• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.55
  • EUR:
    596.03
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 09:02

Экологияны қорғау – ортақ міндет

20 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов су ресурстары мен қалдықтарды басқару мәселелеріне арналған «Қазақстан – Еуроодақ» диалогтік платформасының 17-отырысын өткізді.

Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, трансшекаралық ынты­мақтастықты дамыту, су пайдалану тиімділігін арттыру және циркулярлы экономикаға көшу шаралары талқыланды. Сонымен қатар Қазақстанның ЕО-мен экологиялық технологиялар енгізу, инвестициялар тарту және озық тәжірибелер алмасу саласындағы әріптестігінің келешегі қаралды.

Премьер-министр өз сөзінде еліміздің су балансына жүктеменің күшеюі жағ­дайында су ресурстарын ұтым­ды әрі орнықты басқарудың маңыз­дылығын атап өтті. Қазақстан Үкіметінің алдында тұрған міндеттерді ескере отырып, оның ішінде су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және су пайдаланудың тиімді­лігін арттыру, әсіресе ауыл шаруашылығында Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы трансшекаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып жат­қан бірқатар бастама оң бағалан­ды. Осылайша, Sustainable Energy Connectivity in Central Asia (SECCA) аясында тұрақты су пайдалану және энергия тиімділігін арттыру саласындағы пилоттық жобалар іске қосылды. Team Europe Initiative on Water, Energy and Climate Change өңірлік бағдарламасы Қазақстанның су секторына жеке инвестиция тарту құралы ретінде қызмет етеді. 

Қалдықтарды басқару мәсе­лесіне ерекше назар аударылды. Кейінгі 10 жылда Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 1%-дан 25%-ға дейін өсті. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 40%-ға дейін жеткізу жоспар­ланып отыр. Өндіруші жауап­кер­шілігінің кеңейтілген жүйе­сін енгізудің, қалдықтарды энер­гетикалық кәдеге жарату инфрақұрылымы мен техноло­гия­ларын дамытудың рөлі ерекше атап өтілді.

Премьер-министр Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы әріптестікті нығайту экология­лық инновацияларды енгізу, инфра­құ­рылымдық жобаларды бірлесіп жү­зеге асыру және «жасыл» күн тәр­тібін ілгерілету үшін жаңа мүм­кіндіктер ашатынына тоқталды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су ресурстарын орнықты басқару және халықаралық серік­тестермен, атап айтқанда, Еуро­палық Одақпен диалогті дамыту мәселелеріне үлкен мән береді. Бүгінгі кездесу – бұл жай ғана пікір алмасу емес, суды ұқыпты әрі әділ пайдаланатын болашақты бірлесіп қалыптастыруға арналған платформа, қалдықтар құндылық пен жаңа энергияның қайнар көзіне айналады, ал Қазақстан мен ЕО серіктестігі өңірдегі «жасыл» даму мен инновациялық көш­басшылықтың үздік үлгі­сіне айналады. Мүдделі тарап­тар­ды нақты жобаларды жүзе­ге асыру, технологияларды ен­гізу және экологиялық мінез-құ­лықты трансформация­лау үшін күш біріктіруге шақы­рамын. Қазақстан Үкіметі бұл мәселе­лерде сенімді серіктес болуға дайын», деп атап өтті О.Бектенов.

Еуропалық Одақтың диалог­тік платформасының отырысында ЕО Елшісі Алешка Симкич, Германия елшісі Моника Иверсен, Финляндия елшісі Янне Хейсканен, Нидерланд елшілігінің уақытша сенімді өкілі Мартин ван Бюрен; еуро­палық компаниялардан – Кав­каздағы және Орталық Азия­дағы Aqualia бизнесті дамыту жөнін­дегі директоры Иракли Бабухадия, «SOIL SOLUTION» ЖШС құрыл­тайшысы және Қазақстандағы Water&Soil компаниясының ресми өкілі Даниел Репасси, Орта­лық Азия және Кавказ аймағы­ның «Xylem» басқарушы директоры Лев Аппаков, MicroStep-MIS Slovak Consortium Solution for Water Management  аймақтық менеджері Абдулла Абдул-Разаков ұсыныстарын айтып, пікір қосты.

Еуропалық Одақтың ел­шісі Алешка Симкич ЕО-ның Қазақ­станның қалдықтарды басқару саласындағы негізгі жобаларын қолдауға дайын екенін атап өтіп, жергілікті институттарды Horizon Europe зерттеулер мен инновациялар бағдарламасына белсенді қатысуға шақырды.

Елші Моника Иверсен «Жасыл Орталық Азия» бастама­сы аясында және Team Europe қолдауымен Германия су ресурстары, энергетика және климат саласындағы өңірлік ынтымақтастықты дамытуды жалғастыратынын атап өтті. Негізгі жобалардың қатарында трансшекаралық өзендерді басқару бойынша тәжірибе алмасу, табиғи апат­тардың алдын алу үшін климат­тық профильдерді дайындау және су шаруашылығы компа­нияларының Қазақстанға бизнес – миссиясын ұйымдастыру бар.

Финляндия елшісі Янне Хейс­канен Қазақстанда өнер­кәсіптік және муниципалдық нысан­дарда ағынды суды тазарту­дың энер­гия­лық тиімді тех­нология­ларын ен­гізіп жатқан бір­қатар фин компа­ния­лар­ының тәжірибесімен таныстырды.

Нидерланд өкілі Мартин ван Бюрен Нидерланд пен Бенилюкс елдерінің компаниялары консор­циумының Ақтауда қуат­ы тәулігіне 150 мың текше метр болатын су тұщыту қондырғысын салу жобасын жүзеге асыруға дайындығы тура­л­ы хабарлады. Сондай-ақ гол­лан­диялық DRRS тобы отандық ма­ман­дармен бірлесіп жұмыс істей­­тін су тасқыны туралы ұлт­тық ерте хабарлау жүйесін құру жөніндегі бастамаға қолдау білдірілді.

Еуропалық компания өкіл­дерінің айтуынша, суды қайта пайдалану технологияларын енгізу, шығындарды азайту және су ресурстарын басқаруда цифрлық плат­формаларды пайдалану мәсе­­лелері өзекті. Өндірістерді лока­­­лизациялау, техникалық орт­а­­лықтар құру, тазарту құры­лыс­тарын математикалық модельдеу тәжірибесін кеңейту бо­йынша ұсыныстар айтылды.

Қойылған сұрақтарға қатыс­ты мемлекеттік органдар тарапынан су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров, экология және таби­ғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев, «Бәйтерек» хол­дингі басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ерсайын Хамитов жауап берді.