• RUB:
    6.61
  • USD:
    518.5
  • EUR:
    601.62
Басты сайтқа өту
Медицина Бүгін, 17:42

Шымкентте жасалған дәрі-дәрмек енді шетелде сатылады

20 рет
көрсетілді

Шымкентте дәрі-дәрмек өндіретін «Химфарм» АҚ жаңа тауарлық бренді Еуропалық Одақтың GMP сертификатын таныстырды. Бұл құжат кәсіпорынның өндірісі халықаралық сапа стандартына толық сәйкес екенін растайды. Және келешекте отандық дәрі-дәрмек экспортын әлемдік нарықтарға шығаруға кең жол ашады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Химфарм» АҚ зауытында өткен таныстырылым іс-шарасына Қазақстанның Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов, Polpharma тобы Бақылау кеңесінің төрағасы Ежи Старак пен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

Мамандар Орталық Азиядағы тұңғыш Еуропалық одақтың тиісті өндірістік практика сертификатына (GMP) ие болуы үлкен жетістік екенін жеткізді.

Кездесуде тараптар болашақ фармацевт мамандарды даярлау мәселесіне де ерекше назар аударды. Осы орайда Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттеріне білім беру гранттары табыс етілді. Мұны жауапты өкілдер компания тарапынан болған адами капитал мен саланы стратегиялық тұрғыдан ұзақ мерзімді дамыту деп бағалады.

Өз кезегінде шаһар басшысы отандық фармацевтиканы дамытып, озық технологиялар енгізіп, жұмыс орындарын құрған инвесторларға барша жұрттың атынан алғысын білдірді. Жиында жоғары технологиялық дәрі-дәрмек өндірісі денсаулық сақтау жүйесін нығайтыны, импортқа тәуелділікті азайтып, қаланың тұрақты, бәсекеге қабілетті экономикасын қалыптастыруға ықпал ететіні жөнінде айтылды.

Жалпы  «Химфарм» АҚ Қазақстандағы ең ірі дәрілік заттар өндіретін кәсіпорындар қатарына кіреді. Өз елімізде қолданылатын әрбір бесінші дәрі Шымкенттің фармацевтикалық зауытында шығарылады. Бүгінгі таңда компанияда 1300-ден астам адам тұрақты еңбек етеді. «Химфарм» жеткен жетістіктің бірі бейінді жоғары оқу орындарымен өзара әріптестік байланыс орнатқан. Соның нәтижесінде білікті фармацевтикалық кадрлар даярлау ісінде үлкен өзгерістер орын алды.

 Шымкент