• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.26
  • EUR:
    602.13
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 16:35

Үкіметте энергия тиімділігін арттыру мәселесі қаралды

20 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен ҮЕҰ өкілдері мен қоғам белсенділерінің қатысуымен ҚР Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық жаңару бойынша ауқымды шаралар қолға алынып жатыр. Бұл ретте өнеркәсіп саласы қоршаған ортаға әсерді азайту және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатында үздік қолжетімді технологияларды енгізу бағытына бет бұрды.

«Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында елімізде экологиялық жаңарудың ауқымды іс-шаралары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар өндірістің қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсерін азайтуымыз керек. Жасыл экономикаға көшу және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін озық технологияларды енгізуді ескере отырып, өнеркәсіп секторын жаңғыртуды жандандыру қажет. Басым бағыттардың бірі – атмосфераға шығарындылар мен парниктік газдарды қысқарту, сондай-ақ өндірістің энергия тиімділігін арттыру», деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Ұлытау облысындағы экологиялық жағдайға әсер ету мәселесі бойынша «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС, «Казцинк» ЖШС және Qarmet АҚ басшылығының өндірістерді жаңғырту саласында атқарылған жұмыстар туралы есептері тыңдалды.

«Қазақмыс» корпорациясы байыту фабрикаларында тозаң тұтқыш жүйелерін орнату арқылы шаңды жинау тиімділігін 99,9%-ға жеткізді. Жезқазған зауытында газдандыру нәтижесінде шығарындылар 16%-ға төмендеді, ал Балқаш зауытында тұщы суды тұтыну 35%-ға қысқарды. Өндірілген қож көлемінің 100% мыс концентратын, өрескел қорғасынды және т. б. алу арқылы өңделеді.

«Қазмырыш» ЖШС Өскемен металлургиялық алаңында жұмыстар жүргізілді, нәтижесінде шығарындылар 4 еседен астам төмендеді. 2001 жылғы 69 мың тоннадан қазіргі уақытта 15 мың тоннаға дейін. Негізгі өндірістік алаңдарда ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу жоспарлануда: бұл газдардан күкірт диоксидін кәдеге жарату жөніндегі жаңа жабдықты орнату, қатты бөлшектерді ұстауға арналған сүзгілерді қайта жаңарту және тағы басқалар осы мақсаттарға арналған инвестициялардың жалпы көлемі 108 млрд теңгеден асады», делінген хабарламада.

Сондай-ақ «Qarmet» АҚ 2024–2030 жылдарға арналған Жол картасы аясында кокс батареяларын жаңарту, қазандықтарды жаңғырту, пештерді газға көшіру және тазарту жүйелерін жақсарту секілді бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыруда. Соңғы екі жылда компания атмосфераға шығарындыларды 10,3%-ға, ал қалдықтар көлемін 19,8%-ға төмендеткен.

«Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығының директоры Бақыт Есекина, «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Айгүл Соловьева, KazWaste қалдықтарды басқару жөніндегі қазақстандық қауымдастықтың атқарушы директоры Вера Мұстафина бизнеспен жаңа технологияларды енгізуді ынталандыру, көмірқышқыл газы шығарындыларын цифрландыру, ірі компаниялардың есептілігінің ашықтығын қамтамасыз ету және тағы басқа мәселелер мен ұсыныстар бойынша жұртшылық атынан сөз сөйледі.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, жыл сайын экологиялық рұқсаттар аясында қалдықтар бойынша нормативтер төмендетіліп отыр. Бұл 2035 жылға қарай зиянды шығарындыларды 300 мың тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді деп күтіледі.

Олжас Бектенов Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі бойынша Үкіметтік емес сектор, ғылыми қоғамдастық және бизнес өкілдерінің бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар өнеркәсіп кәсіпорындары өндірістерде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін белсенді жұмыс істеуі керек. Үкімет тарапынан осы мәселе бойынша бақылау күшейтіледі.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты министрліктерге бірқатар тапсырма берді:

Экология министрлігі өнеркәсіп кәсіпорындармен бірлесіп – Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманың индикаторларын стратегиялық құжаттар мен табиғатты қорғау іс-шараларының жоспарларына енгізуді қамтамасыз етсін. Компаниялар өндірістің экологияға әсері туралы барлық ақпаратты өздерінің интернет-ресурстарына орналастыруы керек.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Қазақмыс» және «Қазмырыш» компанияларымен бірлесіп – энергия тиімділігінің нысаналы индикаторларын, сондай-ақ жүргізілген энергия аудитінің қорытындылары бойынша энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі жоспарларды қайта қарасын.

Экология, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері қоғам қайраткерлерімен және халықаралық ұйымдармен бірлесіп – өнеркәсіп кәсіпорындары үшін орнықты даму жөніндегі есептілікті енгізу бойынша бірқатар семинар мен кездесулер өткізу мүмкіндігін қарастыру және жұртшылық үшін ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз етуі тиіс.

Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім министрліктері – тиісті ұсынымдар әзірлей отырып, өндірістің зиянды факторларының халық денсаулығына әсеріне қатысты терең ғылыми зерттеулер жүргізу мәселесін пысықтасын.