. Ілкімді шаруа «Мәңгілік елдің мәңгі естеліктері» тақырыбында ұйымдастырылған ауқымды шарадан бастау алды.
Бұл өлкеде ел назарын аударатын көне тарихтың куәсі – «Қызыл там». Самал жел аймалап, сағым көмкерген «Қызыл тамның» биігіне оқушылар жаяу шықты. Жусанды дала сыбдырлап, есте жоқ ескі күндердің сырын шертетін тәрізді. «Қызыл там» туралы бірауыз сөз айта кетелік. Ағаш атаулыдан ада, көсенің иегіндей жанар тоқтататын қарасын көріне қоймайтын жалпақ даланың жонындағы кесене қозыкөш жерден менмұндалап көрінеді. Есіл өзенінің оң жағалауында, Державинск қаласынан шамамен 25 шақырым жерде.
Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Ахмет көпес осы даладағы ақшамен сауда жасаған аз ғана адамның бірі болса керек. Мыңды айдаған бай, оның үстіне ат тұяғы жететін жермен алыс-беріс жасап, пешенесіне жазылған байлықты жинаған екен. Күндердің бір күнінде Ахмет бай ұйқысынан тұрмай қалады. Халін біле келген етжақын ағайын-туыс тамыры соқпай жатқан соң дәм-тұзы таусылды деп шешеді. Ендігісі не тұрыс, қара жердің қойнауына, жер бесікке тапсыру керек.
Шарапатын көрген талай жақсы мен жайсаң «ой бауырымдап», ат қойып келіп, жаназасын шығарып, жерлеген. Арада бір-екі күн өткен соң қабір басынан естіген жанның жон арқасын шымырлататын азалы үн шығады. Жүрек жұтқан жігіттер қабірді ашып қараса, бай тірі екен. Бірақ кейінгі жұрт шайтан тірілтіп тұр деп шешеді. Қалай болғанда да ақ ажалдың келгені анық.
Сөйтіп, Торғай даласындағы ең ықпалды, беделді адамның екі тіріліп, бір өлгені анық. Байдың бәсіне сай мазар салынады. Мазардың қабырғалары иленген балшық кірпіштермен көтеріліп, күмбезделеді. Көлемі әжептәуір, ұзындығы жеті метрге жуық, ал биіктігі де сол шамада. Ұзақ уақыт өткендіктен бе, қабірінің үсті мен еденнің астындағы кірпіштері тозған. Мазардың алдыңғы бетінде арабша жазылған жазу бертінге дейін сақталған.
Ахмет байдың ұрпақтары Жарқайың ауданында тіршілік етіп жатыр. 2003 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің археологиялық экспедициясы арнайы зерттеп, «Қызыл там» кесенесі XVIII ғасырда салынғандығын анықтаған болатын. Әрі олар бұл кесенені аталған өңірдегі ең көне құрылыстың бірі деп пайымдап отыр. Жалпақ даладағы көз жанары жетер жерден көңіл арбайтын көне бейіт бұл жерде кімдердің өмір сүргенін, мекен еткенін меңзейтіндей.
Шөмей баба жерленген жер де киелі топырақ санатында. Қабыл батыр мен Баубек батыр мазары да кейінгі ұрпақтың жас жүрегіне әсер етері сөзсіз. Жасанған жаудан қайтпаған, ел қорғауда ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Баубек батыр Бекмырзаұлы 1824 жылы қасиетті Көкше топырағында дүниеге келген. Ат тұяғы жететін жерге жақсы аты мәлім болған ауқатты әкесі ертерек қайтыс болыпты. Тұл жетім өскен Баубек 10 жасында Кенесары ханның жанынан табылады. Кене хан көзіндегі отына қарап, қолына асықты жілік ұстатып, бауырына басқан екен. Кейін әскери оқуға береді.
Ат жалын тартып мінген кезде Баубек батыр Кенесарының соңына еріп, сан шайқасқа қатысқан. Ірі қантөгістің бірінде қарсы жақтың батырын жер жастандырған. Сол сәттен бастап Баубек батыр атанады. Кенесары көтерілісіне жан-тәнімен берілген, елінің бостандығын ойлаған батыр көтеріліс күшпен басылған соң Терісаққан өзенінің қабағына қоныстанады.
Патша өкіметі көтеріліске шығып қол бастаған батырды кейін Түмен облысына жер аударады. Тағдыр тәлкегімен топырақ сол жақтан бұйырған. Жазалаушы отряд ұстауға келгенде тұлпарының үстінде отырған батыр өзінің бір саусағын кесіп алып, анталай қаумалап тұрған етжақын туыстарына лақтырды дейді. «Маған топырақ жат жерден бұйыруы мүмкін, осы саусағымды арулап көміңдер» деп аманат етсе керек. Айтқаны айдай келген. Жалғыз батыр ғана емес, болашақты болжаған көріпкелдік қасиеттен де құралақан болмаған ғой.
Баубек батыр қайтыс болғандығы туралы жаманат хабар жеткеннен кейін туыстары жиналып Бесоба деген жерге саусағын көмеді. Сол тұстағы Қызылту ауылының маңында тастан салынған үлкен мазар бар. Ұрпақтары батыр бабаларының ерлігін ұмытпай, 1993 жылғы 16 қазанда кесененің ашылу салтанатын өткізді. Қазір бұл елді мекен Баубек батыр ауылы деп аталады.
Сапар барысында оқушылар көлікпен де, жаяу да жүрді. Бұл бір естен кетпес іс-шара болды. Көне тарих көмбесі көңілге талай сырды сыздықтай құйса, Жарқайың шатқалдары туған жердің ғажайып көрінісімен ерекшеленді. Оқушылар әдемі көріністерді суретке түсіріп, өздерінің жадында қалған тарихи аңыздарды бір-бірімен бөлісіп, байыта түсті.
Ақмола облысы,
Жарқайың ауданы