Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарын сарапқа салатын беделді «QS World University Rankings 2026» нәтижелері жарияланды. Бұл жолғы жаһандық рейтингте Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 317 орынға көтеріліп, үздіктер қатарынан көрінді.
Елордадағы Еуразия ұлттық университеті – еліміздегі маңдайалды оқу орындарының бірі. Бұған дейін де біраз жетістікке қол жеткізген ол осымен екінші жыл қатарынан халықаралық бәсекелестік ортада өсу қарқынын көрсетіп отыр.
Сондай-ақ аталған оқу орны «Жұмыс берушілер арасындағы бедел» және «ПОҚ-студенттер арақатынасы» көрсеткіштері бойынша үздік жүздікке енді. Бұл университеттің шетелдік оқытушылар мен студенттерге тартымдылығын одан әрі арттыра түсті.
QS аға вице-президенті Бен Саутердің айтуынша, әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарымен алшақтықты жою үшін қазақстандық университеттер қазіргі заманғы ғылыми күн тәртібіне ықпалын арттыруға, халықаралық зерттеу жобаларына қатысуға және академиялық ортадағы беделін одан әрі нығайтуға күш салуы қажет.
QS рейтингі университеттерді 9 өлшемі бойынша бағалайды. Біріншісі, «академиялық бедел», екіншісі, «бір оқытушыға шаққандағы дәйексөз саны», үшіншісі, «жұмыс берушілер арасындағы бедел», төртіншісі, «жұмысқа қабілеттілік», бесіншісі, «оқытушылар мен студенттердің арақатынасы», алтыншысы, «халықаралық профессор-оқытушылар құрамының үлесі», жетіншісі, «халықаралық ғылыми ынтымақтастық», сегізіншісі, «халықаралық студенттердің үлесі» және тоғызыншысы «тұрақтылық».
Биыл QS рейтингіне 106 мемлекеттен 1501 жоғары оқу орны, оның ішінде біздің елімізден 20 университет кіреді.