• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.55
  • EUR:
    596.03
Басты сайтқа өту
Таным Бүгін, 08:10

Шыбын жанның салмағы...

20 рет
көрсетілді

Қазақ шыбын жан дейді. «Шыбын жаным шырқырап», «шыбын жаным көзіме көрінді» деген сөз тіркестері таңсық емес. Кісі басы мен кеудесін көтеріп тұрған және оған қосымша қаншама жүкті арқалауға қуаты жеткен жанның салмағы әлде көлемі дейсіз бе, шыбындай-ақ. Құдайдың құдіреті деген осы шығар.

Атасы шыбын ғой, анау жолы аралар өз ішінде шарапқа мас болған араны өлім жазасына кесетіні туралы оқығанмын. Араға арақты кім әперсін? Кейбір гүл шырыны тұра-тұра ашиды екен де, өзінен-өзі шарапқа айналатын көрінеді. Оны ара байғұс білсін бе? Сылқия тойған сормаңдай қанаты сынған ұшақтай ұясына тұмсық тірегенде, күзеттегі ұялас­тары бас сап ұстап, басқа­ларға үлгі ретінде қанат­тары мен қол-аяғынан айырады, ақырында анау қина­лып өледі. Шыбын жаны­ңыз шырқырай ма?

Енді ғалымдар дрозофила аталатын қарапайым шы­бындарға кокаин беру арқылы адамзаттың наша­қорлық табиғатын зерт­теуге кірісіп жатыр. Ко­каин ащы, ал шыбындар ащыға жоламайды. Ға­лым­дар генетикалық әдістер арқылы шыбынның ащы дәмді сезу қабілетін жойған. Нәтижесінде, шыбындар кокаин тұтына бас­тады. Аз дозадан кейін олар қимылдап, жүгіріп кетеді, ал көп мөлшерде сал бола қалады. Қысқасы, есірткі қабылдаған адаммен ұқсас күйге түскен.

Бастысы, бұл – ғы­лым үшін үлкен жетіс­тік. Өйткені дрозофила шыбындарының генети­калық коды адаммен 75% сәйкес келеді, демек олар арқылы адамның ми­ын­дағы есірткіге байланысты өзгерістерді зерттеу­ге нақты мүмкіндік ашылып отыр.

Сонымен қатар мұндай шыбындар жануарларды қорғау заңына ілінбеген, ғалымдар этикалық және бюрократиялық шектеусіз жұмыс істей бере алады. Осылайша, бір грамм да салмағы жоқ шыбын адамзат тағдырына өлшеу­сіз қатер төндірген есірткі тәуелділігін жеңуге көмектесуі мүмкін. Бұдан ғылым мен адамгершілік арасындағы нәзік тепе-теңдікті байқаймыз.

P.S. Дүниедегі салмақтың бәрінің мәнін салмақсыздық арқылы шешуге боларын пайым қыла бермейміз, әрине.