• RUB:
    6.62
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.18
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:23

Арғымағы арымаған ақын

50 рет
көрсетілді

Орал қаласында ақын, қоғам қайраткері, өлкетанушы ­­Айтқали Нәріковтің шығармашылығына арналған «Қаламгер ғұмыр» атты шығармашылық кеш өтті.

Айтқали ағамыздың есімін бала күні­мізде баспасөз бетінен жиі көре­тінбіз. Әдетте қаламгер өлең өлкесіне, әдебиет әлеміне жаңа қадам басқан жас өрендердің тырнақалды шығармаларын талдап, жақсы үрдіске қуанып, ақ жол тілеп жатушы еді. Бұл ақын ағамыздың Қазақстан Жазушылар одағында Көркем әдебиетті насихаттау бюросының Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарындағы уәкілі қызметінде жүрген кезі болса керек. Ақжайық өңірінде бүгінде танымал болған қалам­герлердің арасында Айтқали ақынның батасын алмағаны кемде-кем шығар.

Кейін ақынның өзін де көрдік: маңдайынан кері қайыра тараған ұзын шашы иығына төгілетін, киімді аса талғап киетін Айтқали Нәріков Олжас Сүлейменов айтатын «Поэт красивым должен быть, как Бог» (Ақын Тәңірі тәрізді сұлу болуы керек) деген ерекшеліктің эталонындай көрінетін.

Айтекең 1940 жылы Тасқала ауда­нындағы Оян ауылында дүниеге келген. Есін білмей жатып басталған Екінші дүниежүзілік соғыста әкесі қан майданға аттанды. Ол қабырғасы қатпай жатып елмен бірге қиындық көрді, еңбекке араласты.

«Алға қарай басып келем нық қадам,

Дауылдарға арқа тосып ықтаман.

Әке, өзің от кешуге кеткенде,

Сәби екем қырқынан да шықпаған.

Ол жылдардың біліп өстім мән-жайын,

(Жүректе жыр, көмейімде ән дайын).

Бір сипар деп сенің алақаныңды,

Аңсап келе жатыр әлі маңдайым...» деп жырлаған жетім ұлдың өмірі сол кездегі мыңдаған, миллиондаған жанға ортақ тағдыр болатын.

ХХ ғасырдың адамзат басына үйірген зобалаңын көріп шыққан осы ұрпаққа ортақ бір қасиет бар – бақытын адал еңбектен іздейді, өзі тұрған жерін тұрақты етуге тырысады. Айтқали аға да сондай: оның ұзақ ғұмырындағы ғибрат – тынымсыз еңбек ету, Құдай берген қабілетті қолынан қаламы түскенше ел игілігіне жарату. Ақынның әлі күнге дейін сергек санасы, жыл сайын оқырманға жаңа кітап ұсынуы дәл осы Жаратқан алдындағы жауап­­кершілікті сезінуінен болса керек.

«Біреулерге мансап қайғы, мал қайғы,

Жалған тірлік жан біткенді жалмайды.

Ұрпағыма байлық тастап кетпеймін,

Арамызды жазғандарым жалғайды», дейді ақын.

Айтқали Нәріковтің тырнақалды туындылары жас ақындардың «Жас керуен» ұжымдық жинағында 1969 жылы жарияланған екен. Одан бері автор­дың «Көк майса», «Самал», «Сағыныш», «Жылдар жаңғырығы», «Мен – майдангер ұлымын», «Ойшылдың өскен ортасы», «Ой мен сой», «Жақсылар жүрер жадымда» секілді кітаптары өлеңсүйер қауымның қолына тиіп, өз бағасын алды. «Ақындар провинцияда туып, аста­нада өледі» деген қағиданы жоққа шы­ға­рып, өмір бойы туған жерінен іргесін ажы­рат­қан жоқ.

Жалпы, Ақжайық өңіріндегі кейінгі қазақ әдебиетінің қалыптасу тарихы – назар аударуға тұрарлық тақырып. 1932 жылы Орал қаласында Қазақтың екінші педагогикалық институты ашылған кезде Алматыдан арнайы жіберілген жас маман Қажым Жұмалиевке қазақ жазушылар ұйымының өңірдегі өкілі болып, қазақ әдебиетін дамыту, жазуға ебі бар жастарды ұйымдастырып, шығармашылыққа баулу міндеттелген екен. Болашақ академик бұл тапсырманы асыра орындаған: 30-жылдары Орал қаласындағы әдеби дүмпу таңғаларлық: Қасым Аманжолов, Абдолла Жұмағалиев, Жәрдем Тілеков, Хамит Ерғалиев, Сағынғали Сейітов, Қуан Тастайбеков, Батыр Қыдырниязов, т.б. қаламгерлер дәл осы дүрмектен дүркіреп шыққан. Ал Ақжайық өңірін­дегі дәл осындай әдеби жарылыс Айт­қали ағаның кезінде болды десек, қате­леспейміз: Жанғали Нәбиуллин, Сағат Әбдуғалиев, Жанғали Мырзалиев, Амангелді Шахин, Дариға Мұштанова, Ұлдай Сариева, Ғайсағали Сейтақ...

Айтқали Нәріковтің тағы бір қасие­ті –­ өз шығармасын жазумен ғана шектелген жоқ. Қаламгер Ығылман Шөрекұлы айтқан «Ел қамын жеген ерлердің сөз білген жанда қақы бар» деген қағидасын да ұмытпады. Ел ішіндегі еңбек адамдары, соғыс ардагерлері туралы деректі тақырыпқа қалам тербеді. Оның Екінші дүниежүзілік соғыстың қаһармандары, Кеңес Одағының батыры атанған Михаил (Биеш) Абдолов пен Садық Жақсығұ­лов туралы жинақтары, еңбек ардагері Нә­сіп­қали Қайырқомов жайында «Үлкен үйдің иесі», «Дала дарабозы» атты қос кітабы – қаламгердің әлеуметтік парызын өтеуі сияқты көрінеді.

Бір тәуірі, ел үшін еткен еңбек ұмытылмайды ғой. Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығы­ның, «Талант» халықаралық сыйлығы­­­­ның лауреаты, «Ерен еңбегі үшін», «Қадыр Мырза Әлі» медальдарының иегері, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан­ның құрметті журналисі, Орал қаласы және Тасқала ауданының құрметті азаматы атанған Айтқали Нұрышқалиұлына туған жері биыл ерекше құрмет көрсетті. Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапхана ақынның бүкіл шығармашылық ғұмырын қамтитын деректі фильм дайындап, «Тарылмайды өлеңдегі өрісім» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. «Желмая жылдар жемісі» атты әдістемелік биб­лио­графиялық көмекші құрал жарық көрді. Айтқали ағаның туған жері – Тасқала ауданында да мерейтойлық іс-шаралар шоғыры өтті. Оның ішінде айта қаларлығы – Оян ауылындағы орта мектепте ашылған қаламгер атындағы кабинет және алғаш рет ұйымдастырылған Айтқали Нәріков оқулары дер едік.

Қазақ әдебиетінің Ақжайық өңірін­дегі ақсақалын өңір басшысы Нариман Төреға­лиұлы да арнайы қабылдап, лайық­­ты құрмет көрсетті. Ал облыс­тық халық шығармашылығы орталығы ұйым­­дастырған «Қаламгер ғұмыр» атты ­шы­ғар­машылық кеш мерейтойлық іс-шаралардың шыңы болды. Бұл кешке Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы, Ақтөбе қаласынан ақын Бауыржан Құрманқұ­лов, Маңғыстау облысынан ақын Ғалым Әріп арнайы келіп, қаламгердің қуаны­шын бөлісті. Әдеби сазды кеште ақын ғұмырының барлық кезеңі қамтылған сахналық көрі­ністер қойылды. Бұл күні сахна төріне көтерілген ақынның өзі де еліне ыстық ықыласын өлеңмен жеткізді.

«Қоңыраумын шығаратын қоңыр үн,

Сергектіктен жаңылмайды көңілім.

Той іздемей, ой іздеумен өрелі,

Өтіп келе жатыр менің өмірім.

Қанағат қып бар нәрсеге қолдағы,

Жүрген жанмын, көпке мәлім ол жағы.

Ұрпақтарым, менен байлық күтпеңдер,

Жұрт оқитын жыр қалдырсам болғаны!» –

дейді ақын. Бұл – оның ақ жүрегінен шық­қан ақиқат сөз.

 

Батыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар