• RUB:
    6.63
  • USD:
    518.81
  • EUR:
    596.27
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 08:53

Қаржы пирамидасының жолы кесілді

10 рет
көрсетілді

Елімізде жылдан-жылға қаржы пирамидаларының саны көбейіп барады. Олар адам кіргізсең, жылдам табыс табасың деп халықты алдап, сеніміне кіріп, бар ақшасын қағып алып жатыр. Сондай қылмыстық ұйымның бірі Шымкентте де пайда болды. Ол – атышулы «Назира голд» қаржы пирамидасы. Қаншама адамды сан соқтырған алаяқ қазір бес сыбайласымен бірге қамауда отыр. Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Алмас Манатұлы айтып берді.

Уәкілетті орган өкілінің мәлім­деуінше, Нәзира Нұржан өзінің сыбайластарымен бірге өткен жылдан бері интернетке алтын сататынын жариялап 4 мың адамды «Салған ақшаңның үстінен бес ай бойы 41 пайыздан пайда тауып отырасыңдар», деп өтірік уәдесіне сендірген. «10 млн теңге салсаңыз, 41 пайыздан ай сайын 4,1 млн теңге пайда табасыз. Бес айда табысыңыз 20,5 млн теңгеге шығады. Алтыншы айда бастапқы салған 10 млн теңгеңізді қайтып аласыз», деп уәдені үйіп төккен.

Құзырлы орган өкілінің айтуын­­­­ша, мұндай табысты ешқандай жұмыс беруші бере алмайды. Ондай уәдеге сенетін адамдардың қысқа қайырғанда қаржылық сауаты жоқ деген сөз немесе оңай ақша табу ниетімен көзсіз тәуекелге баратындар.

«Бизнесте рентабельдік деген ұғым бар. Бұл – кәсіпкерліктен түсетін пайданың көлемі. Қаржыгер мен экономистердің есебінше жылына 1–5% көлемінде пайда табу – төменгі рентабельді, 5–20% – орташа рентабельді, 20–30% жоғары рентабельді бизнес саналады. Ал «Назира голд» қаржы пирамидасы 200–300% аралығында пайда табасыңдар деген. Ақылға қонымсыз ғой. Мұндай пайда болса, жұрттың бәрі алтын сату­­мен айналысып кетпей ме? Әлеу­мет­тік желіде өзін күдікті Нәзира Нұржан­ның қорғаушысымын деп таныс­тырып жүрген Тілеужан Кіш­кенебаев деген азамат бар. Ол эко­номикалық тергеп-тексеру депар­таментіне Нәзираның қор­ғау­шысы ретінде бірде-бір рет бас сұқпаған. Тергеу ісіне де араласпаған. Себебі ол – ешқандай да адвокат емес. Республикалық адвокаттар алқа­сы­ның жауап хатына сәйкес Т.Кішкенебаевтың адвокаттық қызмет атқаруға лицензиясы жоқ болып шықты. Ол халық арасында шындыққа жанас­пайтын әртүрлі ақпарат таратып, салымшыларды Нәзираның үстінен арыз жазбауға үгіттеп жатыр. Оның Нәзира Нұржан серіктестерімен бірге мемлекетке 1,2 млрд теңге салық төледі деген ақпараты кірістер департаментімен ешқандай расталмады. Одан бөлек, Нәзираның жанында жүрген адамдары алтын бұйымдар сататын кәсіпкер ретінде тіркелмегені анықталды. Нәзираның өзі алтын сатты. Бірақ оның бәрін тек көзбояушылық үшін жасады», деді Алмас Манатұлы.

Департамент өкілінің айтуынша, нарықта саудагерлер алтынның 1 грамын 26 мың теңгеге сатып алады. 10 млн теңгеге 384 грамм алтын келеді. Оның әр грамын бөлшек саудада 30 мың теңгеден сатады. Сонда бастапқы 10 млн теңге 11 млн 538 мың теңге табысқа айналады. Яғни үстінен 1 млн 538 мың теңге таза пайда көретінін тілге тиек етті.  Сондықтан 200–300 па­­йыздап пайда табу деген бос қиял.

Қазақстан Бас прокурату­расы­ның, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, бұған дейін Нәзира Нұржан төрт рет қылмыстық жа­уап­­кершілікке тартылған екен. Оның үшеуі ұрлық, біреуі алаяқ­тық дерегі бойынша істі болған.

Нәзира басқарған алаяқтық топтың салымшылардан жинаған ақшасы, сатып алған жылжымайтын мүліктері, көлік басқа да заттары тәркіленді. Олардың жалпы сомасы 1,5 млрд теңгені құрайды. «Назира голд» қаржы пирамидасынан жаппа шеккен 104 азамат экономикалық тергеп-тексеру департаментіне арызданыпты. Жәбірленушілерге келтірілген залал көлемі 810 млн теңгені құрап отыр. Кейбір азаматтар қарызға несие алып, үйін сатып 130 млн теңгеге дейінгі ақшаны қаржы пирамидасына салып жіберген.

Құзырлы орган өкілінің мәлімдеуінше, сот ше­шімімен қаржы пирамидасынан тәркіленген мүліктер саты­лып, одан түскен пайда жәбірлену­ші­лерге толық қайтарылады. Ол үшін жапа шеккен салымшы­лар эко­номикалық тергеп-тексеру депар­таментіне келіп арыз жазуы қажет.

Былтыр Шымкент қаласында Қылмыстық кодекстің алаяқтық баптары бойынша 4 қылмыстық іс қозғалып, 14 адамның 13-і бас бостандығынан айрылған болса, биыл осы жағдайға ұқсас 8 іс тергеліп жатыр. Оның ішінде «Назира голд» қаржы пирамидасына қатысты іс те бар. Тергеу аяқталған соң істер толық сотқа жолданады.

 

ШЫМКЕНТ