• RUB:
    6.61
  • USD:
    518.5
  • EUR:
    601.62
Басты сайтқа өту
Форум Бүгін, 09:45

Келешекті сөз еткен келелі пікір алаңы

20 рет
көрсетілді

Көкшетауда Ақмола облысының XII Азаматтық форумы өтті. Бұл жиын тек өңірлік деңгейдегі жиын ғана емес, бүкіл ел үшін стратегиялық маңызы бар оқиға ретінде қа­лып­тасып келеді.

Форумға мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық кеңестер, Қазақстан халқы Ассамблеясы, жастар ұйымдары мен медиа өкілдері қатысып, азаматтық мәдениеттің күнделікті өмір сапасына қалай әсер ететіндігі туралы келелі пікір айтып, ақыл таразысына салды. Форумға қатысушылар құқықтық сауаттылық пен қо­ғам­дық бақылау, инклюзия, жергілікті өзін-өзі басқару, экология, цифрландыру тәрізді ауқымды тақырыптарды жан-жақты жіктеп, дамыту жолдарын қарастырды. Сайып келгенде бұл тәжірибе талдамалық, ұтымды ұсыныстарды, оңтайлы әдіс-тәсілдерді қолдана білуге жол сілтейтін тың ойлар тербетілген бесік іспетті.

Форум бес бағыт бойынша тыңғылықты жұмыс істеді. Заңнама мен институционалдық диалогтен бастап, жасанды ин­теллект, креативті эконо­мика жағдайында үшінші сек­тор­дың бейімделуіне дейін ма­ңызды тақырыптар қозғалды. Мемлекеттің азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын іске асыруға арналған секцияда мей­лінше мазмұнды диалог өрбіді. 2020–2025 жылдарға арналған тұжырымдаманың алғашқы ке­зеңінің нәтижелері нақты көр­сеткіштер арқылы ұсынылды:

– Біз жүйелі реформалар жүргіздік. «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылданды, тоғыз заңнамалық актіге өзгерістер енгізілді, бірлестіктерді тіркеу жеңілдеді, енді үш адамның өзі жеткілікті. Онлайн-петициялар, жаңа гранттар мен сыйақы фор­маттары пайда болды. Ең бас­тысы, ҮЕҰ-ға деген сенім нығайып, олар әлеуметтік серік­тес ретінде қабылдана бастады, – деді Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова.

Мемлекет пен қоғам арасын­дағы сапалы әріптестік, барлық рәсімдерді цифрландыру, стра­те­гиялық серіктестікті дамыту, жергілікті бастамаларды қолдау басты басымдық болмақ.

– Бүгінгі міндет – сандық жетістіктерден сапалы, өзара тиімді әріптестікке көшу. ҮЕҰ жай ғана жобаларды орындаушы емес, олар – білім, мотивация мен сенім таратушы орта, – деді Қазақстан Азаматтық альян­сының президенті Бану Нұрғазиева.

Құқықтық мәдениетке ар­налған секцияда ақпаратқа қол­жетімділік, құқықтарды қорғау, экология, зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыптары тал­қы­ланды. Сенатор Жанна Асано­ва­ның пікірінше, құқықтық мә­дениет – факультатив емес, қажеттілік.

Инклюзия мәселелері жеке бағыт ретінде қаралды. «Қазақ­стан халқына», Болат  Өтемұратов қорларының өкіл­дері ерек­ше білім беру қа­жет­тілігі бар балаларды қол­дау, маман­дарды оқыту, білімге тең қол­жетім­ділікті қам­тамасыз ету жө­­нінде өңір­лер­де жүзеге асы­ры­лып жатқан жобалармен таныстырды.

«Ашық жүрек – Открытое сердце» қорының жетекшісі аза­маттық сектор туралы көзқарас­тың кейінгі жылдары қалай өзгер­генін айтты:

– Бүгінде үкіметтік емес ұйымдар ұғымы әрбір адамға түсінікті. Адамдар көріп отыр: мем­лекет үлгермей жатқан жер­лерде біз көмекке келеміз. Бұл – бизнес те, саясат та емес, адамгершілік пен өзгеріске ұмтылу, – деді Олеся Жагпарова.

Форумның пленарлық отырысы оның логикалық қоры­тын­дысы болды. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев құттықтау сөз сөйледі. Форум қорытындысы бойынша өңірлерде үкіметтік емес ұйымдарды қолдау ин­фрақұрылымын дамыту, мем­лекеттік тапсырыс тетіктерін жетілдіру, жаңа цифрлық сер­вистерді енгізу, шешім қабыл­дау үдерістеріне қоғамдық ұйымдардың жүйелі қатысуын қамтамасыз ету жөнінде нақты ұсыныстар енгізілген қарар қабылданды. Ең белсенді қаты­су­шылар облыс әкімі мен Азаматтық альянс атынан алғыс­хаттармен марапатталды.

 

КӨКШЕТАУ