Табиғаты көркем Талғар қаласында FIFA стандартына сай халықаралық «KFF Academy by Almaty International Airport» футбол академиясы ғимаратының іргетасын қалау рәсімі өтті. Жоба еліміздің Футбол федерациясының бастамасымен, Алматы халықаралық әуежайының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылып отыр.
Балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға бағытталған жобаны жүзеге асыруға 8 млн еуро инвестиция салынады. Мұнда еліміздің барлық өңірінен ала доп қууға құмар балалар қабылданып, алаңсыз дайындалуына толыққанды жағдай жасалады.
Салтанатты шараны «TAV Airports Holding» бас директоры Серкан Каптан құттықтау сөзбен ашты. Ол компанияның бұл жобаға қатысуы әлеуметтік жауапкершілікпен ғана шектелмейтінін атап айтты. Оның сөзінше, футбол академиясы компанияның орнықты дамуында стратегиялық маңызға ие.
«TAV Airports Holding» үшін тұрақты даму бағыттары ортақ жауапкершілікке, қоғаммен тығыз байланыс орнатуға, бизнестен бөлек мақсатқа ұмтылуға негізделген. Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік – барша қызметіміздің ұстыны. Жастардың дамуына, қоғамның игілігіне бағытталған бастамаларды қолдау – стратегиямыз бен іс-әрекетімізді айқындайтын құндылық. Жалпы, спорт адамдарды жақындастырып, әр баланың бойындағы қабілет-қарымын ашады. Сондықтан Қазақстан футболының дамуына үлес қосатынымызды мақтан етеміз. Өскелең жастарды қолдау, оларды ширатып, биік шыңға шығару – үлкен мәртебе», деді Серкан Каптан.
Академияның құрылысы – адам капиталына, балалардың болашағы мен спорт әлеуетін арттыруға бағытталған ұзақмерзімді инвестиция. Мұнда жас таланттарды анықтап, оларды дамытуға жүйелі негіз қалыптастырып, кәсіби дайындықпен қатар, онда тұруға, білім алуға, футбол қауымдастығына бейімделуге қажетті жағдай жасалады.
Футбол федерациясының президенті Марат Омаров академияда жас футболшыларға жүйелі түрде заманауи футбол талаптарына сай даярлануға барлық жағдай жасалатындығын мәлім етті.
«Бүгін іргетасы қаланған футбол академиясы – Футбол федерациясының аса ауқымды, стратегиялық маңызы зор алғашқы жобасы. Ол еліміздегі жас футболшыларды даярлау жүйесін өзгертіп, жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Академияға қабылданған балалар осында тұрып, Талғардың мектептерінде оқиды. Түстен кейін футболға даярланады. Осы жерде тамақтанып, тынығады. Демалыс күндері үйлеріне барады. Бағдарлама 2-3 жылға арналған», деді М.Омаров.
Қонақтардың сөзінен соң, академияның іргетасын қалау рәсімі салтанатты түрде жарияланды. Іс-шарада жоба басшылығы футбол добына қолтаңбаларын қойып, оны жас спортшыларға табыстады.
Жалпы аумағы 5 520 шаршы метр болатын академия ғимараты үш негізгі блоктан тұрады: спорттық, әкімшілік-тұрмыстық және жатақхана. Спорттық блокта жабық футбол залы, жалпы дене даярлығы залы, қалпына келу бассейні, киім ауыстыратын, қызметтік бөлмелер болады. Әкімшілік-тұрмыстық блокқа жаттықтырушы кабинеттері, медициналық, оңалту бөлмелері, мәжіліс залы, асхана, техникалық бөлмелер орналасады. Төртқабатты жатақханада оқушылар мен қызметкерлерге арналған бөлмелер, демалыс, жеке дайындық аймақтары бар.
«KFF Academy by Almaty International Airport» – балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту жүйесін нығайту жолындағы маңызды қадам. Бұл жаңа буын спортшыларын даярлауға арналған тұрақты инфрақұрылымды қалыптастыру жұмысының бастамасы. Академия әріптестік қарым-қатынас пен тәжірибені ұштастырған ел спортын жетілдірудегі сапалы әрі жүйелі көзқарастың үлгісіне айналмақ.
Салтанатты іс-шараға қатысқан Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков спорт мәнді де мағыналы ұзақ өмір сүрудің бірден-бір жолы екенін айрықша атай келе, өңірде саламатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ететін 243 спорттық нысан халыққа қызмет көрсететінін, оның ішінде 69 спорт зал, 59 спорт алаңы, 13 соңғы үлгідегі шағын футбол алаңы, теннис корты, тау шаңғысы, басқа да 17 спорт нысаны бүгінде тұрақты жұмыс жасап жатқанын атап айтты. Енді солардың қатарын толықтыратын футбол академиясында еліміздің абыройын асқақтататын жасөспірім футболшылар жаттығып, діттеген мақсатқа жетулеріне тілектестігін білдірді.
Футбол академиясы демекші, 2009 жылдан бастап 2018 жылға дейін елімізден бір топ бала Бразилиядағы әйгілі «Оле Бразил» академиясына футболдың қыр-сырын меңгеруге аттанған еді. Дегенмен, 80-ге жуық баланың арасынан тек Магомед Парагульгов қана ұлттық құрама сапында небәрі екі ойын өткізе алды.
Жоба бастапқыда зор сенім тудырғанымен, нәтиже көңіл көншітпеді. Бұл сәтсіздікке не себеп болды? Бразилиялық бапкерлердің деңгейі төмен бе, әлде біздің балалардың әлеуеті жеткіліксіз бе? Қалай болғанда да, жобадан ел күткендей бірде-бір толыққанды футболшы шықпады. Әр жылы бөлінген 83 миллион теңгеден астам қаржы босқа рәсуа болды.
Енді сол сұрақ тағы да күн тәртібінде тұр. Талғар футбол академиясының болашағы қандай болмақ? Тағы да академия балалары жанкүйерлерін жерге қаратып жүрмей ме?
Алматы облысы