• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.55
  • EUR:
    596.03
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 12:50

Франциямен авиациялық байланыс нығайды

20 рет
көрсетілді

Авиациялық билік басшыларының кеңесі аясында Қазақстан мен Франция азаматтық авиация саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтерді. Индустрия және құрылыс министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мен Францияның Азаматтық авиация Бас басқармасының (DGAC) бас директоры Дамьен Каз ынтымақтастық туралы маңызды келісімге қол қойды, деп жазады Egemen.kz.

Бұл құжат – азаматтық авиация саласындағы өзара байланыстарды жүйелі түрде дамытуға бағытталған нақты қадам. Екі ел арасындағы жаңа келісім ICAO – Халықаралық азаматтық авиация ұйымының стандарттары мен тәжірибелерін енгізуге, саладағы жаһандық үрдістерге ортақ үн қосуға жол ашады.

Келісімге сәйкес, тараптар ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әуе қозғалысы мен кеңістігін тиімді басқару, қоршаған ортаны қорғау, соның ішінде экологиялық таза авиаотын түрлерін енгізу бағыттарында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Сонымен қатар әуежай инфрақұрылымын жетілдіру, экономикалық реттеу тетіктерін дамыту, заңнамалық тәжірибе алмасу мен кадрларды кәсіби даярлау – басты назарда.

Маңыздысы – құжат тек ниет пен міндеттемелер жиынтығы емес. Екі ел мамандары нақты жобалар аясында ақпарат және тәжірибе алмасып, оқыту бағдарламаларын бірлесе әзірлейді, бірлескен семинарлар мен конференциялар ұйымдастырады. Сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы кәсіби кадрлармен алмасу да жоспарланып отыр.

Бұл келісім – тек техникалық серіктестік емес, сонымен қатар сенімді әріптестікке негізделген, болашаққа бағытталған стратегиялық диалог. Ал авиация – ел мен елді, мәдениет пен нарықты жақындастыратын алтын көпір.