• RUB:
    6.65
  • USD:
    521.57
  • EUR:
    601.01
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 15:05

Сәтбаев геологиялық универсиадасы мәресіне жетті

20 рет
көрсетілді

15–21 маусым аралығында Satbayev University бастамасымен және ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің қолдауымен II Қазақстандық геологиялық Универсиада «Сәтпаев» табысты өтті, деп жазады Egemen.kz.

Іс-шараның негізгі алаңы — А. Сәгінов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Қарқаралы қаласындағы «Политех» оқу-геологиялық полигоны болды.

Универсиада еліміздің барлық өңірлерінен келген студенттерді, магистранттарды, оқытушыларды және сала мамандарын тоғыстырды. Бұл іс-шара геологиялық ғылымға деген қызығушылықты арттыруға, тәжірибе алмасуға және болашақ мамандардың практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған.

II Геологиялық Универсиаданың жеңімпаздары:

• I орын — Семей геологиялық барлау колледжі

• II орын — Назарбаев Университеті

• III орын — Қазақ-Британ техникалық университеті (ҚБТУ).

Жеңімпаздарға дипломдар, сертификаттар және ақшалай сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, Satbayev University ректорының атаулы гранты мен ҚР ӨҚМ Геология комитетінің алғыс хаттары берілді.

Марапаттарды Универсиаданың бас ұйымдастырушысы — PhD докторы, Satbayev University-дің «Геологиялық түсіру, пайдалы қазбалар кен орындарын іздеу және барлау» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Максат Кембаев табыстады.

Салтанатты ашылу рәсімі барысында Satbayev University ректоры мен А. Сәгінов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ректоры келесі, III Қазақстандық геологиялық Универсиада Өскемен қаласындағы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті базасында өтетінін ресми түрде мәлімдеді.

«Сәтпаев» Универсиадасы жас геологтардың жоғары кәсіби даярлығын көрсетті және Қазақстанда геологиялық ғылымға деген қызығушылықтың тұрақты түрде артып келе жатқанын дәлелдеді. Satbayev University барлық қатысушылар мен серіктестерге шынайы алғысын білдіре отырып, геология ғылымын ілгерілету бағытында одан әрі ынтымақтастыққа шақырады.