• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.55
  • EUR:
    596.03
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 08:17

Арман қанатындағы Аяла

20 рет
көрсетілді

Парадзюдодан Астанада өткен әлем біріншілігінде жекелей сында күміс, командалық сайыста әлем чемпионы атанған Аяла Мерекенің жетістігі мақтауға тұрарлық. Былтыр Париж паралимпиадасында қола жүлдеге қол созым жетпей қалған-ды.

2021–2022 жылдары Аялаға оңай болған жоқ. Аяғындағы жарақаты оның кәсіби мансабына тоқтау салып, татамиден уақытша алыстауына тура келді. Бала күнінен дзюдомен тыныстап өскен үлкен жүректің иесі арманынан бас тартпады. Екі жыл бойы іштей күресіп, дзюдоға деген құштарлығы мен отбасының қолдауының арқасында татамиге қайта оралды.

Тағдыр Аяланы бірде маңдайынан сипаса, енді бірде сынап та көрді. Аяғынан алған ауыр жарақат оның спорттағы жолын бөгеп, үлкен үзіліске мәжбүр етті.

«Жарақатыма дейін дзюдодан өткен халықаралық жарыстарда сынға түсіп шың­далдым. Әттең, нағыз жұлдызды шағым басталды-ау дегенде, тағдыр аяғымнан шалып, сүйікті ісімнен айырды. Сол кезеңде достарымның қатары азайып, ортам сиреді. Тіпті кейбір жаттықтырушыларым мені дзюдоның маңына жолатқысы келмеді. Көңіліме келгені де осы – сау кезде бәрі көтереді, басыңа іс түссе ешкімге керегің болмай қалады екен. Қаржылай көмек көрмеген соң, уақытында ем-домымды алуға қолым қысқа болды. Қиын сәтте қасымнан табылған тек ата-анам ғана, ол кісілерге айтар алғысым шексіз», дейді Аяла, кешегі күндерді көзі жасқа тола отырып еске алып.

Аяла бір жарым жылдан аса уақыт жа­рыс­тардан шет қалып қойғанына қарамастан, спорттан өз орнын қайта табуға бекінеді. Париж Олимпиадасына бірнеше ай қалғанда парадзюдо туралы естіп, жан-жақты зерттеп, құрбысы Ақмарал Науатбектен кеңес сұрап, татамиге оралады. Осылайша, Аяла алғашқы қадамынан-ақ төрт жылда бір өтетін әлемдік додаға жолдама жеңіп алды.

«Екі жылдық үзілістен кейін Париж ойындарына барып, бозкілемде күресу мен үшін күтпеген жетістік болды. Француз халқы спортты «классикалық» немесе «пара» деп бөлмейді екен. Барлық адамның мүмкіндігін тең санайды. Оны Паралимпиада ойындарында анық байқадым. Татамидегі екі спортшыға мыңдаған адам қолдау білдірді. Бұған дейін осыншама жанкүйерге бойым да, көзім де, құлағым да үйренбегендіктен, қатты толқыдым. Әлемдік деңгейде өнер көрсету былай тұрсын, жүздеген мемлекеттен жиналған халықтың алдында күш сынасудың өзіне психологиялық тұрғыда дайындық керек екен. Қазақ жанкүйерлеріне налитыным – параспортқа көп жанкүйерлік таныта бермейді. Мамырда Астанада өткен әлем чемпионатында бұл олқылық қатты бай­қал­ды», дейді қайсар қыз ішкі өкінішін жасыра алмай.

Былтыр Парижден елге оралған соң, Аяла денсаулығына көңіл бөліп, аяғына операция жасатты. Жарты жылдай тынығып, жат­тығуға қайта кірісті. Жуырда Астана тө­рінде өткен парадзюдодан әлем чемпиона­тына қатысып, күміс жүлде иеленді. Финалда Паралимпиаданың екі дүркін чемпионы, бра­зи­лиялық Алана Мальдонадоға есе жіберді.

Командалық тартыста ұлттық құрамамен бірге әлем чемпионы атанды. Жаһандық до­да кезінде жарақатынан құлан таза айық­паған еді. Құрбысының жағдайын жақсы білетін Париж Паралимпиадасының чемпионы Ақмарал Науатбек оған ырымдап өз шұлығын кигізіп жіберіпті. Спорт әлемінде ел намысын қорғап жүрген қос арудың бұл жарастығы – нағыз достықтың үлгісі.

Аяланың әр белдесуі – төзім мен табан­дылықтың көрінісі, көптеген жас спортшыға үлгі. Қайсар қыз алдағы уақытта Лос-Анд­желесте өтетін Олимпия ойындарында Көк туымызды көкке желбіретіп, Әнұра­нымыз­ды шырқатқысы келеді.

 

Аружан АБАЙҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 3-курс студенті