Отбасы қашанда әлеуметтік маңызды институт саналады. Елімізде отбасылық-демографиялық саясатты нығайту мақсатында түрлі әлеуметтанулық зерттеу жүргізіледі. Шаңырақтың шайқалмауы, керегенің сетінемеуі – отбасы құндылығының басты нышаны. Қазақстан қоғамдық даму институты Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының сарапшысы Ақнұр Иманқұлмен сұхбатымыз осы тақырып төңірегінде өрбіді.
– Ұлт болып ұйысу, мемлекет болып іргемізді нығайтудың алғышарты отбасы ынтымағынан бастау алатыны заңдылық. Елдіктің нышаны саналар отбасы құндылығын жас ұрпақ санасына сіңіруде нені қаперден шығармаған жөн?
– Жастар ғылыми зерттеу орталығының мәліметінше, отбасы – жастар үшін ең маңызды құндылық. Әлеуметтанулық зерттеуге қатысып, сауалнамаға жауап қатқан жастардың 80,1%-ы отбасын өздерінің басты құндылығы деп белгілеген. Қуанарлығы, бұл көрсеткіш 2017 жылдан бері сақталып отыр. Демек отбасын құруды, ата-ана атануды зор жауапкершілік екенін тереңдей түйсінетіндердің шоғыры қалыңдап келеді. Десе де неке қарым-қатынасы, ұстаным, шешім қабылдау түсінігі де өзгеріп барады. 2014 жылға дейінгі шаңырақ құру жасы мен 2024 жылғы жағдайды салыстырғанда некеге тұру жасы артып, ерлердің некеге тұру жасы 0,8-ге ұлғайған. Бұл сырт көзге соншалықты көп көрінбегенімен, динамикалық өлшеммен алғанда айтарлықтай алшақтық саналады. Әйелдер санатында да динамика бар, босаға аттап, келін атану жасы да 0,6-ға ұлғайған. Сонымен қатар әйелдердің құрсақ көтеріп, өмірге нәресте әкелу жасы да артты. Жастардың неке қиюға, ата-ана болуға салмақты қарап, жауапкершілікпен қабылдауын жетістік деп бағамдау қажет. Кейінгі жылдары ажырасу деңгейінің төмендегендігі де қуантады.
– Жастардың отбасын құрып, шаңырақ көтеру жауапкершілігін жоспармен, дайындықпен жүзеге асыруы өзінің тиімділігін көрсете ме?
– Әлемдік зерттеулердің түйіні, басқа да сауалнамалардың қорытындысы айғақтағандай, ажырасуға әкеліп соғатын бірден-бір себеп – әлеуметтік-экономикалық мәселе. Жас отбасылардың шаңырақ көтергенде жеке баспанасының болмауы, басқа да әлеуметтік түйткілдер ерлі-зайыпты жас отбасының екіге жарылуына әкеліп соғады. Ілгеріде біз халық арасында мемлекет ең алдымен қай шаруаны шешуі керек деген сауал жолдағанда, респонденттердің басым көпшілігі бірінші кезекте тұрғын үй түйткілі шешілсе деген пікір айтты. Екінші тұрақты жұмыс орындары көптеп ашылып, «екі қолға бір күрек табылса» деді.
– Ұрпақ сабақтастығы, ата-ана мен балаларының арасындағы қарым-қатынас, жақындық алшақтап бара жатқан жоқ па? Өйткені баланы бүгінде смартфон «тәрбиелейтіні» белгілі.
– Ата-ана мен баланың қарым-қатынасы, өзара байланысы жайында айтылғанда жұмысбасты азаматтардың мәселесі күрделірек. Себебі ұзақты күн жұмыста жүреді, үйге келгеннен кейін де баласымен шүйіркелесуге уақыты бола қоймайды. Балаңыз үшін алдымен неге алаңдайсыз деген сауалнама жүргізгенде, көзіміздің жеткені: ата-аналардың басым бөлігі балаларының виртуалды ойындарға байлануына, смартфонды жиі көруіне қатысты алаңдайды. Жұмыс істейтін ата-аналар көбінесе үйде баланы жалғыз қалдырғанда ұялы телефонның серік болуы, виртуалды әлемге тәуелділігі тәрбиеге кері әсерін де тигізетінін айтты.
– Қоғамда вандализм, қарақшылық, тонау фактілері де ұшырасып жатады. Мемлекет ұғымы отбасынан басталатынын біз жеткілікті түсіндіріп жүрміз бе?
– Нарық қоғамының талабынан да шығар, ата-ана баласын ең алдымен табыс табуға үйретеді. Адамгершілік қасиеттер, обал-сауап, айналаңа құрмет деген түсінік кейінге ысырыла береді. Меніңше, балаға ата-ана нені үйретіп, көрсетеді, қоғам алдына шыққанда бала соны қайталайды. Жасыратыны жоқ, көбінесе отансүйгіштік, елге, жерге деген құрметті мектепте үйретуі керек деген қасаң түсінік қалыптасқан. Мемлекеттің мүлкі – сенің де жауапкершілігіңдегі дүние дегенді үйде ата-ана да баласына түсіндіруі керек.
Әңгімелескен –
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»