• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.55
  • EUR:
    596.03
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:48

Ізет пен күзет

20 рет
көрсетілді

Жүрегі таза, адамдарға тек жақсылық ойлайтын жандарды ізетінен танисыз. Олар көрген жерде бәйек болып, амандық-саулығыңызды сұрап, иіліп тұрады. Мұндай адамдарды көргенде «Бәрекелді! Көргенді бала екен ғой» деп сүйсініп қаласыз. Мен мұны неге айтып отырмын? Оған мына бір төмендегі оқиға себеп болды.

Көңілімде көптен қорда­ла­нып жүр­ген сауалға жа­уап алмақ болып әкімдікке бара қалдым. Шаруамды тез бітіріп қайтамын деп ойлағанмын. Маң­дайым тасқа тигендей жер болып қайтатынымды білсем, маңайына жолармын ба?

Есік алдыңда зіңгіттей-зіңгіттей екі жігіт тұр екен. Амандасып, хал-жағ­дай сұрадым. Әлгі жігіттің бірі маған сұрлана қарады. Екіншісі ұрлана қарады. «Бірнәрсе бүлдіріп қойдым ба?» деп қуыстана бастадым. Мыналар мені осы ұры санап тұр ма екен? Тінте қарағаны несі?

– Қайда барасыз? – деді еңгезердей күзетшінің бірі.

– Иә, қарағым! Бір сауалыма жауап алу үшін әкімге, болмаса орынбасарына жолығуым керек еді, – деп жөнімді айттым.

– Сонда не демексіз? – деп сұрады тағы бірі.

– Енді оны саған емес, әкімге айтамын ғой.

– Әкімнің қабылдауына жазылып па едіңіз? – деп сұрады күзетшінің бірі.

– Жоқ, қарағым! Жазылатындай жүдә жедел шаруам жоқ. Бар болғаны бір сұрағыма жауап алсам деп едім.

– Ол қандай сұрақ?

Енді мен қитығайын дедім.

– Жұмбақ. Сендерге айтуға болмайды.

«Мынау не деп тұр?» дегендей, екеуі маған қасқыр көргендей ешкікөзденіп қарады.

– Айтуға болмаса басқа жерге бары­ңыз, көке! Жұртқа кедергі келтірмеңіз. Сыртқа шығыңыз, – деп әлгінің бірі омыраулап мені ығыстыра бастады.

Мен шаруамды бітірмей қайтпай­тынымды айтып, табандап тұрып алдым.

– Шығыңыз! – деп әмір етті күзетшінің бірі.

– Ау, қарағым! Бұл мемлекеттік мекеме. Әкімдіктегілер қараша халықтың мұң-зарың тыңдау үшін отыр емес пе? Бірауыз сөз айтып шығайын, – деп бір табан шегініп, «тергеушілердің» алдында ізеттілік таныта бастадым.

Күзетшілер менен де басқа екі-үш кісінің жағасынан алғандай болып, сыртқа шығарып жіберді. Сол екі арада бала көтерген бір келіншек келді. Оның да шаруасы әкімде екен. Күзетшілер оны да кіргізбеді. Бір кезде келіншектің қолындағы бала шырылдап жылай бас­тады.

–  Жігіттер! Тым болмаса мына келін­шекті кіргізсеңдерші. Көріп тұрсыңдар, баласы қолды-аяққа тұрмай шырылдап жатыр, – деп мен енді өзімнің шаруамды ұмытып, келіншекке ара түстім.

Күзетшілер келіншекті де келістірген жоқ. «Миымыз су болып кетті» деп оны да сыртқа шығарып жіберді.

Сәлден соң екінші қабаттан бір жігіт түсті.

– Көке! Әкімнің қабылдауына жазыл­ған ба едіңіз? – деп сұрады менен.

– Жоқ.

– Онда сізді журналға тіркеп қояйын. Аты-жөніңізді, теле­фоныңызды жазып алайын, – деп әлгі жігіт қалам, қағазын қолына алды.

– Не шаруаңыз бар еді?

– Оны да осы журналға жазып қоя­сыңдар ма?

– Жоқ. Сұрап жатқаным да.

– Ендеше, әкіміңізге айтамын.

Бұл жігіт күзетшілерге қарағанда сыпайылау екен. Осы жерден тоқтады.

– Қайта беріңіз. Өзіміз хабарлаймыз. Телефонда болыңыз, – деді әлгі жігіт.

– Сонда қанша уақыт күтемін?

– Жақында қабылдауы өтіп кетті. Енді бір айдан соң қабылдайды.

Ал бір айдан соң мен айтқалы барған шаруамның түк те мәні қалмайтын еді. Басым салбырап үйге қайттым. Қоғам­дық сананың сиқы осылай болса, бас­қаларға не жорық? Мемлекет ха­лық үніне құлақ асып жатса, әкімдер неге бұл тап­сырманы орындамайды? Әлде олар басқа елде өмір сүріп жатыр ма? Қабылдамаса қабылдамай-ақ қой­сын, бірақ тым болмаса есігін күзетіп тұр­ған­дарға келушілерге сыпайылық, ізет көр­сету керек екенін айтып қоймас па екен?

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

жазушы