2023 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заңға қол қойды. Сөйтіп, мемлекетіміз қоғамның барлық мүшесіне тең мүмкіндікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қатысты кемсітушілік жағдайларды жоюға міндеттеме алды.
Мемлекет басшысы мүгедек жандарға қамқорлық жасауды әлеуметтік саладағы басты міндеттердің бірі ретінде белгіледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы бағыттағы сан салалы қызметтер желісін жүйелі үйлестіріп, мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Оларды белсенді тірлікке тарту, жұмыспен қамтуға қатысты шаралар арнасын кеңейту – қашанда күн тәртібінде. Жарымжан жандарға қамқорлық – адамшылық абзал қасиеттер мен өркениетті қоғамның басты көрсеткіші. Мүгедектігі бар адамдар да қоғамның тең мүшесі, оларға жасалатын жағдай – елдің әлеуметтік саясатындағы ең маңызды бағыттардың бірі.
Осы бір аса нәзік, барынша жауапты қызмет жүктелген ведомство, түрлі ұйым, бірлестік, қоғам атаулының басты міндеті – ең алдымен, мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажына толық жауап беру, осы топтағы адамдардың тіршілік ету сапасын жақсарту, олардың өздерін қоғамымыздың толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасау.
Елімізде мүгедек жандарға қандай да бір кедергілер болуға тиіс емес. Олардың қатары қазіргі таңда 700 мыңға жуықтап отыр. Демек біз осынша адамға өзіміздің қолдау-көмегімізді көрсетуіміз керек, оларды әрдайым назардан тыс қалдырмауымыз керек.
Бүгінде мүмкіншілігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғауға байланысты маңызды мәселелер рет-ретімен өз шешімін тауып жатыр. Мәселен, еліміздегі барлық заңнамаларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жөнінде, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік қорғау, басқа да салаларда қолжетімділікті қамтамасыз етуге қатысты нақты міндеттер алға қойылды. Жалпы, мүгедектігі бар адамдарды қорғау әлеуметтік көмек, медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалту, білім беру, басқа азаматтармен бірге қоғам өміріне қатысуға тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған өзге де шараларды ұсыну жолымен қамтамасыз етіледі. Мүгедектердi оңалту олардың шектеулi тiршілiк әрекетiн жеңуiне жағдай туғызуға, әлеуметтiк мәртебесiн қалпына келтiруге, әлеуметтiк-тұрмыстық, қоршаған ортаға бейiмделуiне бағытталған.
Әлеуметтік қолдаудың басты бір тетігі – жәрдемақылар мен төлемдер. Кейінгі жылдары мемлекет тарапынан әлеуметтік төлемдерге, жәрдемақыларға, жол жүруге, дәрі-дәрмек алуға, қарастырылған өзге де жеңілдіктерге қомақты қаржы бөлініп отыр. Айталық, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес отандастарымызға биыл 310 млрд теңге сомада мүгедектігі, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер төленіпті. Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды (МӘЖ) төлеуге республикалық бюджеттен 272,7 млрд теңге жұмсалған. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен, асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 37,3 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылған.
2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 542,5 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша шамамен 198,1 мың адамды құрады. Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне, ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады.
Бұдан бөлек, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай негізінде 93,2 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, 64,2 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.
Төлемдердің мөлшері кейінгі екі жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты. Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.
Мүгедектігі асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 6,5%-ға өсті. Үкіметтің шешімімен еңбекке қабілеттілігінен айырылу, асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-дан төленетін төлемдердің мөлшері де 6,5%-ға артты. Мысалы, биылғы жылы жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері І топ үшін 101 702 теңгені, ІІ топ үшін 81 362 теңгені, ІІІ топ үшін 55 474 теңгені құрайды. Еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 70 245 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша 72 524 теңгені құрады.
Мүгедек жандар тарапынан түрлі өтініш-шағымдар жиі түсіп жатады. Олардың бірде-бірі жауапсыз, аяқсыз қалған емес. Тиістілігіне қарай әкімдіктерге, басқарма-бөлімдерге, басқа да ұйым-мекемелерге жолданып, дер кезінде тиянақты жауабы беріледі.
Жарымжан адамдарға тең мүмкіндік жасау – олардың білім алуына, жұмыс істеуіне, қоғамдық өмірге қатысуына жағдай жасау деген сөз. Бұл – тек заң талабы емес, адамзаттық борыш. Арбамен жүретіндерге арналған пандустар, арнайы лифтілер, дыбыстық бағдаршамдар мен бейімделген көлік түрлері – физикалық қолжетімділіктің көрінісі. Бұл ретте мүгедектер жөнінде жеке-жеке әлеуметтік карта толтырып, олардың тұрмыс жағдайы, қоғамға араласуы, сұраныстары, талап-тілектері туралы мағлұматтар жинау дұрыс жолға қойылған. Соның арқасында, мүгедектерді оңалту бағдарламалары бойынша сан мыңдаған адам орындық-арбалармен, сурдотеплотехникамен, протездеумен, санаториялық-курорттық емдеумен, гигиеналық жабдықтармен, ымдау тілі көмекшісі қызметімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ арнайы бағдарламалар арқылы мүгедектігі бар жандардың білім алуына, кәсіп үйренуіне, жұмыс табуына жағдай жасау олардың өзіне деген сенімін арттырып, қоғамға пайда әкелуіне жол ашады.
Қорыта келгенде, жарымжан адамдарға мейіріммен, түсіністікпен қарау – әр азаматтың мәдениеттілігі мен рухани кемелдігінің белгісі. Жарымжан – жарты адам емес. Ол да толық өмір сүруге, ықылас пен құрметке лайық. Оларға қамқор болу – қоғамның ізгілігін танытатын абыройлы борыш.