Бүгін елордамызда «Астана Тазалық» серіктестігінің бастамасымен журналистерге арналған баспасөз туры өтті, деп жазады Egemen.kz.
Елорданың экологиялық күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі – санитарлық тазалықты күшейту және коммуналдық қызметтердің ашықтығы – осы іс-шараның басты арқауына айналды. Ауқымды іс-шараға БАҚ өкілдерімен қатар, экологтар, блогерлер, қоғам белсенділері қатысты. Қатысушыларға қаланың санитарлық деңгейін сақтауға көмектесетін заманауи техника таныстырылып, кәсіпорынның өндірістік нысаны бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Сондай-ақ салалық мамандар іс-шара қонақтарымен пікір алмасты.
Астана – қарқынды дамып жатқан заманауи мегаполис. Мұнда күн сайын ауқымды құрылыс жүргізіледі, инфрақұрылымы күрделеніп, көлік саны артып жатыр. Бұл – қоршаған ортаға түсетін антропогендік жүктеменің артуына себепші болып отыр. Қаланың тазалығы тек коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана емес, сонымен бірге әрбір азаматтың экологиялық санасы мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Әсіресе, құрылыс алаңдары, өнеркәсіптік нысандар мен жүктемесі жоғары магистральдар маңында жағдай күрделі.
Баспасөз туры аясында «Астана Тазалық» пен Кәсіби технологиялар колледжі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат – санитарлық қызмет пен қаланы абаттандыру саласына жаңа мамандар даярлауға бағытталған маңызды қадам. Алғаш рет колледж студенттеріне кәсіпорын базасында ақылы өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігі ұсынылды. Алдағы уақытта бұл бағдарлама кеңейтіліп, осындай мүмкіндік басқа да оқу орындарының студенттеріне берілмек.
Қатысушылар, сондай-ақ, компанияның цифрлық бақылау жүйесімен танысты. Техникалық бақылау бөлімінің басшысы Дастан Мұсабековтің айтуынша, барлық техникаларға орнатылған жаңа буын GPS-навигациялар арнайы машиналардың қозғалысын да, жүргізушілердің тәртібін де нақты уақытта бақылауға мүмкіндік береді.
«Қазіргі жүйе техниканың қай жерде екенін ғана емес, жүргізушінің маршруттан ауытқуын, ұзақ тұрып қалуын немесе тіпті ұйықтап кеткенін де тіркейді. Мұндай технологиялар тәртіп пен қауіпсіздікті арттырып, жұмыстың сапасын да жақсартады», деді Д.Мұсабеков.