• RUB:
    6.61
  • USD:
    518.5
  • EUR:
    601.62
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 17:00

Мәжілістің үшінші сессиясы өз жұмысын аяқтады

20 рет
көрсетілді

Бүгін Мәжіліс депутаттары үшінші сессияның жұмысын аяқтады. Парламенттің жалпы жұмыс қорытындысы 30 маусымда қос палатаның бірлескен отырысында жасалады. Осыған дейін Мәжіліс осы сессия аясында 39 жалпы отырыс өткізіп, 249 мәселе қарап, 90 заң қабылдаған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сессияның басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттардың жұмысына серпін берген болатын. Жолдауларында, сайлауалды бағдарламасында және Ұлттық құрылтай отырыстарында айтылған бастамаларды іске асыру – депутаттар үшін басты міндеттердің бірі болды.

Әлеуметтік бағыттағы бастамалар

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты тәсілдер қайта қаралып, сақтандырылмаған азаматтарға да алғаш жүгінгенде тегін базалық медициналық көмек алу мүмкіндігі сақталды. Онкологиялық скринингтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілді. Сонымен қатар, есту қабілеті нашар жандар, әсіресе балалар, жергілікті бюджет есебінен есту аппаратымен қамтамасыз етіледі.

Балалар құқығын қорғау бағытында кәсіби отбасы институты енгізілді. Бұл қиын жағдайға тап болған балалардың балалар үйіне түспей, отбасында тәрбиеленуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жекеменшік мектептерде де ыстық тамақпен қамту мәселесі шешімін тапты.

«Келешек» ерікті жинақтау жүйесі арқылы балалардың сапалы білім алу мүмкіндіктері кеңейеді. Халықаралық ғылыми жарыстардың жеңімпаздарына «Болашақ» бағдарламасы аясында конкурссыз гранттар алу мүмкіндігі берілді.

Құқықтық сала мен ішкі қауіпсіздік

Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған 530 полиция қызметкерінің отбасына ай сайын жәрдемақы төлеу мәселесі шешілді. Құқық қорғау органдары қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері қарастырылды.

Заңнамалық деңгейде интернет-алаяқтық, дропперлік әрекеттер үшін жаза күшейтілді. Некеге мәжбүрлеу мен адамның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салынды. Есірткі таратушылар мен алғаш рет сүрінген жастар арасындағы айырмашылық нақты белгіленіп, 3 мыңнан астам іс қайта қаралды.

Сонымен қатар Конституцияның 30 жылдығына орай Рақымшылық жасау туралы заң қабылданып, Мемлекет басшысы оған қол қойды. Бұл заң 15 мың азаматтың жаза мерзімін қысқартуға, 2 мыңға жуық адамның бостандыққа шығуына мүмкіндік береді.

Экономика және салық саясаты

Сессия барысында жаңа Бюджет кодексі қабылданып, бюджет процесі жеңілдетілді. Ұлттық қор активтерін басқару тәсілдері қайта қаралды. Өңірлердің қаржылық дербестігі артып келеді.

Ең қызу талқыланған құжат – Салық кодексі. Құжат азаматтар мен кәсіпкерлердің мүддесін ескере отырып қабылданды. Бұл ретте салық ауыртпалығын арттыру есебінен бюджет кірісін ұлғайтпау принципі сақталды.

Су және халықаралық саясат

Су ресурстарын басқаруға қатысты жаңа Су кодексі қабылданып, су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру көзделді. Сонымен қатар, 36 халықаралық шарт пен келісім ратификацияланды. Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясына төрағалық ету кезегі Қазақстанға өтті.

Парламенттік бақылау мен қоғамдық қатысу

Сессия барысында Жоғары аудиторлық палата төрағасының екі есебі тыңдалды. Ауыл шаруашылығы мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету салаларындағы субсидиялар мәселесі көтерілді. Сонымен қатар, 461 депутаттық сауал жолданды. Мәжіліс депутаттары өңірлерде 2 мыңға жуық азаматты қабылдады.

АЭС салу бойынша республикалық референдумға дайындық, Президенттің саяси реформаларын жүзеге асыру, Ұлы Жеңіс ардагерлеріне тағзым – бұл сессияның елеулі кезеңдері болды.

Келесі сессия міндеттері

Келесі сессияда Мәжіліс Құрылыс кодексі, құқық бұзудың алдын алу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, банк қызметі және басқа да маңызды заңдарды қабылдауды жоспарлап отыр.

Сөз соңында Мәжіліс депутаттары өңірлерге барып, сайлаушылармен кездесіп, нақты мәселелерді талқылауға кіріседі Палата Төрағасы әріптестеріне атқарған еңбектері үшін алғыс айтып, БАҚ өкілдеріне объективті жұмыс үшін ризашылығын білдірді.

«Баршаңызға ел игілігі жолындағы жауапты істе мықты денсаулық, толайым табыс тілеймін», деді ол.