• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.55
  • EUR:
    596.03
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:15

«Дәрігер Talks»: «Amanat» партиясы дәрігерлердің басын қосты

20 рет
көрсетілді

«Amanat» партиясы денсаулық сақтау саласының бүгіні мен келешегі туралы ашық әңгімелесу мақсатында барлық өңірдегі 600-ден аса дәрігердің, медбикелердің, ғалымдардың, медициналық ұйымдар басшыларының және сарапшылардың басын қосты. «Дәрігер Talks» партиялық диалог алаңының II отырысына қатысушылар отандық медицинада орын алған жүйелі мәселелерді талқылап, оны шешу жолдарын ұсынды және тәжірибелерімен бөлісті.

Сөз басында Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов іс-шараға қатысушыларды өткен Медицина қызметкері күнімен құттықтады. Ол дәрігерлердің ел өміріндегі ерекше рөлін атап өтіп, денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселесі әр кез Мемлекет басшысының назарында екенін жеткізді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, медицина қызметкерлері бей­біт күннің батырлары деген атқа лайық. Бү­гін­де отандық медицина жарқын нәти­же көр­сетіп келеді. Дәрігерлеріміз санау­лы мем­лекетте ғана қолжетімді ең күр­делі транс­плантациялық операциялар жасайды. «Amanat» партиясымен бірге алға қой­ған ар­ман-мақсаттарыңызға жетіп, азаматтары­мыздың денсаулығы мен тұрмысын жақсарту жолында қалтқысыз қызмет етіп келесіздер. Бұл – біз үшін аса маңызды, – деді ол.

Мәжіліс төрағасы медицина қауымдас­тығының өкілдері партияның маңыз­ды тірегі екенін атап өтті. Себебі әрбір үшінші медицина қызметкері – «Amanat» мүшесі. Осы орайда «Дәрігер Talks» платформасы отандық медицина­ның өзекті мәселелері ашық талқылана­тын және оны одан әрі дамыту бо­йынша маңыз­ды міндеттер әзірленетін бірегей алаң­ға айналды. Мәселен, өзекті тақырыптардың бірі – ауылдағы медицина қызметкерлерінің тапшылығы. Аталған мәселені шешу мақсатында ауылдық жерге көшіп барған 700-ге жуық медицина қызметкеріне былтырдан бастап 100 ЕТЖ (шамамен 9 млн теңге) көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. Бұл норма «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасында қарастырылған еді.

Сондай-ақ депутаттық корпус пен Ден­саулық сақтау министрлігінің бірлес­кен жұмысы арқылы медицина қыз­мет­керлеріне біліктілік санаттарын беру­дің жаңа жүйесі өзгертілді. Мыңдаған дәрі­гер мен медбике тестілеусіз баламалы біл­ік­тілік деңгейін алды. Бұл – меди­цина қыз­меткерлерінің партияға жолдаған көптеген өтінішіне жауап ретінде қабылданған шешім. Бұған қоса Мәжілістегі «Amanat» фрак­циясының мүшелері дәрі-дәрмектер мен ме­дициналық қызметтерге 10% ҚҚС енгізу­ге қарсы­лық білдірді. Президент тап­сыр­масы бо­йынша дәрігерлерді кәсі­би сақтандыру жүйесі енгізілді: бұдан былай дәрігердің қателігінен орын алған шығындар мамандардың жеке қара­жаты­нан емес, бюджет есебінен жабылады.

Алайда отандық дәрілік препараттармен қамтамасыз ету, МӘМС жүйесінің ашықтығы сынды бірқатар мәселе әлі де бар. Медицина қызметкерлеріне қол жұмсау мәселесі толық шешілген жоқ. Бүгінде медицина қызметкерлері­нің кәсіби қызметіне өзге тұлғалардың кедергі келтіруінен қорғайтын нормалар күшейтілді. Сонымен қатар «Amanat» фракциясының мүшелері дәрігерлерге қатысты зорлық-зомбылық жасаған адамдар үшін жеке қылмыстық жауапкершілік қарастыру мәселесі бойынша түзетулер енгізуге бастамашылық етті.

Сондай-ақ іс-шара барысында Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев және Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова сөз сөйледі. Ал «Дәрігер Talks» партиялық диалог алаңына қатысушылар өздерінің жеке қалыптасу тарихымен бөлісіп, әріптестерімен бірге кәсіби сын-тегеуріндерді талқылады.

Мәселен, Қызылорда қаласындағы Көпбейінді облыстық аурухананың №1 тера­пия бөлімшесінің меңгерушісі, эндокринолог Елена Цхай болмашы гормонал­дық ақаулардың өзі күрделі мәселе туындатуы мүмкін екенін, сондықтан тәуекелді уақтылы анықтап, ем қабылдай бастау аса маңызды екенін айтты.

Қазақстан медициналық туризм қауымдастығының президенті Кристина Кривецтің айтуынша, Қазақстанда медициналық қызмет құны дамыған елдерге қарағанда айтарлықтай арзан, алайда емдеу сапасы әлемдік стандарттарға сай келеді. Бұл елімізге келетін шетелдік медициналық туристер үшін аса тартымды. Жыл сайын әлемдегі 45 мемлекеттің 10 мыңнан аса азаматы ем қабылдау үшін елімізге арнайы ат басын бұрады.

Жетісу облысы Ақсу ауданының жедел жәрдем фельдшері Саят Мырзаханов дәрігердің табандылығы мен тапқырлығы қанша­лықты маңызды екенін атап өтті. Мәселен, оған жаңбыр жолды шайып, көлікпен жүру мүмкін болмай қалған кезде атқа мінуіне тура келген екен. Осылайша, ол науқасқа уақтылы жетіпті. Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің радиология кафедрасының меңгерушісі Ерболат Ізтілеуов адам папилломавирусына қарсы екпеге немқұрайды қараудың қайғылы салдарына назар аударды. Семейдегі перинаталдық орталықтың неонаталдық блогінің басшысы Гүлжазира Дүйсекенова жүктіліктің 25-аптасында дүниеге келген салмағы небәрі 470 грамды құрай­тын қызды дәрігерлер қалай аман алып қалғанын айтты.

Петропавл қаласындағы Көпсалалы облыстық балалар ауруханасының консуль­та­тивтік-диагностикалық орталы­ғының меңгерушісі Арлан Балтабеков аппараттық теле­ме­дицинаны қолдану барысындағы жетіс­тік­термен бөлісті. Осы арқылы шал­ғай ауылдардың тұрғындары облыс орталы­ғына қатынамай-ақ тар бейінді медициналық көмекке қол жеткізіп жатыр. «Esen Foun­dation» қорының денсаулық сақтау саласына қатысты жобаларының жетекшісі Лейла Ишбаева Ақмола облысы Целиноград ауданында «Baquatty audan» қанатқақты жобасын жүзеге асырудың аралық қорытындысын ұсын­ды. Осылайша, менторлық жүйені енгізу арқылы ауылдағы 300 маманның Аста­надағы әріптестерімен тікелей кеңесу мүм­кін­дігі пайда болды.

Орталық клиникалық ауруханадағы нейрохирургия орталығының жетекшісі Мыңжылқы Бердіқожаев пен Алматыдан келген нейрохирург-дәрігер Марат Саршаев отандық дәрігерлер француз әріптестерін оқытып жатқанын мәлімдеді. Еліміздегі ең көне аурухананың нейрохирургтері шетелдік әріптестеріне шеберлік сағатын өткізіп, тікелей эфирде миға аса күрделі екі операция жасады.

Отырыс модераторы белгілі тележүр­гізуші Ирина Тен болды.

Кездесу соңында «Amanat» партия­сының төрағасы Ерлан Қошанов және Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова кәсіби қызметі барысында елге сіңірген еңбегі үшін бірқатар медицина қызметкерін марапаттады.