Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мұндай бастамаларды іске асыру кезінде инфляцияға әсерін ескерген жөн екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ең төменгі жалақыны көтеру бір жағынан өндірістік шығындардың көбеюіне, екінші жағынан тұтыну секторының белсенділігінің артуына алып келеді. Ертең бұл сұранысқа тікелей ықпал етуі мүмкін. Сондықтан мұндай шешімдерге өте мұқият қарау керек», деді Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, ең төменгі жалақыны көтеру мен инфляция арасында тікелей, ұзақ мерзімді байланыс болмауы мүмкін, бірақ сарапшылар арасында бұл мәселеге қатысты түрлі көзқарастар бар. Сол себепті, жалақыны арттыру біртіндеп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы тиіс процесс.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта елімізде ең төменгі жалақы мөлшері – 85 000 теңге. Бұған дейін Мәжіліс депутаты қосалқы қызметкерлер, тазалықшылар және техникалық персоналдың жалақысы жайлы мәселе көтеріп, оны 174 000 теңгеге дейін көтеруді ұсынған еді.