• RUB:
    6.65
  • USD:
    521.57
  • EUR:
    601.01
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 09:00

Су тәуекелдерін басқару жөніндегі өңірлік штабтар құрылады

20 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов вегетациялық кезеңді өткізу мәселесі бойынша кеңес өткізді.

Онда еліміз бойынша, сон­­дай-ақ су тұтынудың 97%-ын құрай­тын оңтүстік өңірлердің ахуалы, сонымен қатар ауыл шаруа­шылығында егіс құрылы­мын қазіргі жағдай­ға бейімдеу және ылғалды аз қажет ететін дақыл­­дарға көшу, су үнемдеу тех­но­логияларын енгізу бойын­ша ауыл шаруашы­лығында қабыл­данып жатқан шаралар қаралды.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің, Түркістан, Жам­был, Қызылорда, Алматы және Жетісу облыстары әкімдерінің баяндамасы тыңдалды.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәлі­меті бойынша, «Қазсушар» РМК филиалдары ауыл шаруашы­лығы өндірушілеріне су беруді ұйымдастырды. Бүгінде 22,5 мың келісімшарт жасалды, бұл өткен жылдың сәйкес көрсеткіші­нен 3 мыңға артық.

Талқылау барысында Шу, Талас және Сырдария өзендеріндегі жағдай, суды бөлудегі ашықтықты қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды. Су үнемдеуді ынталандыру мақсатында елімізде егіндік суға арналған субсидиялардың сара­­ланған мөлшері енгізілді: су үнем­деу технологияларын пайдаланатын шаруалар үшін мұндай технологияларды қолданбайтындарға қарағанда – субсидиялар мөлшері жоғары. Сонымен қатар суды заңсыз пайдаланумен күресу және су ұрлау фактілерінің алдын алу шаралары қабылданып жатыр.

Премьер-министр шаруалар­дың қажеттіліктерін су ресурс­тары­­мен қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығының сұраныс­тарын қанағаттандыру көбірек назар аударуды талап ететінін атап өтті.

«Тиімділікке, үнемділікке және ведомствоаралық келісім­ділікке баса назар аудара отырып, су тәуекелдерін алдын ала басқаруға көшу қажет. Облыс әкімдері сумен жабдықтау ұйымдарының егіндік сумен шаруаларды қамтамасыз ету, суару технологияларын сақтау, суару реттілігі және коллек­тор­лық-дренаждық суды қай­та пайдалану жөніндегі іс-қимыл­дарын үйлестіруді қам­тама­сыз етуге тиіс. Су үнем­деу техн­оло­гия­ларын енгізу жұмыс­тарын күшейту қажет. Мүдделі мемлекеттік органдар мен фермер­лер бір­лестіктері өкілдерінің қатысуымен вегетациялық кезеңде су тәуекелдерін басқару жөніндегі өңірлік штабтар құруды тапсырамын. Суды заңсыз пайдалануды бақылауды күшейту және бұзушылықтарды анық­тау жұмыстарын жандандыру ма­ңызды», деп атап өтті О.Бектенов.

Су ресурстары және ирригация министрлігіне көршілес елдермен трансшекаралық өзендер бойынша ынтымақтас­тықты нығайту, су беру лимит­терін бақылауды күшейту және жедел әрекет ету, құрылыстарға жөндеу жүргізу тапсырылды.

Сондай-ақ спутник дерек­терін пайдалана отырып және интерактивті карталарда су тапшы аймақтарды көрсету арқылы суды пайдаланудың цифрлық мониторингін енгізуді қамтамасыз ету қажет.

Үкімет шаруаларды сумен қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдауда, вегетациялық кезеңнің өту барысы тұрақты бақылауда. Аталған жұмысты үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.