• RUB:
    6.69
  • USD:
    523.46
  • EUR:
    600.04
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 08:55

Қалижан Қобландин: Полиция мамандары заман талабына сай даярланады

30 рет
көрсетілді

Заң мен тәртіп салтанат құрмай, әділетті мемлекет орнату мүмкін емес. Ал қоғамда заң мен тәртіптің сақталуын қадағалаушы – полиция қызметкерлері. Осы орайда ішкі істер органдары үшін маман даярлайтын іргелі оқу орны М.Есболатов атындағы Алматы академиясы туралы әңгіме қозғаудың реті келіп тұр. 68 жылдық тарихы бар оқу ордасы бүгінге дейін 25 мыңға жуық кәсіби маман даярлап, олардың ішінен 40-тан аса генерал мен ғылым докторы шықты. Біз академия бастығы, полиция полковнигі Қалижан Қобландинмен сұхбатта салаға қатысты сан сұрақтың жауабын алдық.

– Қалижан Жеңісбекұлы, ІІМ-ге қарасты бірнеше академия жұмыс істейтінін білеміз. Сіз басқарып отырған оқу орнының ерекшелігі мен білім беру бағыты қандай?

– Алдымен біздің академияның неліктен ІІМ оқу орындарының ішінде қарашаңырақ деп аталатынына тоқтала кетейін. Мекеменің іргетасы 1956 жылы қаланған. Содан бергі тарихқа тереңдемей-ақ, тәуелсіздік алған жылдардағы өзгерістерді айтсам, 1996 жылы Алматы Мемлекеттік тергеу комитеті құрылған кезде Тергеу мектебі, кейін 1998 жылы ІІМ Алматы заң институты болып қайта құрылып, академия дәрежесіне дейін жетті. 2017 жылы оқу орнына милиция генерал-­майоры Мақан Есболатовтың есімі берілді.

Ал сұраққа келетін болсақ, біздің академия – «Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл», «Цифрлық криминалистика», «Жол қауіп­сіздігін қамтамасыз ету» атты жаңа маман­дықтар бойынша полиция кадрларын даярлайтын елдегі жалғыз ведомстволық жоғары оқу орны. Сонымен қатар құқық қорғау қызметі, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл, ішкі істер органдарының қызме­тін IT-криминалистикалық қамтамасыз ету және ақпараттық-техникалық қамтамасыз ету, әкімшілік-құқықтық мамандану (жол қауіпсіздігі), сотқа дейінгі тергеп-тексеру мамандықтары бойынша білім береді.

Сондай-ақ есірткі қылмысына, ұйымдасқан қыл­мысқа, киберқылмысқа, экстремизмге қарсы күрес, идеология мен имидж бойын­ша қызметкерлерге арналған біліктілікті арттыру курстарын да оқытамыз. Бұған қоса академияда Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі маман даярлау орталығы бар. Бұл орта­лық киберқылмыстарды ашу мен анықтау жұ­мыс­тарын жүргізетін мамандардың білік­тілігін арттырады. Түрлі халықаралық ұйымдармен, шет мемлекеттердің елшілік­терімен және өзіміздің жетекші жоғары оқу орын­дарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, республикалық және халықаралық дең­гейде семинар, вебинар және дөңгелек үстел өткізумен қатар ғылыми тәжірибелер де жасап жатыр.

– Білім беру үдерісінде қандай ерекше­лік бар?

– Басты ерекшелік – теория мен тәжірибенің үйлесімділігі. Біз білім алушыларға нақты өмірде кездесетін жағдайларға дайын болуды үйретеміз. Жауынгерлік әзірлік, арна­йы полигондардағы сабақтар, оқу бағ­дар­ламаларындағы интерактивті әдістер – бар­лығы курсанттар мен тыңдаушылардың кәсіби дағдыларын шыңдауға бағытталған. Сабақ­тарды ішкі істер саласында көп жылдық тәжірибесі бар білікті мамандар жүргізеді.

2023 жылдан бастап серіктес жоғары оқу орны – Алматы менеджмент университетімен (AlmaU) бірлесіп қос дипломды білім беру бағдарламасын іске асырып келеміз. Біздің курсанттарымыз «Ішкі істер органдарының қызметін ІТ-криминалистикалық қамтамасыз ету» және «Бағдарламалық қамтамасыз ету инженериясы», «Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету» бағдарламалары бойынша оқып, қос диплом алады.

Біз тек білім беру емес, сонымен қатар қоғамда заң мен тәртіпті нығайту және жас­тарды тәрбиелеуде ауқымды жұмыс атқарып келеміз. «Полициядағы бір күн», «Мобильді академия», «ТілЕК», «Жест тілі» сияқты ірі жобаларымыз бар. Мәселен, «Мобильді академия» жобасы аясында академияның тәжірибелі мамандары республиканың барлық аумағын аралап, өңірлік Полиция бөліністерінің қызметкерлері үшін арнайы тренингтер өткізеді.

Ал «Полициядағы бір күн» жобасы – халықпен, оның ішінде жастармен тікелей байланысудың тиімді үлгісі. Мысалы, академия қызметкерлері жастармен кездесу өткізіп, полиция қызметінің ерекшеліктерімен таныстырады. Жоба талаптарының бірі – оқушылар мен студенттер бір күн өзін полицияның образында сынап көре алады. Осы жұмыстардың бәрі курсанттар мен полицейлердің халықпен, жастармен тікелей байланысын нығайтуға, оларға моральдық-этикалық тұрғыдан тәрбие беруге ықпал етеді.

– Қазір өмірдің қай саласында болсын ұшқышсыз ұшатын аппараттардың бәсі жоғары болып тұр. Сондықтан әскери дронды меңгеру – заман талабы. Сіздерде бұл мамандық оқытыла ма?

– Әрине, оқытамыз. Жалпы ұшқышсыз авиация құралдары қазір майдан даласын­да ғана емес, бейбіт өмірде де, атап айтқанда, ауыл шаруашылығында, логистикада, инфра­құрылым мониторингінде, құтқару жұмыстарында белсенді қолданылып жатыр. Ішкі істер органдарында ұшқышсыз басқарылатын дрондар республикалық маңызы бар трассалардағы көлік қозғалысын бақылайды. Сондай-ақ әуеден патрульдеу көлік кептелісі болатын ірі қалалардағы жол­дардың ахуалына бақылау жүргізу және жалпы талдау жасау, мегаполистің негізгі магис­тралдарын зерттеу, жол кептелісінің туындау себептерін анықтауға мүмкіндік береді.

Жуырда Алматы академиясы мен «DroneTech» компаниясы арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. «DroneTech» – ұшқышсыз ұшу аппараттары саласында жетекші орын алатын, бұл бағытта оқыту және дрондарды білім беру саласына енгізуде тәжірибесі мол компания. Академия алдағы уақытта компаниямен бірлесе отырып ішкі істер органдарына арналған оқу курстарын өткізуді жоспарлап отыр. Өйткені полиция қызметкерлерінің дрондарды кәсіби қызметте пайдалана білуі – аса маңызды талаптың бірі. Бұл орайда да біраз жетістігіміз бар. Мысалы, жуырда Алматы академиясының командасы «Capture The Flag» форматы бойынша Қытай мен Ресей секілді әлемдік рейтингке енген елдердің командалары қатысқан киберқауіпсіздік жөніндегі халықаралық турнирде үздік ондыққа кірді.

– Қазіргі жастардың полиция болуға деген ұмтылысы қандай? Олармен қандай да бір жұмыс жүргізесіздер ме?

– Бұл орайда ауыз толтырып айтуға болатын жаңалық баршылық. Соның бірі – бүгінде Ішкі істер министрлігінің бастамасымен еліміздің мектептерінде «Жас сақшы» сыныптары ашылып, полиция болуды армандайтын балаларға бағыт-бағдар беріледі. Алматы академиясы тарапынан да жуырда қаладағы №99 жалпы білім беретін мектепте «Жас сақшы» кадет сыныбы ашылды. Сондай-ақ академия В.Г.Белинский атындағы мектептің «Жас сақшы» полиция сыныбын шефтік көмекке алып, болашақ құқық қорғаушыларды тәрбиелеуге, оқушылардың патриоттық рухын көтеруге және олардың құқықтық білімін арттыруға атсалысып келеді. Академия мен жоғарыда аталған «Жас сақшы» сыныптары арасындағы ынтымақтастық аясында бірлескен іс-шаралар, танымдық сабақтар мен тәжірибелік кездесулер ұйымдастырылады. Жас сақшыларға академия арнайы экскурсия ұйымдастырып, оларға оқу ордасының тарихы, оқу үдерісі және болашақ полиция қызметкерлерін даярлау ерекшеліктерін таныстырады. Бұл жоба жас буынның құқықтық сауатын арттырып, полиция қызметіне деген қызығушылығын оятатыны сөзсіз.

Ел полициясының беделін арттыру мен ішкі істер органдарына талантты жастарды тарту үшін кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізу мақсатында «Kazdream special systems» компаниясымен бірлесіп, жыл са­йын 11-сынып оқушылары арасында «Жас із кесуші» және «Жас IT-дарын» конкурстарын ұйымдастырамыз. Байқау барысында жастар полиция жұмысында қолданылатын цифрлық құралдармен, киберқылмысқа қар­сы жұмыс тәсілдерімен танысады. Өйткені киберқылмысқа қарсы күрес заманауи технологиялар ғана емес, мамандардың кәсіби біліктілігін үнемі арттыруымен ғана өз нәтижесін береді.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»