Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық және «Жұлдыз» индустриалық аймақтарында үш өндіріс орны ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кәсіпорындардың ашылу салтанатында сөз сөйлеген қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мегаполис экономикасы мен өндіріс саласы үшін бұл айтулы күн екенін жеткізді. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барша азаматтарға алғысын білдіріп, кәсіпорынды іске қосқан компаниялардың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Айта кету керек «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында іске қосылған өндіріс ошағының бірі «BIK Kanc» ЖШС. Онда А4 және А3 форматтағы кеңсе қағазының өндірісі басталды. Жобаның жалпы құны 500 миллион теңгені құрайды. Зауыт жылына 3,5 миллион дана қағаз қаптамасын шығарып, 35 тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етеді.
Екінші кәсіпорын ЖК «ZeineP» фирмасы. Кәсіпорын бүгіннен бастап жылына 10 мың тоннаға дейін дезинфекциялық құралдар өндіруге кірісті. Мұнда 80 адам еңбек етеді. Өнімдер ішкі нарықпен қатар, ТМД елдеріне де экспортталатын болады.
Үшінші кәсіпорын туралы айтсақ, «Жұлдыз» индустриялық аймағында орналасқан «Sauran Bricks» ЖШС-нің автоклавты газды бетон шығаратын зауыты пайдалануға берілді. Бұл жоба – оңтүстік өңірді сапалы әрі қолжетімді құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып отыр. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 7,8 миллиард теңге. Зауыт толық қуаттылыққа шыққаннан кейін үш ауысымда 150 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 200 мың м³ көлемде (күніне 555 м³ немесе айына 16 500 м³) өнім шығаруға қауқарлы.
Жобаны іске асыру үшін «Жұлдыз» индустриялық аймағынан 5,2 гектар жер телімі бөлінген. Құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, өндірістік кешенге Қытайдың KEDA компаниясынан жеткізілген заманауи, автоматтандырылған құрал-жабдықтар орнатылған. Бұл өндіріс тиімділігін арттырып, шығарылатын өнімнің сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Аталған кәсіпорындардың іске қосылуы өңірлік экономиканың дамуына, құрылыс индустриясының жандануына, импортты алмастыруға және жаңа жұмыс орындарының ашылуына елеулі үлес қосады дейді мамандар.
Айта кету керек, маңызды үш өндіріс орнының ашылу салтанаты 19 маусым – Қала күніне қарай орайластырып өткізілді.
Шымкент