Елімізде заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару жалғасып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері туралы өткен кеңесте қайтарылған активтер мен мүліктер талан-таражға түспеуін қадағалауды қатаң ескерткен болатын. Президенттің тапсырмасына сәйкес бұл қаражат барлық өңірде жүздеген әлеуметтік нысан құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына жұмсалады.
Қайтарылатын қаражат Қаржы министрлігінің жанынан құрылған Арнаулы мемлекеттік қорға түседі. Бүгінде қаржының басым бөлігі әлеуметтік маңызы жоғары инфрақұрылымды жандандыруға бөлінді. Қазірде жалпы құны 318 млрд теңге мөлшерінде 406 жобаны қаржыландыру мақұлданды. Оның ішінде 9 білім беру нысаны, спорт саласындағы 3 нысан, денсаулық сақтау саласындағы 162 жоба, сумен жабдықтау саласындағы 159 жобаны қосқанда 333 жоба іске асырылып жатыр.
Барлық жоба Мемлекет басшысының әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылады. Білім беру нысандары сапалы білімнің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді. Спорт нысандары бұқаралық спортты дамытуға, саламатты өмір салтын қалыптастыруға серпін береді.
Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев шалғайдағы елді мекендерде әлеуметтік нысандардың салынуы тұрғындардың ауылдан көшпеуіне себеп болатынын айтады.
«Еліміз – әлеуметтік мемлекет. Президент әлеуметтік мәселелерге үнемі ерекше мән беріп, жауапкершілік жүктеп келеді. Қайтарылған активтердің қаражаты есебінен 400-ден аса әлеуметтік нысан салынуы көптеген түйткілдің түйінін тарқатуға септігін тигізеді. Жылдан-жылға қайтарылған қаржыға салынатын нысандар саны да арта түспек. Ауыл – ұлтымыздың алтын қайнары. Сол ауылдық жердегі ағайынның әлеуетін көтеруде ең әуелі әлеуметтік мәселе туындамауға тиіс. Ауызсудан тарықпауы қажет, инфрақұрылымның да игілігін көруі керек. Басы ауырып, балтыры сыздаған адам шалғайдағы аудан орталығына сабылмай-ақ, ауылдық округтегі емханадан тиісті ем-домын алатындай жағдай жасалуы қажет. Мектеп оқушылары да заманауи технологиямен жабдықталған кабинеттерде білім алуға тиіс. Сондықтан да қайтарылған активтердің әлеуметтік саланы күшейтуге жұмсалуы құптарлық іс», дейді депутат.
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Шалғайдағы елді мекендерде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында медициналық мекемелер салынады.
Су құбыры желілерінің құрылысы 2025 жылға дейін еліміздің барлық қаласы мен ауылын толықтай таза ауызсумен қамтамасыз етудің стратегиялық мақсатына сәйкес жүргізіліп келеді. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту жолындағы маңызды қадам.
Өңірлерде қайтарылған активтер қаражаты есебінен білім беру мекемелері, спорт кешендері, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау нысандарының құрылысы қарқын алды. Мәселен, Астанада ескі стадионның орнына Қ.Мұңайтпасов атындағы жаңа стадион салынып жатыр. Жабық спорт ғимараты мүгедектігі бар азаматтарға арналған орындарды қосқанда, 3 598 орынға есептелген. Құрылыс UEFA-ның халықаралық стандарттарына сәйкес жүргізіледі.
Алматыда қайтарылған активтер қаражаты есебінен сумен жабдықтау жүйесін салу жөніндегі 9 жоба құрылысы жүріп жатыр. Шымкент қаласындағы «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» кешенінің тәрбиеленушілеріне арналған 300 орындық жатақхана салынады. Шығыс Қазақстан облысында да қайтарылған активтерге ауқымды жоба жүзеге асырылады. Арнаулы мемлекеттік қордан Гематология орталығының құрылысын толық аяқтауға қомақты қаржы бөлінді. Бас ғимаратта заманауи медициналық жабдықтармен зертханалар, радиациялық диагностика, кардиология, кардиохирургия, гематология, сүйек кемігін трансплантациялау, күрделі соматика бөлімшелері жабдықталады. Жаңа орталық науқастарға емдеудің, оңалтудың озық әдістеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірде қайтарылған активтер есебінен тағы 8 жоба: денсаулық сақтау саласында – 2, сумен жабдықтау бағытында 6 жоба іске асырылып жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысында да өңірді сумен жабдықтауды жақсартуға бағытталған жобалар атқарылады. Қор қаражаты есебінен Соколов, Булаев, Пресновский топтық су құбырларын қайта жаңарту, сондай-ақ Көкшетау топтық су құбырына қосылған Айыртау ауданы мен Шал ақын ауылдық елді мекендерінде жаңа су құбырлары мен бұрмалар салынып жатыр.
Қарағанды облысындағы 7 ауданда 51 денсаулық сақтау нысанын, оның ішінде дәрігерлік амбулаторияларды, сондай-ақ фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункттерді салу жоспарланып отыр.
Ақмола облысында денсаулық сақтау, сумен жабдықтау, спорт саласында 38 жоба жүзеге асырылып жатыр. Қайтарылған активтер есебінен екі медициналық нысан салынды. Аршалы ауданының Арнасай ауылында 2 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді, Бұланды ауданының Алтынды ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Енді үш елді мекеннің бір мыңнан астам тұрғыны уақтылы медициналық көмек алуға аудан орталығына сабылмайды.
Ақтөбе облысында да қайтарылған активтер есебінен жаңа білім беру мен денсаулық сақтау нысандары салынады. Өңірде әлеуметтік маңызы жоғары 12 жоба қолға алынды. Солардың бірі – Ақтөбе қаласындағы ерекше балаларға арналған арнайы балабақша.
Қордан Абай облысында әлеуметтік маңызы бар 24 нысанды жүзеге асыруға қаржы бөлінді. Өңірде жаңадан сумен жабдықтау желілері, сондай-ақ медициналық мекемелер салынады.
Атырау облысында денсаулық сақтау, білім беру, сумен жабдықтау салаларында бір нысаннан салынады.
Жетісу облысында білім беру, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау салаларында 22 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Алматы облысында жаңа спорт нысандары, сумен жабдықтау желілері мен медициналық мекемелер салынады. Үкіметтің шешімімен бөлінген қаражат Кеген ауданы Жалағаш ауылында спорт кешенін салуға пайдаланылады.
Жамбыл облысында 19 жоба салынады. 4 жоба денсаулық сақтау саласында, тағы 15 жоба сумен жабдықтау желілерін салуға бағытталып отыр.
Батыс Қазақстан облысында жыл соңына дейін фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар, сондай-ақ су құбырларын салу жөніндегі 25 жобаны тапсыру жоспарланған.
Маңғыстау облысында қайтарылған активтерге бір денсаулық сақтау нысаны салынады. Қостанай облысында сумен жабдықтау желілері түбегейлі жаңартылады. Сондай-ақ өңірде денсаулық сақтау, білім беру нысандарын салу жоспарланып отыр. Түркістан облысында бір білім беру объектісін салу, сондай-ақ өңір тұрғындарын сумен қамтамасыз етуге қатысты 35 жоба іске аспақ.
Павлодар мен Қызылорда облыстарында сумен жабдықтау желілері мен медициналық мекемелердің құрылысына арналған бірнеше жобаны іске асыру жоспарланған. Ұлытау облысында жаңа білім беру, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау нысандары салынады. Осылайша, қайтарылған қаражат негізінен әлеуметтік нысандар салуға бағытталып отыр.