Бала екі-үш жасқа толған кезде, анасының жұмысқа шыққысы келетіні сән үшін емес, заман талабы десек те болады. Бірақ уайым бақшада да бітпейді, мектепте де көбеймесе, азаймайды. Таңнан кешке дейін жұмыста жүрген ата-ана баласының сабақтан кейінгі бос уақытын сапалы өткізуін ойлайды. Баланың мектептен шыққан соң қосымша сабақтар мен түрлі үйірмелерге баратыны, сол уақытты қалай толтырамыз дегенге саятынын да көріп жүрміз.
Осындайда бастауыш сыныптың оқушысы болса, оны әрі-бері апарып жүретін бөлек бір адам керек. Міне, сондықтан да қазір баласын жеке мектепке бергісі келетіндер саны арта бастады. Астана мен Алматы қалаларында жыл сайын дерлік ашылып жатқан жаңа мектептер осы сұранысты қамтамасыз етуге бағытталған. Өз тәжірибемнен биыл қандай жеке мектеп ашылар екен деп күтіп жүретін ата-аналарды да байқадым. Өйткені жаңадан ашылған мектептің жаңалығымен бірге, жеңілдігі де болады деп ойлайды. Бірақ оның бәрі де уақытша, бір жыл өтпей өздері аяқ тартқан мәселе алдарынан қайта шығады. Сондықтан ата-ана үшін әуел бастан дұрыс мектеп табу өте маңызды дер едік.
Әрине, бұл жерде сұраныспен бірге, соған сай оқу ақысы да ескерілмей қалмайды. Жеке мектепте оқуды таңдаған ата-ананың бірінші қарайтыны, білімнен бұрын баға десек те қателеспейміз. Себебі білім бағасының аз-көп, үлкен-кішілігіне ата-ана әлі толық дайын емес. Осы орайда жаңадан ашылып жатқан мектептердегі оқу бағасын төрт топқа бөлуге болады:
– Жылдық ақысы 500 000 теңгеден, 1 700 000 теңгеге дейін;
– 1 800 000 теңгеден, 3 000 000 теңгеге дейін;
– 3 100 000 теңгеден, 9 000 000 теңгеге дейін;
– 9 000 000 теңгеден жоғары.
Бірінші және екінші топты айтар болсақ, бұл мектептердің негізін қалаушылар – көбіне кіші және орта бизнес иелері. Әдетте мектептің көлемі үлкен емес, ішінде арнайы спорт залы мен мәжіліс залы болмауы да мүмкін. Білім сапасы бойынша мемлекеттік мектептерден қатты айырмашылығы жоқ. Бірақ мемлекеттік мектептерден басты айырмашылығы, баланы таңнан кешке дейін қалдырып кете алу мүмкіндігі бар. Ата-аналар жұмыстан сұрана бермеу үшін, арада әрі-бері жүгірмеу үшін осы жолды таңдайтын сияқты. Мұғалімдердің көбі мемлекеттік мектептен ауысып келгендіктен, бұл топтағы мектептердің біразында, ҰБТ-ға дайындаудың академиялық базасы жаман емес. Алайда сол мұғалімдердің тұрақтамауы, жиі ауысып жатуы ойлантпай қоймайды. Оған жалақының уақтылы төленбеуі, ресми жалақы мен қолға берілетін жалақының екі түрлі болуы әсер етеді. Одан бөлек, мұғалім негізгі сабақтардан бөлек, қосымша үйірмелерді де жүргізеді. Мысалы, еңбек сабағынан беретін ағай түстен кейін сол мектепте бір үйірмені жүргізеді де, кешке мектеп автобусының жүргізушісі болып шыға келеді.
Жылына төленетін 500 000-1 700 000 теңгеге әдетте оқу ақысы, оқулықтар, үйірменің екі түрі және күнделікті тамақ кіреді. Мектеп формасы берілмейді, оқушылар көбіне мемлекеттік мектептегідей киімдерді киеді.
Үшінші топтағы бағасы 3 100 000 теңгеден басталатын мектептерде, «мектепке кіру құны» болады. Ол оқу ақысынан бөлек төленетін бір реттік, қайтарылмайтын сома. Бұл мектептерде заманауи көзқарас деген оймен жұмысқа жастарды көбірек алады. Кейде араларында тым жас мамандар да кездеседі. Бұл мектептерде түрлі әдістемелер қолданылады. Бірі – Сингапур методикасымен оқытамыз деп жатса, екіншісінде – халықаралық бакалавриат басымдыққа ие болып жатады. Жиі кездесетін халықаралық бакалавриат дегені көп жерде қысқартылып, IB деп көрсетіліп тұрады, бұл – Швейцарияда әзірленген 3 жастан 19 жасқа дейінгі балаларға арналған білім беру бағдарламасы. IB ағылшын, француз және испан тілдерінде оқытылады. Біздің елдегі IB деп жүргені қазақ, орыс тілінен бөлек, ағылшын тілінде оқуды ұсынады. Бұл жерде білу керек нәрсе маркетинг мақсатында IB деп жазылғанымен, тіпті Астананың өзінде біраз мектепте ол IB бағдарламасымен оқыту рұқсаты алынбаған, олар сол рұқсатты енді алу жолында болуы да мүмкін. Сол себепті бағдарламаның кей талаптары толық сақталмайды. Мысалы, талапқа сәйкес ағылшын тілді сыныпта Қазақстан тарихы, қазақ тілі сынды пәндер тек қазақ тілінде өткізілуі керек. Алайда іс жүзінде бұл пәндер орыс тілінде өткізіле береді.
Бұл топқа арнайы бағыттағы жеке мектептерді де қосуға болады. Олар көбіне сабақты мемлекеттік стандартқа сай береді де, түстен кейінгі уақытта бағытқа сәйкес арнайы мамандандырылған сабақтар өткізеді. Осы себеппен де мектеп жыл соңына қарай оқушының қолына екі ресми қағаз ұстатады. Бірі мемлекеттік стандартқа сай білім алды деген болса, екіншісі музыка, өнер, IT саласын меңгерді деген дәлел қағаз.
Көрсетілген оқу ақысына сабақ, оқулықтар, тамақ және мектеп формасы кіреді. Мектеп формасының өзі сабаққа және спортқа киетіні деп бірнешеуі беріледі. Кей мектепте тіпті ұстайтын сөмкеңе дейін алып, қуанып қаласың.
Баласын бұл мектепке берген ата-ананың ойында, кейін баланы шетелге оқуға жіберу де болуы әбден мүмкін. Дегенмен бұл үшінші топтағы мектептерде ағылшын тілін беру сапасы орташа, мемлекеттік мектептерден көп айырмашылығы жоқ. Пәнді шетелдік мұғалімдердің өткізуі сирек. Оның өзінде көбінде акцент естіледі, әрі дамушы елдерден жұмыс іздеп келген мұқтаж жан екені сезіліп қалады.
Қаражаттан қысылмайтын, өзіміздің елде жүріп-ақ баласының халықаралық деңгейде сапалы білім алуын қалайтын ата-ана төртінші топтағы мектептерге назар аударса болады. Бағасы 9 миллионнан асатын мектептердегі мұғалімнің біліктілігі де, өзін ұстауы да ерекше. Таңнан кешке дейін бала мектепте болса, жанында педагогикалық білім мен үлкен тәжірибесі бар мұғалімдер жүреді.
Бұл топтағы мектептердің саны қатты көп те емес. Былтыр солардың қатарына Британ білім беру жүйесімен сабақ беретін «Ardingly» мектебі де қосылды. Мектепке түсу үшін де емтихан тапсыру керек. Мұғалімдердің білім саласындағы тәжірибесі сол алғашқы сынақтан-ақ байқалады. Әйтеуір өткізе салу, ала салу емес, орта қалыптастыру үшін жанашырлық пен жауапкершілік барын сезінесіз. Мектеп ұжымы адами құндылықтарға көп көңіл бөледі. Мысалы, әр аптаға адалдық, жауапкершілік сияқты белгілі бір тақырып қойылады. Апта соңында дәл сол қасиет бойынша өзін керемет көрсеткен бала міндетті түрде марапатталады. Оқушылар бір-біріне қызыға отырып, білім жағынан үнемі жарысқа түседі.
Жоғарыда аталған мектепте білім нарығына кіру де сатылап басталды. Алғашқыда 1-6-сынып оқушылары қабылданса, биыл 7-8-сынып оқушыларына қабылдау жарияланғанын оқыдық. Алдағы уақытта тағы да жоғары сыныптар қоспақ ниеттері бар. Бұрын тойхана салып жарысқан ағайын, қазір мектеп ғимараттарын заманға сай етіп салуда жарысқа түскен сияқты. Жоғарыда аталған мектеп басшылығына біз осы сұрақты да қойдық. Олардың сол жағалаудағы Ұлы дала көшесінен жаңа ғимарат салып жатқанын естідік. Мектеп аумағына кампус та салынбақшы екен. Ол басқа өңірлердегі оқушыларға Астанада тұрып оқуға мүмкіндік береді. Бұл жоспармен де мұқият таныстық та, басқа жеке мектептерге де үлгі етуге болады екен дестік.
«Ardingly» мектебінің осы төртінші топтағы басқа мектептерден ең басты айырмашылығы, мұнда балалардың бойына қазақтың ұлттық құндылықтарын сіңіру, сондай-ақ олардың қазақ тілінде еркін сөйлеулеріне мүмкіндік тудыру бағытында бірқатар іс-шара жасалып отыр. Оқушылар өзара ағылшынша сөйлессе де, Қазақстанның Әнұранын да, ұлттық мерекелерін де біледі, ешбірін қалдырмай атап өтеді.
Бұл – менің көпбалалы ана ретінде көрген, білгенімнен жазылып отырған ақпарат. Басқа дүниеге үнемдесек те, еліміздің болашағын осы балалардың құратынын ескеріп, білімге инвестиция ретінде қараған өзіме дұрыс сияқты.
Әсем ЖҮСІПБЕК,
халықаралық сауда және құқық маманы