• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.26
  • EUR:
    602.13
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 11:15

Astana LRT операторлары Қытайда тағылымдамадан өтіп жатыр

20 рет
көрсетілді

29 LRT операторы Тяньцзинь қаласында (ҚХР) оқудың екінші кезеңінен өтіп жатыр. Курс теориялық, тренажерлық оқыту және жылжымалы құрам бойынша тәжірибелік сабақтарды қамтиды, деп хабарлайды Egemen.kz CTS-ке сілтеме жасап.

Бірінші кезең – базалық теориялық курс – Астанада өткізілді. Қазіргі таңда Тяньцзиньде оқыту жалғасып жатыр: мұнда тереңдетілген теория, тәжірибе және өндірістік тәжірибеден өту көзделген. Кейін Астанада қорытынды кезең – LRT вагондарында тәжірибеден өту және тікелей жұмысқа көшу жоспарланып жатыр.

Бағдарламаның мақсаты – LRT жүйесінде вагондарды қауіпсіз, тиімді және дербес жүргізе алатын, техникалық қызмет көрсете алатын және қажет болған жағдайда ақауларды жоя алатын мамандарды дайындау.

Астанадағы алдыңғы оқыту кезеңдерінде теориялық сабақтарды Тяньцзинь метрополитені мен Чжэнчжоу теміржол кәсіби-техникалық институтының (Қытай Халық Республикасы) оқытушылары жүргізді. Ал Тяньцзиньде сабақтарды Тяньцзинь метросының мамандары жүргізіп жатыр.

Оқыту бағдарламасы 10 қыркүйекке дейін жалғасады. Бағдарлама аяқталған соң қатысушыларға біліктілігін растайтын сертификаттар табысталады.

Апаттық жағдайларды үлгілеу үшін қытайлық тарап Астана қаласының климаттық және пайдалану жағдайларына бейімделген жаңа симуляциялық бағдарламалар әзірлеген. Тәжірибе арнайы оқу алаңында өтіп жатыр, онда төтенше жағдайлардағы әрекеттерді пысықтауға және практикалық дағдыларды бекітуге ерекше көңіл бөлінеді. Қорытынды кезең нақты желілерде жұмыс істеуді, көлік жүйесін сынақтан өткізуді және шынайы пайдалануға барынша жақын жаттығуларды қамтиды.

«Операторларды оқыту – Астанадағы LRT жобасын іске қосуға бағытталған маңызды қадам. Біз тек озық технологияларды енгізуді ғана емес, оларды білікті мамандардың тиімді пайдалануын қамтамасыз етуге де ұмтыламыз. Заманауи оқу құралдарын пайдалану, түрлі сценарийлерді модельдеу және төтенше жағдайларда әрекет етуді пысықтау – болашақ операторларға қажетті дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді», деп атап өтті «City Transportation Systems» ЖШС басқарушы директоры Бауыржан Айтхожин.

Оқыту LRT құрылысы бойынша келісімшарт аясында және бас мердігер – «China Railway Asia-Europe Construction Investment» компаниясы тарапынан жүзеге асырылады.