• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.55
  • EUR:
    596.03
Басты сайтқа өту
Руханият Бүгін, 09:30

Әбіш Кекілбаевтың жеке архиві мемлекет қорына тапсырылды

70 рет
көрсетілді

Алаш руханиятының алыбы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығы – қазақ елінің тарихи жадындағы алтын арқау. Бүгін осы бір тау тұлғаның рухани мұрасын ұрпаққа аманаттап, келер буынға табыстау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне мемлекеттік сақтауға ресми тапсыруға арналған салтанатты шара ұйымдастырылды, деп жазады Egemen.kz.

Жиын барысында Әбіш Кекілбаевтың отбасы мүшелері мен қазақ қоғамының көрнекті қайраткерлері жүрекжарды лебіздерін білдіріп, абыз тұлғаның халқына сіңірген өлшеусіз еңбегін ерекше тебіреніспен еске алды.Іс-шара аясында архивтік құжаттарды тапсыру жөніндегі ресми келісімшартқа жазушының немересі Абыл Кекілбаев пен Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина қол қойды. Сондай-ақ салтанатты түрде арнаулы тақырыптық көрме ұсынылды. Көпшілік назарына ұсынылған құжаттар, сирек фотосуреттер, жазушының жеке заттары мен бұрын жарияланбаған тарихи бейнежазбалар жұртшылықты ерекше әсерге бөледі.

Айта кетейік, Президент Архивіне тапсырылған  22 мыңнан астам парақ және 308 сақтау бірлігінен тұратын рухани байлық. Оның ішінде жазушының көркем туындыларының түпнұсқалары, жеке қолжазбалары, саяси баяндамалары, ресми қызмет кезіндегі жазбалары, тіпті іссапарлық естеліктеріне дейін түгел қамтылған. Көпшілік біле бермейтін бір ерекшелік – Әбіш Кекілбайұлы барлық еңбегін қолмен жазған.

Мұндай ауқымды архивті сақтап, реттеп, мемлекет иелігіне тапсыру – үлкен жауапкершілік пен көрегендік. Бұл ретте жазушының ұрпақтары, әсіресе немересі Абыл Кекілбаев үлкен еңбек атқарған. Ол Президент Архивімен келіссөздерді екі жылдан астам уақыт бойы жүргізіп, әр құжатты сұрыптап, жинақтап, мемлекеттік қорға тапсырған.

«Біздің басты мақсатымыз – осы архивті жоғалтпай, оны дұрыс жағдайда сақтау және ғылыми айналымға енгізу. Президент Архивінде құжаттарды кәсіби сақтау жүзеге асырылып қана қоймай, оларды цифрландыру мен қалпына келтіру жұмыстары да жүріп жатыр. Кейбір жоғалған бөліктері қайта қалпына келтірілуі мүмкін. Ең бастысы – бұл материалдар зерттеушілерге, соның ішінде болашақ ұрпаққа қолжетімді болады. Архивпен келіссөзді біз екі жыл бұрын бастадық, ал 2025 жылы, Астанада жаңа ғимарат ашылатыны белгілі болған соң, нақты қадамдар жасалды – қолжазбалардың түгенделуі, жинақталуы және!тапсыру кезеңі ұйымдастырылды. Одан бөлек, жазба дәптерлері, іс-сапар кезіндегі естеліктері және жеке құжаттар да тапсырылды», деді Абыл Кекілбаев.

Жалпы Президент Архиві бүгінде 1,5 миллионнан астам сақтау бірлігін қамтиды. Оның ішінде ғылым, мәдениет, саясат саласында елге еңбегі сіңген тұлғалардың жеке қорлары бар. Енді сол тізімге Әбіш Кекілбайұлының архиві де қосылды.

«Әбіш Кекілбайұлы – терең ойлы, мемлекетпен елге адал қызмет еткен қайраткер. Ол Жоғарғы Кеңестің төрағасы, Мемлекеттік хатшы сияқты!жауапты қызметтерде болып, тәуелсіз елдің даму бағытына үлкен үлес қосты. Оның жеке архиві – егемен Қазақстанның қалыптасу кезеңіндегі саяси шешімдер мен тарихи оқиғаларды терең зерделеуге мүмкіндік беретін құнды дереккөз», деді Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина.

Сонымен қатар Президент Архиві соңғы жылдары архивтік құжаттарды цифрлық форматқа көшіруде үлкен жетістіктерге жеткен. Бүгінде 25 миллионнан астам құжат сандық жүйеге енгізілген, олардың 90 пайызы зерттеушілерге электронды түрде қолжетімді. Осы жолда Әбіш Кекілбаевтың да жеке архиві толықтай цифрландырылады.