Қазақстанда алғаш рет техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері халықаралық деңгейде кәсіби құзыреттерін растай бастады. Бұл бастама Жұмысшы мамандықтар жылы аясында қолға алынып, білім алушылардың нақты дағдыларын мойындаудың жаңа құралы ретінде енгізіліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, жаңа жүйе Certiport халықаралық платформасы негізінде іске қосылып, қазіргі таңда елдің бес колледжінде пилоттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Алғашқы ресми тестілеу орталығы «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы базасында ашылған.
Айта кетейік, Certiport – Ұлыбританиялық Pearson компаниясының құрамына кіретін, кеңсе бағдарламалары мен цифрлық технологиялар саласында сертификат беретін әлемге танымал платформа. Аталған сертификаттар 150-ден астам елде мойындалып, студенттерге шетелде тағылымдамадан өтуге, жұмысқа орналасуға және жаһандық еңбек нарығына шығуға жол ашады.
«Қазіргі таңда колледж түлектеріне тек диплом емес, нақты дағдыларын растауы да қажет болуда. Халықаралық сертификаттау оларға Қазақстанда да, шетелде де жаңа мансаптық мүмкіндіктер ашады», деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.
Алғашқы емтихан сессиясы ASTANA POLYTECHNIC жоғарғы колледжінің базасында өткен. Тестілеу нәтижесінде төрт студент өз біліктілігін сәтті дәлелдеп, халықаралық сертификаттарға ие болған. Атап айтсақ, Дмитрий Карпюк – киберқауіпсіздік маманы, Арсений Цыплаков – киберқауіпсіздік маманы, Рашид Хисматуллин – киберқауіпсіздік маманы және Әдемі Қабдолла – JavaScript бағытындағы IT-маман.